26 Қаңтар, 2010

Өзгеріс өлшемі – өндіріс

1555 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
КҮЛ ҮЙІНДІЛЕРІ КІРПІШКЕ АЙНАЛДЫ Жуырда Екібастұзда  керамикалық кірпіш шығаратын зауыт пайдалануға берілді. Кеншілер қаласының тұрғындары үшін жаңалығы  мен жақсылығы бар кірпіш зауытының ашылуына облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өзі келіп қатысып, өндіріс тетігін іске қосты. Егер осындай өндіріс орындары бірінен соң бірі ашыла берсе бұрыннан бері айтылып, жауыр болған кеншілер қаласының кіреберісіндегі күл үйінділері, яғни жиналып қалған көмір қалдықтарының азаюына әсер ететіні сөзсіз. Расында да, кеншілер қала­сы­на келе қалсаңыз, тау болып үйілген бәленбай жылғы күл үйін­ділері қарсы алады. Ауаға ұшып жатқан көмір қалдықта­ры­ның кесірінен, әрине, ауылдары айнала қоршаған өндірісті қа­ла­ның жалпы, өңірдің экологиялық жағдайы да күнге-күнге нашар­лап барады. Оны Екібастұзға, Солнечный кентіне жолыңыз түсіп бара қалғанда жаңа ғана жауған аппақ қардың бетіне түс­кен күл-қоқыстардан-ақ байқай аласыз. Мысалы, бір ғана ГРЭС-2 стансасындағы жұмыс жасап тұр­ған бес блокқа бір жылда 6 миллион тонна көмір жағылады екен. Ал, Екібастұздың көмірінің отыз пайызға жуығына дейін күл шығаратынын ескерсек, бұл стан­саның блоктары қаншама қо­қыс қалдықтарын шығараты­нын есептей беріңіз. Сондықтан жергілікті және келіп-кететін шетел ғалымдары қалауын тапса қар жанар деп көмір қалдық­та­рын тұрмыстық қажетке жара­тып, одан зор пайдаға да кене­лу­ге болады деп түйін жасады. Мәселен, титтей түймеден түйедей жаңалық аша қоятын жапондықтар Екібастұзға келген бір сапарларында тау-тау күл үйін­ділеріне көздері түсіп, сатып алуға қыруар қаржы ұсынған да көрінеді. Жапондық ғалымдар үйіліп жат­қан көмір күлінің құрамында көптеген заттар темір, алюми­ний, галий, рений, германий се­кіл­ді сирек кездесетін заттар ба­рын білген. Олар күлдің құра­мын­дағы рений мен германийдің ал­тыннан да бағалы түсті ме­тал­ға жататын айтып кетіпті. Қытайлықтар болса, көмір күлінен цемент өндіріп, кафель жасап шығарады екен. Жергілікті ғалымдар да бос қарап жатқан жоқ. Қаныш Сәтбаев атындағы Екі­бастұз инженерлік-техни­ка­лық институтының ғылыми мә­селелер жөніндегі проректоры, профессор Евгений Максимов­тың басшылығымен “Екібастұз өңірінде техногендік материал­дар­ды және минералдық шикі­зат­тарды кешенді пайдаланудың әдістері” атты арнайы жоба жа­салды. Ал, өткенге үңілсек, бү­гінгі ғалымдарға сабақ болған бұл жолды академиктер Иван Бар­дин, Қаныш Сәтбаевтар жалпы шикізаттар мен техногендік материалдарды тиімді пайдалану әдісін, яғни көмір қалдықтарын қайта өңдеу жобасының негізін салып кетті. Соғысқа дейінгі жыл­дары сол кездің өзінде Қа­ныш ағаларымыз ауаға ұшып шы­ғатын қалдықтардың құ­рамын­да өте сирек кездесетін ме­талдар болатынын дәлелдеп берген. Бірақ, заманына қарай бар ықылас-зейін ашық әдіспен өндіріліп