![Тозған «темір тұлпардан» құтылудың жолы қандай?](/article_photo/1501469444_article_b.jpeg)
Қазақстанда көлігі жүруге жарамай шашылып қалғанша салдырлатып міне беретіндер де, жыл аралатпай жаңартып тұрғанды жөн көретіндер де жеткілікті. Бұл енді әркімнің қалтасына, ниетіне және осы бағытта Үкімет пен тиісті компаниялар тарапынан атқарылып жатқан жұмысқа байланысты.
Жалпы, көліктердің мінілу мерзімі әр елдің автокөлік өнеркәсібінің даму деңгейіне қарай әртүрлі болып келеді. Мәселен, Еуропа елдерінде «темір тұлпарды» тұтыну мерзімі 8 жылдан аспау керек екен. Бірақ сырбаз европалықтар сегіз жыл күтіп жүрмей, бірнеше жылдан кейін-ақ «автоқорымға» жібергенді жөн санайтын көрінеді.
АҚШ-та да сол шамада. Автоөндірісі дамыған, мұнай өнімдерінің номенклатурасы көп, бағасы арзан ел... Автоәуесқойлардың таңдау жасауына мүмкіндік мол.
Жапонияда көлікті екі жыл сайын «сякон», яғни техникалық тексерістен өткізіп тұру керек. Бұл елде техникалық тексеруден өткізу құны қымбат, техникалық талаптар өте қиын. Қоршаған ортаны қорғауға, жанар-жағармайды үнемдеуге бағытталған жаңалық шыққан сайын, жаңа талаптар да туындай береді. Соған байланысты «сяконнан» жалтарған жапондар көлігін сатып құтылғанды, не болмаса қайта өңдейтін жерге тапсырғанды артық санайды. Оның үстіне, қайта өңдеуге тапсыру жолдары жолға қойылған, тиімді тұстары көп.
Әрине, Еуропа мен Жапониядан келетін ескі көліктерге деген сұраныс бұрынғы посткеңестік елдерде өте жоғары. Бұл сұраныс артқан сайын, автодержавалардың ескі көліктерден құтылу жолдары да көбейе бермек.
Көліктер қайда, қалай қабылданады?
Өткен жылдың 21 қарашасы күні елімізде ескі көліктерді қабылдайтын қанатқақты жоба басталған-ды. Алғашқы екі айдың ішінде жобаның аяқ алысы, автокөлік иелерінің ықылас-ынтасы жаман еместігі байқалды. Ақпан айына дейін Шымкенттегі қабылдау орталығына 661 автокөлік жиналса, Қостанайда 672 адам автокөлігін «автоқорымға» өткізіпті. Үштікті Ақтөбе облысы түйіндейді, бұл облыста 412 машина тапсырылған. Айтып отырған деректеріміз үш айдағы көрсеткішті ғана қамтитынын еске салайық.
Ал биылғы жылғы 26 маусымнан бастап жаңа көлікті жоюға өткізетін бағдарлама іске қосылды. «ӨКМ оператор» ЖШС-дан алынған (Өндірушілердің қысқартылған міндеттемелерінің операторы) деректерге жүгінсек, жаңа бағдарламаның көшеміздегі көліктерді жаңартуға ықпалы көп сыңайлы. Аталған компания екі түрлі қызмет түрін ұсынады. Біріншіден, көлік өткізушіге тиісінше қаражат беру. Екіншісі, көлік өткізушіге салоннан жаңа көлікті жеңілдікпен алуға мүмкіндік беретін сертификат ұсыну.
Сонымен, «ӨКМ оператор» ЖШС бір айға жетпейтін уақытта 119 сертификат беріп үлгерген. Жеңілдік сертификатын алу бойынша Павлодар қаласы алдыңғы орында тұр. Аталған көліктер үшін берілетін өтемақы көлемі көліктің саймандарының аз-көптігіне қарай үш түрлі соманы құрайды: 315 мың теңге, 450 мың теңге және 650 мың теңге. Сертификат алу үшін тапсырылған көліктердің зауыттан 1980-1993 жылдар аралығында шығарылғанын ескерсек, 20-40 жыл жүрген көлік үшін бұл жаман сома емес деуге болатын шығар. Ескі екі көлікті тапсырып, екі сертификат алып, екеуінде көрсетілген сомаға бір көлік алу жағы да қарастырылған.
