![Қарағандының қарқынды қадамдары](/article_photo/1501469547_article_b.jpeg)
Үкімет басшысы алдымен Қарағандыдағы нан-тоқаш өнімдерін шығаратын зауытқа, металлургиялық кремний өндіретін зауытқа барып, осы кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, «Tau-Ken Temir» ЖШС ғимаратында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында Қазақстанның жүйе құраушы өнеркәсіптік кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Үкімет басшысы өз сөзінде өнімділікті ұлғайту мен тауар сапасын жақсартудан бөлек, жұмысшыларды босату үдерістеріне де ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты. Осыған орай, әкімдіктер мамандарды келешекте экономиканың өсуші секторларына бағыттау үшін алдын ала жұмыстар жүргізу керектігін қатаң ескертті. Олардың қатарында сервистік қызметтер көрсету мен қарапайым заттар экономикасын дамыту бар. Бұдан өзге, адамдар жаңа технологиялар қолданылатын салаларға жұмысқа орналасқан кезде жаңа дағдыларды меңгеруі үшін қайта оқыту жұмыстарын жүргізу керектігі де тақырып өзегіне айналды.
«ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы А.Жұмағалиев, «ERG» қадағалау кеңесінің төрағасы А.Қазтаев, «АрселорМиттал ТМД» АҚ бас директоры Калон Парамжит, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Б.Қырықпышев, «Қазмырыш» ЖШС атқарушы директоры Н.Қуанышев, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры М.Ескендіров, «Қарағанды кешенді қорытпалар зауыты» ЖШС бас директоры Т.Мақаев және «Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ басқарма төрағасы С.Әдекенов кәсіпорындарды жаңғырту туралы баяндады.
Аталмыш кеңеске сонымен қатар, мемлекеттік органдардың, Қарағанды облысы әкімдігінің өкілдері, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Жамбыл, Павлодар облысының әкімдерінің орынбасарлары, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «ҚТЖ» АҚ, «Атамекен» ҰКП, Қазақстанның жүйе құраушы кәсіпорындарының, сондай-ақ, Қарағанды облысының өнеркәсіптік кәсіпорындарының өкілдері де қатысты.
Мәселелерді талқылау барысында компания өкілдерінің сұрақтарына Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, Энергетика министрі Қ. Бозымбаев, Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, сондай-ақ, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев түсініктемелер беріп отырды.
Премьер-Министр жиында Қарағанды облысы әкіміне технологиялық жаңғырту үдерісінде зауыттарда қысқартылуы мүмкін жұмысшылардың қайта даярлығы үшін дербес жауапты екенін ескертті. Елде бірқатар кәсіпорын автоматтандырылған жұмыс режіміне ауысуда. Адамдардың орнына өндіріс үдерісін орындайтын роботтар пайда болады. Жұмысшылар бөлігі қысқартылады. Осыған байланысты Премьер-Министр облыс әкіміне колледждерге бақылауды күшейтіп, оқу орнына жұмысшыларды сұранысқа ие кәсіпті игеруге қайта даярлыққа жіберуді тапсырды.
Б.Сағынтаевтың Қарағандыдағы жұмыс сапары бизнесмендерге сервистік және консультациялық қызметтер көрсетілетін облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында жалғасты. ХҚКО-ның операциялық залында кәсіпкерлерге даму институттары, атап айтқанда, «Даму» қоры, ХҚКО, екінші деңгейдегі банк және инвесторларға қызмет көрсету орталығының өкілдері кеңес береді. Арнайы «Оқу сыныбында» Өнікті жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында несиелеу шарттары мен қолдау шараларын түсіндіру бойынша семинарлар өткізіледі. Президент Н.Назарбаевтың Жолдауына сәйкес кәсіпкерлікті дамыту елімізде экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыру кезінде басты бағыттардың бірі болып табылады. Осыған байланысты Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірге отандық бизнесті қолдау шараларын кеңейту бойынша, оның ішінде Өнікті жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру арқылы кешенді жұмыс жүргізуде.
Үкімет басшысы сонымен бірге, облысқа жұмыс сапары аясында «Қарағанды – Теміртау» автокөлік жолы аумағында «Нұрлы жол» аясында жүргізіліп жатқан «Орталық – Оңтүстік» көлік дәлізін реконструкциялау жұмысымен танысты. «Қарағанды – Теміртау» автожолы учаскесінде бетон жабынын төсеу және арматуралау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды бөлімшесінің директоры Қ.Шаймин автокөлік жолын жөндеу барысы мен жоспардағы аяқталу мерзімі туралы баяндады. 2015 жылы «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары басталған «Орталық – Оңтүстік» көлік дәлізі ел экономикасы үшін үлкен маңызға ие. Бұл дәліз көлік-логистикалық әлеуетті дамытуға ықпал ететін болады және Қазақстанға әлемдік көлік жолдарына қосылуға әрі транзиттік халықаралық тасымалдардың көлемін арттыруға мүмкіндік бермек.
Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, таяу бес жылда ауылшаруашылық өнімдері өндірісі және қайта өңдеу әртараптандырудың негізгі көзі және экономикалық өсімнің қозғаушы күші болуы тиіс. Осыған байланысты, АӨК-ті дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қайта өңдеу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жүктеу үлесін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Премьер-Министрдің сапары Қарағандыдағы сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын «Нәтиже» сүт фабрикасы» ЖШС-мен толықты. Кәсіпорынның бас директоры Е.Әшім сүт фабрикасының ағымдағы қызметі және оның перспективалары туралы баяндап, қолданылатын технологиялар мен сүт өнімдерін өндіретін технологиялық желілер орналасқан өндірістік цехтың жабдықтары туралы мәлімдеді.
Б.Сағынтаев Қазақстанның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының бірі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-тың өндірістік нысандарын, олардың ішінде ЖЭЦ-2 және №3 домна пешін аралады. Онда Энергетика министрі Қ. Бозымбаев тұтынушыларды жылу және электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету бойынша аса маңызды міндетті орындау шаралары туралы айтып өтті. Премьер-Министр №3 домна пешіндегі шойын шығару процесімен танысты. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Калон Парамжит Үкімет басшысына компанияның қызметі және дамудың алдағы перспективалары жайлы баяндады.
Облысқа жұмыс сапарын Б.Сағынтаев еліміздің моноқалаларын дамыту жөнінде жұмыс кеңесімен түйіндеді.
Іс-шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, моноқалалардың әкімдері және өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарының басшылары қатысты. Кездесуге қатысушылар өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясындағы моноқалаларды дамыту барысын, «зәкірлік» инвестициялық жобаларды іске асыру барысын, тоқтап қалған және толық жүктелмеген жобалар мәселелерін, сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамытудың түйткілді мәселелерін талқылады. Осы тақырыптар бойынша Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады. Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев еліміздің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының басым бөлігі моноқалаларда орналасқанын және жүйе құраушы болып табылатынын атап өтті. Сондықтан, еліміздің Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру аясында осындай зауыттарды технологиялық жаңғырту осы елді мекендердің тұрғындары үшін аса маңызды. Сонымен қатар, моноқалалардың болашағы халықтың белсенді бөлігіне, атап айтқанда, туризм және ауыл шаруашылығы сияқты салаларды дамытуға қаражат сала алатын кәсіпкерлерге байланысты екендігі атап өтілді. Премьер-Министр мемлекеттік органдарға кеңесте айтылған ұсыныстарды моноқалалардың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында оларды дамытудың әрекеттегі бағдарламасына өзгерістер әзірлеу кезінде ескеруді тапсырды.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы