Қазақстан • 28 Шілде, 2017

Балқан түбегіндегі тиімді әріптес

377 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен Румыния Сыртқы істер министрі Теодор-Виорел Мелешканмен кездесіп, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас мәселелерін талқылады.

Балқан түбегіндегі тиімді әріптес

Екі жақты келіссөз Қазақстан мен Румыния дипломатиялық қарым-қатынасының орнауына 25 жыл толуына орай өткізілді. Мерейтойлы кездесуден кейін министрлер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне мәлімдеме жасады.

«Біз ынтымақтастықтың екі жақты және көп жақты мәселелерін талқылап, сауда-экономика және инвестиция салаларындағы өзара әрекеттестіктің көкжиектерін белгіледік. Екі елдің әлеуеті жететін транзиттік-көліктік қатынасты тиімді пайдалануға қатысты ынтымақтасу мәселелерін қарадық. Бүгінгі таңда энергетика саласындағы ынтымақтастық сауда және экономикалық байланысымыздың басым тарапы болып саналады. Алайда бұған қарамастан сауда салаларын кеңейту және оны кең тараптандыру біздің басты міндетіміз», – деді Қайрат Әбдірахманов.

Министрдің пікірінше, Қазақстан тарапы елді жандандыруға арналған жобаларға румын бизнес өкілдерінің қатысқанына мүдделі көрінеді. Сонымен қатар, екі ел арасындағы мәдени және ғылыми сабақтастықты дамыту үшін шәкірт алмастыру бойынша оқитын студенттер санын ұлғайту, академиялық сала мамандарының жиынын өткізу секілді қадамдар жасалатынын айтады Қайрат Әбдірахманов.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің айтуынша Румыния Балқан түбегіндегі ең маңызды әріптес болса, өз кезегінде Теодор-Виорел Мелешкан Қазақстанды Орта Азиядағы теңдессіз серіктес деп есептейтіні жеткізді.

«Менің іс-сапарым нақты нәтижелер әкелгеніне қуаныштымын. Біз дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 25 жыл толуына орай Румыния сауда палатасы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының әріптестігі туралы келісімге қол қойдық», – деді Румыния Сырты істер министрі Теодор-Виорел Мелешкан.

Ортақ келісімге қол қойылғаннан кейін Балқан түбегінен келген меймандар мен Қазақстан тарапы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аясында өтіп жатқан Румыния күндерін тамашалауға аттанды.

Абай Асанкеліұлы,

«Егемен Қазақстан»