Бұдан бөлек 104 жеңіл көлік, 17 жолаушылар көлігі, 1 жүк көлігі жоюға тапсырылған. Қаңқасы мен қозғалтқышы ғана бар, жүруден қалған көлік үшін берілетін сома 48 мыңнан бастап көтеріле береді.
Жалпы, екі көліктерді жою, жаңа көлік сатып алуға жеңілдік жасау жобасын Энергетика министрлігі жүзеге асырып жатқанын айта кетейік. Осы бағыттағы тиісті бағдарлама аясында тиісінше квота қарастырылған. Квотаның М 1 санаты – 20 мың жеңіл автокөлік, M1, N1 N2 санаттары – 1836 жолаушылар мен жүк көлігін, M3, N3 санаттары – салмағы 5 тоннадан асатын жолаушылар көлігі мен 12 тоннадан асатын жүк көліктерін қамтиды.
Көлік тапсырудың қыр-сыры туралы auto.recycle.kz сайтынан біршама кеңірек ақпарат алуға болады. Халыққа ыңғайлы болуы үшін «ӨКМ оператор» ЖШС осы сайтта электронды кезек жүйесін енгізіп, ескі көліктерді жинайтын бекеттердің кестесін де жасап қойыпты.
Таяуда ғана Қарағанды қаласындағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында істен шыққан ескі автокөліктерді қайта өңдейтін «RecyclingCompany» зауыты іске қосылды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған зауыт экономикалық жағынан да, экологиялық жағынан да тиімді дейді мамандар.
Орталық Азияда теңдесі жоқ зауыт тозығы жеткен көліктерді жойып, металл ретінде қайта өңдейді.
– Автокөліктерден негізінен қара металл шығады. Сол қара металды Қарағандының өзіндегі металлургия комбинаттары шикізат ретінде қабылдап, ақшасын төлеуге дайын.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров көлік қабылдаудың барысы туралы былай дейді:
– Көлігіңіздің біраз сайманы бар болса – 150 мың теңге, егер жабдықтары тым аз болса – 48 мың теңге төленеді. Ақшалай алмай, сертификат алуға да болады. Жеңіл көліктер үшін сертификат 350 мыңнан басталады, ауыр көліктер үшін – 650 мыңға дейін барады.
Көлігін
қимайтындар бар
Ескі көліктерді қабылдап, қайта жаратудың тиімді тұстарын ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен, тақымына басқан «темір тұлпарын» қимайтындарға да түсіністікпен қараған жөн деп ойлаймыз. Олардың да айтары, дәйектері бар.
Мысалы, Асылбек есімді жігіт ағасының 1994 жылғы Audi 80 B 4 маркалы көлігін мініп жүргеніне бірнеше жыл болыпты. Әу баста 350 мың теңгеге сатып алған екен. Ескі болса да, төзімді, адам тасуға да, жүк артуға да жарап тұрған германиялық көлік соңғы уақытта сыр бере бастаған. Асылбек бізге:
– Өткізер едім, бірақ төлейтін ақшасы аздау сияқты көрінді. Маған 150 мыңдай ақша ұсынды, қазір оған машина сатып ала алмайсың, екі есе көп ақшаға да жөні түзу көлік келмейді. Көлігімді өткізіп жіберсем, шаруаларым тоқтап қалайын деп тұр, – деді. – Audi ескі болса да жүріп тұр. Шамалы ақша жұмсап бір жөндетіп алсам, тағы бір-екі жыл айдауға жарайды. Кім біледі, ақшасын аздап көбейтіп жатса, өткізіп қалуым да мүмкін.
Әсел есімді бойжеткен де ескі көлігін өткізуге қимай жүргендердің бірі. Volkswagen Golf IV маркалы көлігі зауыттан 1992 жылы шыққан. Ескі де болса қаланың ішінде мінуге жарап тұр, бензинді де аз «жейді».
