Футбол • 31 Шілде, 2017

Неймар ертең ПСЖ ойыншысы атануы мүмкін

249 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

"Барселона" футбол командасының шабуылшысы Неймар ертең, яғни 1 тамыз күні "Пари Сен Жермен" клубына ауысар алдында Қатарда медициналық тексерістен өтеді. Бұл туралы Marca басылымы хабарлады.

Неймар ертең ПСЖ ойыншысы атануы мүмкін

Бразилиялық шабуылшы маусым алдындағы турлардан кейін "Барселонамен" бірге Испанияға оралмаған.

Осыған дейін ПСЖ басшысы Нассер әл Хелайфи осы трансфер үшін келісімшартта көрсетілген 220 млн еуроны төлеуге дайын екенін мәлімдеген болатын. Ал ойыншының париждік ұжымға ауысқаны үшін 50 млн еуро, ал оның әкесі әрі агенті 36 млн еуро көлемінде сыйақы алмақ.

Сонымен қатар, Неймар 2022 жылы Қатарда өтетін әлем чемпионатының елшісі атануы мүмкін. 

Айта кетейік, Неймарды каталониялық команда 2013 жылдың жазында бразилиялық "Сантостан" ресми түрде 57 млн еуроға сатып алған. Алайда клубты да, ойыншыны да Испания мен Бразилияның арнайы мекемелері салық төлеуден жалтарды деп айыптап, түрлі көлемде айыппұл салған болатын. Тағы бір айта кетерлігі осы трансферден "Сантосқа" ресми түрде 17 млн еуро ғана түскен. Ал қалған қаржы Неймарға иелік ететін компанияға аударылды.

Егер алдағы уақытта Неймар ресми түрде париждік ұжымға ауысар болса, қаржылық фэйр плей заңын бұзуы әбден мүмкін. Ал егер осы жайт тіркелген болса, УЕФА басшылығы ПСЖ-ны Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасына қатысуына шектеу қойып, жаңа трансферлер жасауына тыйым салуы мүмкін.

Ол "Барселона" сапында бүгінге дейін барлығы 186 ресми ойынға қатысып, 106 голдың авторы атанды.