алынатын тас көмір тасқынына ауды да, ал тау-тау үйілген күл үйінділері қаланы айнала қоршай бастады. Күлді қайтадан өңдеуге назар ауда­рылмады. Екібастұздық ғалым Ев­гений Максимовтың айтуын­ша, бұл жағдай шетелдерде бас­қа­ша көрініс тапқан, мысалы, оларда көмір кеніштерінің жа­нында арнайы ғылыми орталық­тар жұмыс жасайды. Олар біздегідей тау-тау күл үйіп тастамайды, шағын зауыттар арқылы көмір қалдықтарын өң­деп, бірі цемент, бірі плита, әк кір­піш, құрыш өндірумен ай­на­лы­сады. Экологияға, айнала қор­шаған ортаға еш зияны да ти­мейді. Күл үйінділерін өңдесе, осы жердегі орта және шағын кәсіп­керлік те жақсы жолға түсер еді. Сол айтқан күндердің беті бері қарап келе жатқан сияқты. Шет­елдіктер сияқты қалдықтарды да іске жарататын алғашқы өндіріс орны іске қосылды. Сең қоз­ғал­ды. Жоғарыда айтқан керами­ка­лық кірпіш зауыты енді қалдық­тарды өңдеп, отандық құрылыс материалдарын өндірушілердің қатарына қосылды. Бұл биылғы жылы іске қосылған облыстағы төртінші кірпіш зауыты, қалдық­тарды да іске жарататын сәт келді. – Күл үйінділері де пайдаға жарап, күнделікті тұрмыс-тір­ші­лігімізге енді. Жалғыз кірпіш емес, басқа да құрылысқа керекті материалдарды енді қалдықтарды іске жарату арқылы жасап алуға болады. Бұған көзіміз жетті. Зауытта жылына 25 миллион кір­піш шығарылады. Жылына осын­шама тонна кірпіш шығару үшін өндіріске кемінде 250 мың тонна көмір қалдықтары қолда­ны­лады. Біздің зауытқа бұл ши­кі­затты “Ангренсор” компания­сы жет­кізеді. Ал, зауыттың жал­пы қуаты жылына 50 миллион кірпіш шығаруға жетеді. Мұндай зауытты салуға 9,5 миллион АҚШ доллары жұмсалды, – дейді зауыт директоры Әлібек Қуа­ныш­ұлы. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы. ҚОРДЫҢ МАҚСАТЫ – АУЫЛДЫ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚОЛДАУ Қазақстанда халықтың 47 пайы­зы ау­ыл­дық жерде тұрады. Соған орай ау­ыл­дағы кәсіпкерлікті да­мыту Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұл­тан Назар­ба­ев­тың Қазақстан халқына Жол­дау­ында бірнеше мәрте айтылған ба­сым міндеттердің бірі болып отыр. Ауыл­­дарымыздың өмірін сапалық жа­ғынан көтеру, ондағы азамат­тардың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсарту мемлекеттік саясаттың ма­ңызды бағыты болып қалуда. Осындай міндеттерді бас­шы­лыққа алған “Ауыл шаруашы­лығын қаржылық жағынан қолдау қоры” акционерлік қоғамы өз ұстанымын белсенді түрде жүргізіп, осы мақсаттарға қол жеткізу ба­ғытында жұмыс істеп келеді. Мемлекеттік қаржылық қолдау қоры­ның негізінде 1994 жылы құрылған бұл Қор даму барысында бірқатар өзгерістерге ұшырады. Арада 15 жыл өткеннен кейін бү­гінде мемлекеттің қаржылық қол­дауы аясында ауылды шағын не­сие­леу саласындағы өз қыз­ме­тін та­бысты жүзеге асырып келе жатқан ірі құрылымдардың арасында лайықты орнын алып отыр. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыра отырып, Қор елеулі нәти­же­лерге жетті. 