Медицина • 31 Шілде, 2017

Бүгінгінің Атымтай жомартымен жүздесу

230 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бүгінгінің Атымтай жомартымен жүздесу

Алып шаһар Алматының түбінде тұрып, ел көрген  көгілдір отынның қызығын көрмеген бірден-бір аймақ – жыр алыбы Жамбыл атындағы аудан болатын. Аудан орталығы Ұзын­ағашқа газ келген қуанышты ол сәттер «күні кешеге» айналды. Бұл игілікті істің басында «Тәуекел газ құбыры» компаниясы тұрды. Ауыл және аудан жұртшылығына ғана емес, күллі облыс аумағына аты жайылған сол мекеменің кеңсесінде рухани та­нымдық кездесу өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Егемен Қазақ­стан» газетінде жарияланған «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласының аясында өткен шараға байла­нысты ұжымға есімдері елге таны­мал азаматтар ат басын арнайы бұрып келді. Қазақтан шыққан тұң­ғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров жүздесудің маңызын шынайы тілмен былай түсіндірді.
– Елбасы мақаласында «Праг­матизм – өзіңнің ұлттық және же­ке бай­лы­ғыңды нақты білу, оны үнем­ді пайдаланып, соған сәйкес бола­шағыңды жоспарлап алу, ысы­рап­шылдық пен астамшылдыққа, даң­ғойлық пен кердеңдікке жол бермеу  деген сөз» деп атап көрсетті емес пе? «Тәуекел газ құбыры» мекеме­сінің  басшысы Данияр Нұр­баевты көптен танитындықтан да мен оны Прези­дентіміз жоғарыда айт­қандай, бүгін­гі жаңа қоғамның бола­шаққа нық сенім­мен қадам жаса­ған азаматы деп біле­мін. Біздің бұл кездесуіміздің түп­кі мәні де осы­нау атпал азаматтың абы­ройын ас­қақ­­та­ту, мерейін өсіру. Еліміз­дің еңсе­сін көтеруге үлес қосқан Данияр Мол­­дияр­ұлын­дай сана­лы азамат­тары­­мыз ла­йым көп болғай, – деген бү­гін­гі белгілі кәсіпкер Молдияр Нұрбаевты «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарына қосуға лайық азамат деп ой түйіндеді. Айтпақшы, атақ­ты спортшының өзі де осы ауданда ауыл шаруа­шылығы саласында кәсіп­керлікпен айналысады.  
– Жақсылық ағамның сөзін сабақ­тайын, – деген жазу-
шы-кәсіпкер, Жам­­­был ауданының құрметті азаматы Манар­бек Ізбасар былай деді: – Аз ғана уақыт ішінде аудан хал­қын кө­­гіл­дір отынмен қамтамасыз еткен Данияр Нұрбаевты қазіргі зама­нымыздың қаһарманы деп айта­мыз. Мұның сыртында ол аудан бойын­ша әлеу­меттік қолдауды қажет ете­тін 400 отбасына газ құбырын те­гін жүргізіп, ошақтарына от берді. Бұ­ған қалай жаның сүйсінбейді? Қос кәсіп­кердің сөзін облыстың құрметті аза­маты, белгілі қаламгер Күмісжан Бай­жан қызу қостап, Жамбылдан бата алған жыршы-термеші Өмірзақ Қарғабаевтың ұлы Өміртай ақын жырдан шашу шашты.
Өнер адамдарының тоқай­ла­сып елі үшін еңбек еткен азаматқа ерекше мадақ білдіруі тектен тек емес. Өйткені, бизнесмен Данияр Нұрбаев ау­дан өмірінде өтіп  жататын қандай да бір мәдени-әдеби іс-шараларға қатысудан, оған қолдау көрсетуден еш­уақытта тыс қалған емес. Оның бір мысалы, кәсіпкер жігіт атақты Сүйін­бай ақынның кесенесі жанынан ақынға тағзым етіп келушілер үшін аяқ суытып, тыныстайтын жайлы ғи­марат салып берді. Тізбелесе Ұзынағаштың бүгінгі Атымтай жомартының ауыз толтырып айтатындай атқарған игі істері шаш етектен екені байқалады. Өз кезегінде сөз алған «Тәуекел газ құбыры» ЖШС  басшысы Данияр Нұрбаев ұжымының атынан ел ағаларына – мекеменің бүгінгі құрметті қонақтарына ілтипаты үшін алғыс айтты. Халық үшін, елдің бо­ла­шағы үшін ұлттық мұраттар мен Қазақ­станды барлық салада алға жыл­жытуға шамшырақ болатын басты бағдарға сай болашақта да еңбектерін есе­лей беретіндіктеріне сендірді. 
Басты бағдарламада атап көрсе­тілгендей қоғамдық сананы тек сая­си және эко­но­микалық тұрғы­дан ға­на емес, рухани жағынан да жаңғы­ру қажет екені осынау жылы жүз­десуде ерекше көрініс тапты.

Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Суретті түсірген Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