– Ескі көліктерді қабылдайтын жер туралы ғаламтордан білдім. Хабарласып, 20 мыңдай төлейтінін білдім. Бұл аздау. Қазір автобазарларда Golf IV бұдан қымбат тұрады. Жүрмейтін көліктер үшін тиімді шығар, мен үшін тиімсіз, – дейді Әсел.
Дегенмен, ескі көліктерді қабылдау орындарына өткізу уақыт талабынан туындап отырған, міндетті түрде жүзеге асырылуы керек шара деп ойлаймыз. Себебі, елімізде тозығы жеткен көліктер жыл санап көбейіп барады. Оның экологияға зиянын айтпағанда, отандық автоөнеркәсіп саласын аяқтан шалатын факторлардың бірі екендігі белгілі. Оған қоса, қозғалыс қауіпсіздігіне, жолдарды тез тоздыруға да әсер етеді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы барлығы 4,5 миллион жеңіл автокөліктің жартысына жуығы 20 жылдан астам уақыт мінілген екен. Ендігі мақсат – осы ескі көліктерді азайту, оларды жаңа көліктермен алмастыру. Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Машина жасаушылар одағының президенті Мейрам Пішембаевтың сөзіне қарағанда, көлік жүргізушілерді жаңа көлікке мінгізуге мүмкіндік бар. Мәселен, Өскемендегі автокөлік зауытында жылына 120 мың автомобиль шығарылады деп жоспарланған. Зауытта 6 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылатынын, кәсіпорын аумағында 400 гектарға жуық ауданды алып жататын технопарк болатынын ескерсек, бірнеше қоянды бір оқпен атып алуға мүмкіндік туады деген сөз. Біріншіден, халықтың ескі көліктен түсіп, жаңа көлік алуға ықыласы артады. Екіншіден, зауыт жанындағы технопарктерде қажетті бөлшектер шығарылады. Шетелден көлік қана емес, оның бөлшектерін, мотор майы, тежегіш сұйықтығы, антифриз сынды қажеттіліктерін әкелу үшін оның бастапқы бағасынан бөлек, кедендік шығындары да қымбаттағанын ескерсек, автоәуесқойларға өз құмарлықтарын өз елімізде өтеген тиімдірек. Соның арқасында еліміздің автоөнеркәсіп саласы да алға жылжуы тиіс.
Ескірген машинаның ендігі күйі
Қайта кәдеге жарату зауытына тапсырылған көліктерге не болады? Алдымен оны өлшейді, радиациялық әсері тексеріледі. Содан соң қауіпті деген май, басқа да сұйықтықтары ағызылып, аккумуляторы алынып, резеңке заттары ағытылып тасталады. Кәдеге жарауы мүмкін, бүтін деген бөлшектері де бөлек алынады. Сосын, шредерде ұсақталып, металл күйінде балқыту зауытына жіберіледі. Қабылдаушылар көліктің жөнделіп, қайта сатылып кетпеуін қатаң қадағалайды. Себебі, ондай көліктер қоршаған ортаға да, адамдарға да қауіпті.
Жалпы, 1 литр машина майының 200 тоннаға тарта топырақты ластап, ол жерді ондаған жыл бойы пайдалануға жарамсыз етіп тастайтыны ғылымда дәлелденген. Оған еліміздегі жыл сайын жарамсыз болып қалатын 90 мың тоннаға жуық автодоңғалақты қосыңыз. Осы сияқты қоршаған ортаға зиян келтіретін заттар көне көліктерді кәдеге жарататын жерлерде жиналса, құрылыс мақсаттарына қолданылса, зиянның орнына пайда көруге болар еді.
Ескі көлігін жаңаға айырбастауға әркім-ақ бейіл. Мұны біздің табиғи сұранысымыз да, басқа елдердің тәжірибесі де көрсетіп отыр. Тек соны тиімді әрі тезірек жүргізудің тетіктері дұрыс жасалса болғаны.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»