2009 жылдың қоры­тын­ды­лары бойынша Қордың не­сие мүмкіндігі 9,8 млрд. теңге бол­ды. 53,0 мың теңгелік шағын не­сие­лер берілді. Ал 2005 жылы Қор­дың не­сиелік аумағы небәрі 9,3 миллион теңге болғанын және 9504 теңгеге ғана шағын несие беріл­генін ескерсек, бұл үл­кен жетістік екені даусыз. Ауыл шаруашы­лығын ша­ғын несиелеудің жалпы құры­лымында мал шаруашылығына 58 пай­ыз, егін шаруашылығына 38 пай­ыз, ал биз­нес түрлеріне 5 пай­ыз­дай қолдау көр­сетіліп отыр. Ген­дерлік саясатты жүр­гізу бағытына да көңіл бөлінуде. Бар­лық берілген шағын несиелердің жалпы көле­мінің 37 пайызы әйелдерге тиесілі. Мұның өзінде Қор жұмысының маңызды қыры әлеуметтік саламен астарласып жатыр. Ол өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласындағы кедейшілік деңгейін ауылдағы жұмыс орындарын құру және шағын бизнесті дамыту жолымен төмендетуге бағытталған. Әлеуметтік міндеттерді орындау тиім­ділігін арттыруға арнап Қор үстіміздегі жылы халықаралық рейтингтік агенттікті шақыруды жоспарлап отыр. Бұл агенттік – әлеуметтік рейтинг алу үшін шағын қаржылық ұйымдар қызметін бағалауға маманданған құрылым. Мұндай рейтинг түрі шағын қаржы ұйымдарының әлеу­меттік мақ­сат­тарды орындау, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әл-ауқат дең­гейін жақсарту және басқа әлеуметтік си­паттағы көрсеткіштерді арттыруға негізделген. Өз мүмкіндіктерін кеңейте оты­рып, Қор 2009 жылы ауыл ша­руа­шылығын шағын несиелеу жө­нін­дегі бағдарламаны жүзеге асыруға арналған жергілікті бюджеттен бө­лінетін қаражаттарды тарту жөні­нен орасан зор жұмыстар жүргізді деуге болады. Осының негізінде 12 өңір­дің жергілікті атқару орган­дарымен 1,45 миллиард теңгеге келісімдер жасалып, 500-ден астам шағын несиелер берілді. Шағын жылыжай кешендерін сатып алуға, олардың құрылысы мен пайда­лануға арналып 2008 жы­лы қабылданған жобаны іске қосу жұмыстары өткен жылы да жал­ға­сын тапты. Оларға арна­лып 293,1 мил­лион теңгенің қосымша қара­жаты бөлінді. Егер 2008 жылы 56 жоба мақұлданса, 2009 жылы олар­дың саны 93 жобаға дейін артты. Мұның өзінде қамтылған алаңның көлемі 1,93 гектардан 6,06 гектарға дейін көбейді. 2009 жылы оңтүстік өңірлерден басқа еліміздің батыс аймақтары да қосымша қаражат­тар­­мен қамтылды. “Қазақстан Республикасы ауыл ша­руашылық тауар өндірушілерін несие­леу­ге арналған шағын несие­леу ұйымдары желісін дамыту тұ­жы­рымдамасын” жүзеге асыру шең­берінде Қор 2007-2008 жыл­дары 94 ауданның ауылдық елді ме­кендерінде жұмыс істейтін осын­дай 51 шағын несиелеу ұйымдарын құрды. 