Үкімет • 26 Шілде, 2017

Бағдар – нақты, мақсат – айқын

197 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бес институционалды реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында әлеуметтік салаларды дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар жүктелгені белгілі. Осыған байланысты кеше Үкіметте баспасөз мәслихаты өтіп, онда Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап берді.

Бағдар – нақты, мақсат – айқын

Еңбек кодексі тиімділігін дәлелдеді

Ұлт жоспарының 83-қадамында еңбек қатынастарын ырықтандыру мақсатында жаңа Еңбек кодексін әзірлеу тапсырылған болатын. Осыған байланысты былтырғы қаңтар айынан еңбек қатынастарын реттеудің жаңа моделін қамтитын жаңа кодекс күшіне енді. Бұл құжат  Халықаралық еңбек ұйымының, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының еңбек стандарттарына негізделе отырып жасалған болатын.

Баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өткен жылы қабылданған Еңбек кодексінің ерекшеліктеріне тоқталып, құжаттың еңбек қатынастарын реттеуде қаншалықты тиімді болғанын айтып берді.

Еңбек кодексінде жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек қатынастары өзара жасалған жеке келісімшарт негізінде жүзеге асырылатыны айтылған. Ал мемлекет минималды еңбек стандарттарын, ең негізгі құқықтар мен кепілдіктерді бекітуге араласып, олардың сақталуына қатаң бақылау жүргізеді.  Бұл жерде жұмыс берушінің құқын қорғайтын басты құжат – ұжымдық шарт болып тұр. Онда жұмысшыға қолайлы еңбек жағдайын жасау, жалақы төлеу мен еңбек қауіпсіздігін сақтау нормалары секілді қарапайым еңбеккердің мүддесіне сай келетін барлық жағдай қарастырылған. Сондай-ақ,  жыл сайынғы еңбек демалысын уақытылы беру, оның 24 күннен кем болмауы, түнгі мезгілде жұмыс істегені үшін төленетін ақы күндізгі уақыттағы төлемнен 1,5 мөлшерден кем болмау жайы да Кодексте кеңінен қамтылғанын министр атап өтті.

Бастапқыда Еңбек кодексіне қатысты қоғамда әртүрлі пікірлер айтылып, жұртшылық, әсіресе, жұмыс берушілердің жұмысшымен еңбек шарттарын жасайтынына күмәнман қараған еді. Бірақ өткен жылдың қорытындысы бұл күдікті сейілтіп отыр. Тамара Дүйсенованың мәліметінше, былтыр еңбек шарттарын жасағандардың қатары 60 мыңға жеткен. Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бүгінде кәсіпорындардың 99 пайызында ұжымдық шарт болса, 89 пайызы – орта бизнес, 43 пайызы – шағын бизнес өкілдері екен. «Кәсіподақтардың  өкілеттіктерін кеңейтіп, заңға енгізген кезде де көптеген сауал туындаған. Қазіргі таңда елімізде 267 кәсіподақ жұмыс істейді. Жұмыскерлер өздерінің жұмыс орындарында құрылғаи кәсіподақтарды ғана емес, өзге де ұйымдарды таңдауға құқы бар. Өткен бір жыл мен биылғы жартыжылдықта барлығы 154 жаңа кәсіподақ құрылды. Мұның өзі бұл ұйымның жұмысшылар құқын қорғауға керекті жүйе екенін көрсетеді», дейді Тамара Босымбекқызы.

Еңбек кодексі кәсіпкерлік саласын дамытуға, елімізге шетелдік инвесторларды тартуға да ықпал етіп отырғанын айтқан министр бір жарым жылда бұл құжат өзінің тиімділігін дәлелдеп шыққанын атап өтті.

Министрлік Еңбек кодексінің талаптарын ескере отырып, 8 арнайы тақырып бойынша қазақ және орыс тілдерінде оқу материалдарын әзірлеп, жұмысшылар мен жұмыс берушілерге таратқан. Мәселен, былтыр 172 мыңнан астам жұмысшыны қамтыған 5,5 мыңнан астам семинар өтсе, биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 25 мың жұмысшыны қамтыған 1 мыңнан астам семинар ұйымдастырылған.

Еңбек кодексінде еңбек кикілжіңдерін реттеу, жалақыны уақытылы төлеу, өндірістік жарақаттарды болдырмауға қатысты да көптеген жайттар қамтылғаны белгілі. Осы тұрғыда қолға алынған шаралардың арқасында биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 1,5 млрд теңге сомасындағы қарыз жабылып, 12 мыңға жуық жұмысшының құқы қорғалыпты.

