Аймақтар • 26 Шілде, 2017

Экология проблемасы алаңдатады

361 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семейде қоғамдық ұйым өкілдері атмосфераға көмір­қышқыл газын шығару проб­лемасы ұлғайып бара жатқан­дығына алаңдаушылық білдіріп, дөңгелек үстелде бас қосты.

Экология проблемасы алаңдатады

Бұл БҰҰ Даму бағдарламасы бойынша қолға алынып отыр­ған шара. Жобаның осы сала­дағы ұлттық сарапшысы Төле­бай Әділовтің айтуынша, атал­мыш проб­лемамен БҰҰ Даму бағ­дар­ламасы 2015 жылдан бері ай­налысып келеді. Міне, сол уақытта «Төмен көміртек­ті даму­ға орнықты қалалар» атты­ кең көлемді жоба қолға алын­­ған еді. Оның құрамына Қазақстан­ның 15 шағын және ірі қала­лары кірсе, оның ішінде Семей негізгілерінің бірі болып саналды.

– Біз республиканың әр түк­піріндегі тұрғындармен және жұртшылық өкілдерімен пікірлесе келе, Қазақстанның экологиялық проблемасын шешіп, табиғи және халықаралық туризмді дамыту үшін осы жобаның айқын қажеттілігін сездік, – деді Төлебай Әділов. – Елбасымыз жасыл экология деп ұсынып отырған жобаны түрлі деңгейдегі әкімдердің түсіне алмайтындығын да байқадық. Ауаға көмірқышқыл газының шығуын азайту елімізді әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосады. Бірақ, қазір Қазақстан атмосфераға зиянды қалдықтар шығарудың көшбасшысы болып қалып тұр. Сондықтан да қазір елімізде қоғамды экологиялық проблемаларға назар аударту үшін ірі ақпараттық жұмыс тобы іске кіріскен.

– Адамның ұғымын, санасын өзгертуде қоғамның орны ерекше, – деді Парламент Мәжілісі­нің IV және V шақырылымы­ның депутаты, бүгінде БҰҰ Даму бағдарламасының осы тақырып бойынша кеңесшісі Айгүл Соловьева, – Қоғамдық ұйым өкілдері заң жарғыларын тиім­ді пайдаланып, тұрғындармен және атқарушы билікпен жұмыс жүргізе білу керек.

Раушан НҰҒМАНБЕК

СЕМЕЙ

Суретті түсірген автор