2009 жылы Қормен бірлесе құрылған шағын несиелеу ұйым­дары арқылы 5128 ауыл тұрғынына шағын несие көмегі берілді. Ау­ыл­дық жер­лерді қаржыландыру на­ры­ғын бәсе­келестік түрде сауықтыру мақса­тымен Қор қоғамның белгілі бір үлесін сатып ала отырып, оны өзін-өзі ақтай­тын әдіс­пен жеке адам­дарға беру үшін шағын несие­леу ұйымдарын дәл осы бағытта жұмыс істеуге бағдарлап отыр. Мысалы, 2009 жылдың өзінде ғана 3 ша­ғын несиелеу ұйымы өз үлес­терін сатып алып, бәсекелестік кеңістікке еркін енді. Ауыл тұрғындары арасында өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру бағдарламасы жақсы қолдау тауып отыр. Республика бой­ынша сақтандырылған алаңдар­дың жыл сайын артып келе жат­қан­дығы осының айғағы болса керек. 2005 жылдан бастап 2009 жылға дейін сақтандыру компания­лары мен өзара сақтандыру қоғам­дары ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге сақтандыру төлемі ретінде 5 миллиард теңгеден астам қаржы берді. Қор жалпы төлемдер­дің 50 пайызының орнын толты­рып отыр. Мұның өзі ауылша­руа­шылық тауарларын өндірушілерге елеулі түрде қолдаушылық көрсе­тіп, олардың тәуекелдік шығын­дарын төмендетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі сақ­тандыру қызметі нарығын да­мы­туға жаңа мүмкіндіктер ашылады. Елеулі нәтижелерге қол жеткізу арқылы Қор Қазақстан нары­ғын­дағы өз ұстанымын нығайтып қана қоймай, сонымен бірге мүмкін­дік­терін кеңейте отырып, халықара­лық деңгейдегі құры­лымға айналуға көкжиектер аша түсуде. Мәселен, 2008 жылы Бүкіләлемдік банктің жүргізген зерттеулері шеңберінде Қор өзінің қызмет жылдарында алғаш рет Шығыс Еуропа және Орта Азия елдері арасында қарыз алушылар саны бой­ынша банктік емес ұйымдар ара­сын­да алғашқы ондықтың қатарына кірді. Қор халықаралық жаһандық MІX Market “4 бриллиант” ақ­параттық пор­талының сертифика­тын алды. Қор қоғам қызметінің транспаренттілігін, сапасын және берілетін барлық ақпараттардың шынайылығын растайды. Халықаралық ынтымақтастық шең­бе­рінде 2010 жылы Ислам Даму Банкінен 10 миллион АҚШ дол­ла­ры көлемінде ұзақ мерзімді же­ңілдетілген қарыз алуды жоспарлап отыр. Ол ауылдық жерлерді шағын несиелеу жүйесін дамытуға бағыт­талмақ. Мұндай қарыз алу арқылы Қоғам исламдық қаржыландыру тетіктерін ендіру бойынша бірегей тәжірибеге қол жеткізе алады. Ал жобаны жүзеге асы­рудың өзі араб елдерінен инвестициялар тартудың көкжиегін кеңейте түспек. 2010 жылы жүргізілетін шағын не­сиелеу жүйесіндегі маңызды шаралардың тағы бірі – бұл Ша­ғын қаржыландыру орталығының (Польша) жыл сайынғы 13-ха­лық­аралық конференциясы. Кон­фе­рен­ция бұрынғы кеңестік кеңістікте алғаш рет Астана қаласында өт­кізілмек. Бұл сала үшін де, сондай-ақ бүкіл Қа­зақстан экономикасы үшін де маңызды шара болып та­былады. Басқосуда шағын қар­жы­ландыру саласына мемлекеттік қол­дау көрсету, мұның өзінде ауылға да көмек берудің қазақстандық бірегей тәжірибесі жинақталмақ. Конференцияға қатысатын инвестор­лар, нәрлендірушілер, шағын қаржы­лан­дыру ұйымдары осы саладағы еліміздің инвести­циялық мүмкіндіктерімен та­нысып, кедейшілікпен және жұмыссыз­дық­пен күрес жөніндегі бағалы тә­жі­ри­белерін ортаға салады деп күтілуде. Гүлнәз АТАМҚҰЛОВА,  “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ Басқарма төрайымы м.а.