Қазақстан • 26 Шілде, 2017

Қырағы сақшылар қылмыскерлерді құрықтады

173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында маңғыстаулық тәртіп сақшылар үш бірдей ірі қылмыстың бетін ашып, өз істерінің шебері екендіктерін дәлелдеді.

Қырағы сақшылар қылмыскерлерді құрықтады

Бұл үш қылмыстың біріншісі Әзербайжан елінің азаматына қатысты болып шықты. Ол қала сыртында орналасқан өндірістік базалардың бірінен контейнерлерді жалға алып, онда бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз сақтаған. Құқық қорғаушылар одан 251 дана, яғни 1 тонна 150 кило бекі­ре тұқымдас балықты тәркіледі. Аза­мат 40 тонналық контейнерлерде тұ­тас сақталған қыруар балықтың өзін­ікі емес екенін айтуда, әйтсе де оған ба­лықтарды шетел асыру күдігі таңылып отыр.

– Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 339-шы бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Аталған бапта көрсетілгендей, бекіре тұқымдас балықты заңсыз аулап, оны сақтаған адам, сондай-ақ, сауда-саттыққа шығарып, тасымал­даған азамат 7 миллион теңге көле­мінде айыппұл төлейді немесе 3 жыл­ға дейін бас бостандығынан айы­ры­лады дейді Маңғыстау облыстық ІІД ЖПҚ табиғат қорғау полициясы бөлімшесінің инспекторы Несібек Тағаниязов.

Маңғыстаулық тәртіп сақшылары Ақтауда тағы екі ұйымдасқан қылмыс­тық топты қолға түсірді. Олардың бірі арнайы құрылғылардың көмегімен автокөліктердегі бағалы заттарды тонап келсе, келесі топ түрлі-түсті металдарды қабылдайтын орындарға шабуыл жасаумен айналысқан.

Тарата айтар болсақ, Тараз қаласы­нан келген үш жігіт екі ай бойы авто­көл­і­ктердегі ақша мен бағалы зат­тарды арнайы «код-граббер» деп ата­латын құрылғының көмегімен тонаған. Бұл аппарат көліктің пульті арқылы барлық кодтарды оқып, жазуға, сондай-ақ, алыста отырып-ақ зама­науи құралдарды қолданып, кө­лік­­­­тің есігін ашуға мүмкіндік береді.

Құқық қорғаушылардың құрығы­нан құтылмаған келесі қылмыстық топ 8 адамнан құрылған. Олардың барлығы жергілікті азаматтар. Олар Ақтау қаласы мен қала іргесіндегі Мұ­найлы ауданында өздерінің қылмыс­тық істерін жүзеге асырып келген.

Қазіргі таңда көлік тонаушыларға қатысты ҚР ҚК 262-ші бабы бойынша қылмыстық іс қозғалса, темір-терсек қабылдайтын орындарға шабуыл жасаушылар тергеу изоляторына қамалған.

Ел арасы ұры-қарысыз, тентек-телісіз тұрмайтыны белгілі. Дер кезін­де қимылдап, бұзақыларды қолға түсі­­ре білген тәртіп сақшыларының еңбегі ерен.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы