Қазақстан • 26 Шілде, 2017

Қайырымдылық шараға қарттар дән риза

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қамкөңіл қарттар мен ардагерлерді ардақтау баршаға ортақ міндет. Оларға материалдық көмек көрсетумен қатар, рухани қамқорлық таныту әрдайым басты назарда болуға тиіс. Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының кинозалында Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қарттарына, Ауған соғысы ардагерлері мен ҰОС және еңбек ардагерлеріне арналып қайырымдылық көрсетілім өтті.

Қайырымдылық шараға  қарттар дән риза

Алматы қаласы әкімдігі және «Қазақфильм» АҚ қолдауымен іске асып келе жатқан игі іс осымен жиырмасыншы рет ұйымдастырылып отыр. Қайырымдылық көрсетілімді тама­шалауға келген жүз қонақтың жүздері жадырап бүгінгі шарадан рухани нәр алып қайтты. Ұлттық өнерді насихаттап, дәстүрлі өнерді дамыту мақсатында ашылған театрдың кинозалында отандық кинотуындыларға ерекше басымдық берілген. Ұйым­дастырушылар бұл көрсетілімнің басты мақ­саты қарияларға көтеріңкі көңіл күй сый­лаумен қатар, өскелең ұр­пақ­ты қайырымдылық­қа, үлкенді құрмет­теу­ге, жақсылық жасауға шақыру екенін айтады.

– Дана халқымыз «Қалтылдайды екен деп қарттықты сөкпе, бәріңнің барар жерің сол» деп тегін айтпаса керек. Үлкенге құрмет көрсету бабамыздан жалғасып келе жатқан, қанымызға сіңген қасиет. Оны жоғалтып алмау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біздің борышымыз. Бүгінгі шарада бас қосқан қариялар бір-бірімен шүйіркелесіп, ойларындағысын ортаға салып көңілденіп қайтты. Олардың жүздерінен жылылық көргенде біздің де көңіліміз көкжиекке көтеріледі. Себебі, қарттар да бала сияқты. Әсіресе, күн санап саны азайып саптан шығып жатқан ардагер аталарға, тыл ардагерлеріне мораль­дық қолдау білдіру ауадай қажет. Мем­лекетіміз ол кісілерге үнемі қамқорлық танытып келеді. Сол дәстүрді жалғап жастарға үлгі етуі­міз керек, – дейді «Алатау» дәстүрлі өнер театры кинобөлімінің жетекшісі Рита Халелқызы.

Шара соңында қариялар ұйымдастыру­шыларға шынайы ризашылығын білдіріп, еліміздің мәртебесі асқақтап, келер ұрпақтың болашағы жарқын болуын тілеп тарқасты. Үлкенге құрмет көрсету кішінің міндеті. Қазыналы қартын сыйлаған елдің болашағы қай кезде де даңғыл болмақ. Қарттарға демеу, ұрпаққа үлгі боларлық осындай игі істердің көптеп өтуі көңіл қуантады.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