Қазақстан • 26 Шілде, 2017

Елорда базарындағы қазы мен шұжық арнайы залда әзірленеді

395 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорданың «Шапағат» коммуналдық базарында еттен жасалатын ұлттық деликатестерді дайындайтын арнайы зал ашылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Елорда базарындағы қазы мен шұжық арнайы залда әзірленеді

Деликатестер залы базарға екі ай бойы жүргізілген күрделі жөндеу жұмысы кезінде ашылды. Ғимараттың төбесін ауыстырып, жарықдиодты жарықтандыру орнатылды. Ет шабатын орын қажетті санитарлық қалыпқа келтірілді. Ет залына жүргізілген жөндеуорынды қосымша 14сөреге көбейтуге мүмкіндік берді.

Ұлттық ет өнімдері деликатесі бөлмесіндегі қабырғалар мен еденнің гидроизоляция жасалды. Тот баспайтын жаңа үстелдер орнатылды.

«Бұл бөлмеде операция жасау бөлмесіндегідей таза: санитарлық-гигиеналық жағдай қатаң сақталады. Бөлмеге бейнебақылау камерасы орнатылған, ал монитор жалпы залға қойылған. Сатып алушы қазы мен шұжыққа тапсырыс бергенде олардың дайындалу процесін бақылап отыра алады», - деді «Астана» ӘКК» ҰК АҚ Әуез Қарабалаев.

ЭКСПО көрмесін өткізу кезіндегі өзгерістер тұтынушыға қызмет көрсету саласына түбегейлі өзгеріс әкелді. Барлық залдардағы маңдайшадағы жазулар үш тілде: неміс, ағылшын және француз тілдерінде жазылған.

«Егер шетелдік қонақтар сауда жасауға біздің базарға келетін болса, штаттық аудармашының көмегімен кез келген саудасын жасай алады», - деді Ә.Қарабалаев.

Астанадағы «Шапағат» коммуналдық базары тұтынушылар ең көп келетін сауда орны: күн сайын 5 мыңға жуық адам сауда жасайды. Демалыс және мереке күндері бұл көрсеткіш екі-үш есеге көбейе түседі.