Атаулы көмектің жаңа түрі енгізіледі

Ұлт жоспарының 84-қадамында әлеуметтік көмекті, оның атаулы сипатын күшейте отырып оңтайландыру жайы сөз болған. «Әлеуметтік көмек тек оған шынымен зәру азаматтарға ғана берілетін болады. Кірісі төмен еңбекке қабілетті азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тек олардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысуы жағдайында ғана берілетін болады» делінген бұл қадамда.

Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы қолданысқа енгізілетінін жеткізді.

Жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек қазіргі қолданыстағы төлемдердің үш түрін біріктіру арқылы жүзеге асырылады. Нақтырақ айтсақ, қолданыстағы көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек үшеуі бірігіп, бір атаулы көемкті құрайды.

Министрдің айтуынша, 2018 жылдан енгізілгелі отырған жаңа атаулы әлеуметтік көмек түрі шартты және шартсыз деп екіге бөлінеді. Шартсыз ақшалай көмек еңбекке қабілетті адамдары жоқ отбасыларға, мысалы, мүгедектер мен зейнеткерлер отбасыларына немесе объективті себептері бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатыса алмай отырған отбасыларға беріледі.  Мұндай отбасылар жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысуы міндетті емес.

Ал шартты ақшалай көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысына жетпейтін азаматтарға беріледі. Бұл жағдайда әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін сол отбасындағы еңбекке қабілетті адамдардың бәрі жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін бағдарламаларда бақ сынаған болуы тиіс.

Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы арасындағы айырма түрінде есептеледі.

Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа үлгісін іске асыру «Өрлеу» жобасы шеңберінде бірқатар өңірлерде 2014 жылдан бастап пилоттық режимде іске асырылған болатын. 2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша «Өрлеу» жобасына қатысушылардың саны 107,1 мың адамды құрапты, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,9 есе артық. Ал жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 20,9 мың адам немесе «Өрлеу» жобасының еңбекке қабілетті қатысушыларының жалпы санының 88,2 пайызын құрайды.

«Өрлеуге» қатысқан әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың  табысы жобаға қатысқанға дейін 6,0 мың теңгені құраса, жобаға қатысқаннан кейін 17,5 мың теңгеге жетіп, 2,9 есеге артқан.

Жалпы, жобаның тиімділігі сол, азаматтар жәрдемақыны ала отырып, жұмыспен қамту шараларын қатыса алады әрі әлеуметтік жағынан бейімделеді. Биыл жобаға елімізідің барлық өңірінен кем дегенде 150 мың аз қамтылған азаматты тарту үшін республикалық бюджеттен 7,1 млрд. теңге сомасындағы қаражат қарастырылып отыр.

Жаңа білім жүйесі сапаны жақсартады

Баспасөз мәслихатында сөз алған Білім және ғылым министрі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы білім саласын жаңғырту бағытындағы мәселелерге тоқталды.

Ұлт жоспарындағы 64, 76, 77, 78, 79-қадамдар – білім саласына тиесілі. Бұл бағыттарды жүзеге асыру ұзақ мерзімді қажет етеді. Дегенмен де, осыған қатысты қолға алынған шаруалар аз еместігін министр атап өтті.

64-қадамда «Өндіріске инновациялар енгізу жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру тетіктері бар «Ғылыми және (немесе) ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заң әзірленетіні, ғылыми гранттар мен бағдарламалар құрылымдары индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қажеттілігіне орай қайта бағытталатыны айтылған.

Министрдің мәліметінше, бүгінде 13,7 млрд тенге сомасындағы 75 гранттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында 525 жаңа жұмыс орны құрылыпты. Бұған қоса, Дүниежүзілік банктің құны 110 млн АҚШ доллары шамасындағы «Өнімділік инновацияны ынталандыру» жобасы да қолға алынған. Ол еліміздің инновациялық әлеуетін күшейтіп, технологияны коммерциялауды, осы салада көптеген зерттеу жүргізуді көздейді. «Бұл қадамды 2020 жылға қарай толыққанды жүзеге асырып, бірлескен қаржыландырудағы бизнестің үлесін – 15 пайызға, жалпы ішкі өнімдегі жоғары технологиялық өнімділік көлемін 2,5 пайызға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз» дейді министр.

Ал «ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеру, 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, функциялық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту, жоғары сыныптарда жанбасылық қаржыландыруды енгізу, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру» жөніндегі 76-қадам бойынша баяндаған Білім және ғылым министрі Қазақстан биыл ЭЫДҰ-ның білім саясаты жөніндегі комитеттің толыққанды қатысушысы болғанын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, 2016 жылдан бастап, 1-сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшті.  Биылғы оқу жылында 2, 5, 7-сыныптарды, 2018 жылдан 3, 6, 8, 10-сыныптарды және  2019 жылдан 4, 9, 11-сыныптарды көшіру жоспарланып отыр.

