Қазақстан • 26 Шілде, 2017

Кездесу соңы – келісім

174 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Даму үшін оқшаулану жарамайды. Инвестиция тарту, алыс-беріс, барыс-келіссіз алға жылжу болмақ емес. Алматы облысы шаруашылықтың барлық саласында осындай әріптестікті дамытуға күш салып келеді. Мүмкіндігі мол халықаралық деңгейдегі инвесторлар мен компанияларды ел экономикасының нығаюы үшін пайдалана білу де маңызды. Осы мақсатта облыс әкімі Амандық Баталов «Еуразиялық іскерлік кеңес» коммерциялық емес серіктестігі үйлестіру кеңесінің төрағасы Олег Сосковецпен (Ресей) кездесті.

Кездесу соңы – келісім

Әрине, Ресей тарапы да бұл кездесуге мүдделі екенін айта кету керек. Себебі, Жетісу өңірінің әлеу­меттік-экономикалық дамуы мен болашақтағы жоспары кім-кімнің де өз ісін сенімді түрде бастауына мүмкіндік береді. Бұл турасында әкім меймандарды облыстың тыныс-тіршілігімен таныстыру кезін­де кеңінен әңгімеледі.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, Алматы облысы еліміздегі ірі аграрлық өлкелердің бірі болған­дықтан мұнда қант қызыл­шасы, майбұршақ, жүгері өсіріледі. Әсіресе, өңірде қант қызылшасын жандандыруға барынша көңіл бөлудеміз. Өткен жылы Көксу қант зауытын іске қостық. Ал биыл Ақсу қант зауытын іске қосу үшін инвес­торлар тартылды. Жалпы, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде кәсіпкерлер мен бизнес өкілдеріне қолдау білдіруге, ауыл шаруашылығын дамытуға барлық жағдайды жасап келеміз. Инвесторларға көрсетілген зор мүм­­кіндіктердің арқасында көпте­ген шетелдік ірі компанияның бірі өз кәсіпорындарын ашып жатса, енді бірі зауыттарының құрылысын бастап та кетті. Соның ішінде ресей­лік «Лукойл» және «Роллтон» зауыт­тары да бар. Әріптестік қарым-қатынас нәти­жесінде бұдан да өзге ірі кәсіп­орындар мен зауыттар салынады деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Айта кетерлік бір жайт, Сос­ковец мырза осы өңірдің тума­сы болып шықты. Осыдан алты жыл бұрын арнайы сапармен бір келіпті. Сол кезде 90-жылдардағы кейпінен адам танымастай жаңа кейіп тапқан Талдықорғанға бір таңданса, биылғы сапарында алты жылдың ішіндегі өзгеріске екі таңданып отырғанын жеткізген «Еуразиялық іскерлік кеңес» коммерциялық емес серіктестігінің үйлестіру кеңесінің төрағасы:

– Осы киелі мекенде өмірге кел­гендіктен, бұл жер маған өте ыстық. Өңірдің бүгінгі кел­бетін бұрынғымен салыстыруға кел­мейді. Біршама игі істердің атқарылғаны бірден байқалып тұр. Енді алдағы уақытта ынты­мақтастықпен халық игілігі үшін қызмет ететін боламыз. Мен төрағалық ететін ұйым Еуразия аумағындағы кәсіпорындар мен ком­паниялардың арасындағы сауда-экономикалық әріптестікке негіз­делгендіктен, әрине, сіздердің шақы­руларыңызды барынша тиімді пай­да­ланып, барлық мүмкіндікті жіті таразылаймыз. Сол себепті бүгінгі кездесуіміз қос тарапқа да нәтижелі болатындығына сенім­дімін, – деді.

Кездесу соңы келісім болмағы шарт. Өзара жинақы әңгімеден соң қос тарап сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға ықпалдасу жөніндегі ынтымақтастық мемо­ран­­думына қол қойды.

Олег Сосковецтің облысқа сапары мұнымен аяқталған жоқ. Облыстық кәсіпкерлер палатасы өкіл­дерімен кездесті. Отырыста біз­дегі шағын және орта бизнестің аяқ алысымен танысып, болашақта екі ел кәсіпкерлері арасында берік ынты­мақтастық орнату жайында сөз қозғалды.

Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы