Әйгілі Кенен ақынның ақындық, әншілік өнеріне бастау болған көне домбыра Қордай ауданы, Кенен ауылындағы Кенен Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музейде сақтаулы тұр. Бұл ешқандай да көшірме емес, бала күнінде ақынның шерткен қасиетті аспабы. Музей қызметкері Ләззат Барменқұлованың айтуынша, ақын бұл домбыраны он бір жасында ұстаған екен. Бала Кененнің өнерге ынтықтығын байқаған ақынның туыс ағасы Еркебай Базарұлы мұны өз қолымен жасап беріпті. Талай ән мен жырдың дүниеге келуіне себепші болған, Кенен кеңістігінің көркем деңгейге көтерілуіне жол ашқан бұл домбыра ауылдың, ауданның ғана емес, тұтас өнерсүйер қауымның құнды жәдігері. Ғасырдан астам тарихы бар қара домбыраны ақынның қызы Төрткен Кененқызы музейге сыйлаған екен.
Қазақ тарихындағы қилы кезеңдердің куәсі болған Кенен ақынның тағдыр жолы оңай болмаған. Қос бірдей перзентінен айырылып, арманда қалған ол «Базар-Назар» деген қасіретті әнін шығарады. Базар мен Назарды жоқтап салған әні әлі күнге дейін тыңдарман құлағында. Музейдегі тағы бір құнды жәдігердің бірі тобылғы ағашынан жасалған кәдімгі сылдырмақ ойыншығы. Ақын мұны отызыншы жылдары өз қолымен жасап, сәби Базар мен Назарды жұбатып, ойнатқан екен. Бұл жәдігер де көненің көзіндей, асылдың сынығындай болып сыр шертеді.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы