Бұл қағидаттарды өңірлік деңгейде іске асыруға арналған тетіктер мен құралдарға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) секілді бірлестіктер жатады.
Бүгін біз еліміздің жоғарыда аталған ұйымдардың ішіндегі ҰҚШҰ-мен қатынасына аз-кем тоқталып өтуді жөн көрдік. Өйткені, биыл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл, ал осы Шарт негізінде ҰҚШҰ-ның халықаралық ұйым ретінде құрылғанына 15 жыл толып отыр.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа Ташкент қаласында 1992 жылғы 15 мамырда, яғни осыдан 25 жыл бұрын, алты мемлекет қол қойды. Олар: Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан. Ал 2002 жылғы 14 мамырда, нақтылай айтқанда 15 жыл бұрын, шартқа қатысушы елдер бұл көпжақты құжаттың негізінде нақты халықаралық ұйым құру туралы шешім қабылдады. Бүгінде ҰҚШҰ-ға алты мемлекет мүше ( ұйымнан шығып кеткен Өзбекстанның орнын Беларусь толтырды).
ҰҚШҰ-ның тарихында оның әрекеттеріне түрлі бағалар берілген. Мәселен, 2010 жылы орын алған Қырғызстандағы жаппай қақтығыстарды тоқтату үшін елдің сол кездегі президенті Роза Отунбаева ҰҚШҰ-ның жедел ықпал ету күштерін пайдалану туралы өтініш жасаған. Алайда, ұйым басшылығы Қырғызстанға әскерлерді жіберуден бас тартты. Уақытында бұл шешім «онда ҰҚШҰ неге керек?» деген сұрақты туындатып, ұйым қатаң сынға ұшыраған. Бірақ жылдар өте келе, аталған шешімді қабылдағандардың көрегендігі айқын болды. Өйткені, ел ішіндегі қақтығысқа шетелдік әскерлердің қатысуы шиеленісті бәсендетудің орнына кері нәтижеге алып келуі әбден ықтимал еді.
Ал Қазақстанға ҰҚШҰ-ның нендей пайдасы бар деген сауалға жауап іздесек, біріншіден, бұл ұйым шетелдік қару-жарақтарды, әскери және арнайы техникаларды жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл біздің әскери күштерімізді, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерімізді бюджет қаражаттарын үнемдей отырып, заманауи қару-жарақтармен және техникамен жабдықтауға жол ашады.
Сонымен қатар, ҰҚШҰ шеңберінде көпжылдық Әскери-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы бекітілді. Осы құжаттың бір талабы ретінде қару-жарақтар мен әскери техника саласында қызмет көрсетуге арналған орталықтардың жүйесін құру іске асырылуда. Бұл отандық әскери өнеркәсіптің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса, Қазақстан өз әскери қызметшілерін Ресей мен Беларусьтің әскери жоғары оқу орындарында ақысыз немесе жеңілдікпен оқыта алады. Еліміз, өз кезегінде, Армения, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген әскерилерге дәл осындай мүмкіндіктер береді.
Ұйым шеңберінде коалициялық және өңірлік негіздегі топтасуларды, бітімгершілік күштерді, құқық қорғау органдарын, сондай-ақ, ТЖМ органдарының арнайы мақсаттағы бөлімшелерін қамтитын ұжымдық қауіпсіздік жүйесі құрылған. Аталған бөлімшелердің әскери дайындығын жетілдіру және дамыту әрі әскери реттілік тетіктерін пысықтау мақсатында үнемі әртүрлі жаттығулар өткізіледі.
Жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге тоқталатын болсақ, қазіргі таңда ҰҚШҰ халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелеріне ерекше назар аударып отыр. Қазақстан өкілдерінің белсенді жұмыстарының нәтижесінде 2016 жылғы қазанда өткен ҰҚШҰ отырысында халықаралық терроризмге қарсы күреске қатысты іс-шаралардың тізбесі қабылданып, ҰҚШҰ пішімінде террористік деп танылған ұйымдардың бірыңғай тізімі бекітілді. Сонымен қатар, Қазақстанның 2012 жылы ұйымға төрағалық етуі кезеңіндегі басымдықтарын іске асыру мақсатында ҰҚШҰ-ның есірткіге қарсы стратегиясы қабылданды.
Жалпы, ҰҚШҰ шеңберінде өткізілетін іс-шаралар Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін, сондай-ақ, өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге маңызды үлес қосуда. Бұл арада ұйымның халықаралық аренадаға беделінің өсуіне, оның қалыптасуы мен дамуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі айрықша екенін айтқанымыз жөн.
Жанболат ҮСЕНОВ,
Халықаралық қатынастар жөніндегі еуразиялық кеңестің директоры