12 жылдық білім жүйесіне 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен көшу барысында 0-сыныпты да енгізу көзделуде. «1-сыныпқа келген балалардың 85 пайызы әріптерді танып келеді. Тек 15 пайызына үйрету керек. Сондықтан 0-сыныпты қосуды жөн санап отырмыз. Осыған сәйкес 1-сыныптың оқулықтары екіге бөлінетін болады. «Әліппе» 0-сыныпқа енгізілсе, «Ана тілін» 1-сыныптар оқитын болады. Эксперимент ретіндегі бұл жобаға еліміздің 150 мектебі қатысқалы отыр» дейді министр.

Сондай-ақ, ол жаңа білім мазмұнына көшуге байланысты 2,5,7-сыныптарға арналған оқулықтарға республикалық комиссияның сараптамасы жүргізілгенін, оның қорытындысы бойынша ұсынылған кітаптар тізімі Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтында жарияланатынын жеткізді.

Білікті кадр – уақыт талабы

77-қадам бойынша «экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату» қажет.

Білім және ғылым министрінің айтуынша, бүгінде еліміздің 90 колледжінде 53 жаңа білім бағдарламасы енгізілген. Жаңа оқыту технологиясы бойынша 4 колледж халықаралық аккредитациядан өтіпті. Олар: Алматы энергетика колледжі, Теміртау, Жамбыл, Қостанайдың политехникалық колледждері.  

Сондай-ақ, студенттердің ІТ-саласындағы дағдысын жетілдіру, болашақтың инженерлерін даярлау, 3D-жобалау бойынша да стартап жобалар қолға алынған. 

Биылғы қыркүйек айынан бастап, еліміздің 100 колледжінде 34 мамандық бойынша жаңа білім бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр.

Жалпы, инновациялық бағдарламалар негізінде 1 817 магистр даярланып шығыпты. Олардың 1650-і жұмысқа орналастырылған. Әлі 2800 магистр білімін жалғастырып жатыр, тағы 3500 маманды қабылдау жоспалануда. Сондай-ақ, биылдан бастап, бағдарламаларды ағылшын тілінде жүзеге асыру да көзделіп отыр. Бұл қадамды толыққанды жүзеге асыру 2020 жылға жоспарланып отыр.

 «Назарбаев Университеті тәжірибесін ескере отырып, ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңімен кеңейту. коммерциялық емес ұйымдардағы жекеменшік ЖОО-ларын халықаралық тәжірибеге сәйкес трансформациялау» жөніндегі 78-қадамды жүзеге асырудың бағыттарына тоқталған министр 4 жоғары оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде қайта құрылғанын айтты. Енді 28 мемлекеттік оқу орнын қайта құру жұмыстары жүргізілсе, 37 жоғары білім ордасында Назарбаев университетінің тәжірибесін енгізу жұмыстары қолға алыныпты.

Ұлт жоспарының 79-қадамында білім беру жүйесінде - жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу жайы нақтыланған. Оның мақсаты – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру.

Білім және ғылым министрі биылғы оқу жылынан бастап, еліміз бойынша 500 сынып өз еркімен ағылшын тілінде оқуға ниет білдіріп отырғнын атап өтті. «Жоғарғы сыныптар мен ЖОО-ны ағылшын тіліне көшіру – бәсекеге қабілеттілікті көтерудің басты тетігі. Биыл біз мұғалімдерді жаппай оқытуды бастаймыз. Шамамен 4 мың мұғалім курстан өтті. Қыркүйекте тағы 8 мың мұғалім тереңірек оқи бастайды», деді министр.

Оның айтуынша, Қазақстанда 70 мың мұғалім қайта даярлау курсынан өтеді. Оның қабылдау коэфиценті өте жоғары көрінеді. Былтыр мұндай курсқа қатысқан 74 мың мұғалімнің 2,5 пайызы сынақтан өте алмай, екінші рет тапсыруға мәжбүр болған.

Ал ағылшын тілінде оқытуды біртіндеп жүзеге асыру мақсатында 10-11-сыныптарда осы тілде жүргізілетін  4 пән анықталыпты. Олар: физика, химия, биология және информатика пәндері. Осыған байланысты оқу-әдістемелік құрылғылар кешенін ағылшын тілінде әзірлеу жұмыстары басталып та кеткен. 

Жалпы, 2018-2020 жылдары 11 мың пән мұғалімін ағылшын тілінде сабақ беруге дайындап, біліктілігін жетілдіру жоспарланып отыр.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
"Егемен Қазақстан"