Медицина • 31 Шілде, 2017

Құтқару да өнер

214 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетау қаласында құтқарушыларды даярлайтын ерекше кешен пайда болды. Қаладағы Көпсалалы азаматтық қорғаныс колледжі базасында ашылған оқыту-жаттығу және ғылыми-зерттеу нысандары енді құтқарушыларды кәсіби деңгейде шыңдайтын нағыз «ұстаханаға» айналып отыр.

Құтқару да өнер

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында білімге ерекше маңыз берген-ді. Кәсіби білімді дамыту міне, осы талапқа жауап берумен қатар, жастардың бұл өмірдегі өз орындарын табуына қолғабыс та болады. Бұл ретте Көкшетау қаласында адамдардың өмірін сақтап қала алатын мамандарды даярлайтын екі бірдей нысанның қолданысқа берілуі шынымен де қуанышты жайт. Мұнда дайындалатындар төтенше жағдайда не істеулері керектігін жақсы мең­ге­румен қатар, қорқынышты же­ңу­дің де хас шеберлері бола алады. Мұндай машықты енді олар өрт-құтқарушыларды даярлайтын манеж бен әскери жекпе-жек өне­рін зерттейтін ғылыми-зерттеу орта­лы­ғы және қолданбалы зертхана ар­қылы жүзеге асыратын болады. 
Аталған кешен Көпсалалы аза­маттық қорғаныс колледжінде ор­наласқан. Оқу орнының басшысы Шоқан Қасымның сөзіне қарағанда, ме­кеме базасында 2009 жылдан «Өрт қауіпсіздігі» және «Төтенше жағ­дайларда қорғау» салалық ма­мандықтар ашылған. Осылайша ма­мандардың машықтарын ұш­тап, кә­сіби даярлығын барынша артт­ы­ру­-
ға жағдай жасалғанын ерекше атап кеткен жөн. 
Өрт-құтқару манежінің қол­дан­ысқа берілуімен енді жат­ты­ғу­лар­ды күн демей, түн демей, тіп­ті, жылдың барлық мезгілінде жүр­гізе беруге мүмкіндік туып отыр. Төрт қабатты өрт сөндіру мұ­на­ра­сын­да студ­енттер өздерінің бо­лашақ құт­қа­рушылар ретіндегі ма­шығы мен ептілігін, тіпті төзім­ді­лігін барынша шыңдайтын болады. Сондай-ақ, аталған оқу орны Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымымен байланысты екенін ескерсек, енді колледждің спорттық манеж базасында халық­ара­лық шараларды өткізуге де мүм­кіндік бар. 
Ал әскери жекпе-жек өне­рін зерт­тейтін ғылыми-зерт­теу орта­лы­ғының ашылуы спорт­шы­лар­дың әскери жекпе-жек өнерінің философиясын, биомеханикасын жә­не физиологиясын терең ұғынуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, даярлық барысы жаттығуда жарақат алып қалуға, сондай-ақ, адамдардың денсаулығына нұқсан келтіріп алудан қорғауға септесетін болады. ҒЗО жанындағы Қолданбалы зертхана «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша оқытылып жатқандардың әлеуетін арттыруға өзіндік үлесін қосатыны түсінікті де. 
Бұған қоса, колледж ауласында заманауи өрт және апатты-құтқару техникаларымен жабдықталған апатты-құтқару бөлімі депосының ғимараты да салынған.
 
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы