Медицина • 31 Шілде, 2017

Көшедегі көшелі сөздер

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Көшедегі көшелі сөздер

«Өскеменім, қашан сенен қазақы от көремін» деп жырлап еді дүниеден жарық жұлдыздай жарқ етіп ағып өткен ақын, режиссер Рүстем Есдәулетов. Өскемен өнері­нің тасын өрге домалату­ға өлшеусіз үлес қосқан дарынды жастың арманы енді орындала бастаған секілді. Жақында өндірісті шаһардың көрнекті жерлеріне алаштың ардақтылары, ұлт ұстаздары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтың көшелі сөздерінің ілінуі сөзімізге дәлел. Саналы ғұмырын милләтінің мүддесіне арнаған тұлғалардың «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден», «Жұрт әділ бол­май, жұрт ісі оңға баспай­ды» (Әлихан Бөкейхан), «Балам дейтін жұрт болмаса – жұр­­тым дейтін бала қайдан шықсын», «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» (Ахмет Байтұрсынұлы) деген секілді салиқалы сөздері қала көшелерінің ажарын ашып, көркін кіргізе түскендей.


Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкері Әлібек Тұрсымбетов кескекті дәуірдің кесек қайраткерлері­нің қанатты сөздері «Алаш» партиясының 100 жылдығы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген мін­дет­терді жүзеге асыру аясын­да шаһардың Қазақстан, М.Горь­кий көшелері және Қ.Сәт­паев, Тәуелсіздік, Абай, Жеңіс даңғылдары бойындағы 19 бил­бордқа орналастырыл­ға­нын айтады. «Алдағы уақытта қала көшелеріне Шәкәрім Құдай­бердіұлы, Райымжан Мәрсеков, Мәннан Тұрғанбаев, Биахмет Сәр­сенов сынды алаш­тың өзге де қай­раткерлерінің тағылымды сөздерін ілуді жос­парлап отырмыз. Бұдан бөлек өңір тарихының тереңнен тамыр тартатынын айғақтайтын Берел, Шілікті қор­ғандары, Жидебай секілді тари­хи орындар туралы сыр шер­тетін құнды мағлұматтарды да шаһар­дың көрнекті жерлеріне орналас­тырмақ ойдамыз», дейді ол.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН