Қазақстан • 31 Шілде, 2017

70-тен астам елордалық кәсіпкер балабақша ашуға ниет білдіруде

144 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Кәсіпкерлердің мектепке дейінгі ұйымды ашу бастамасына құқықтық және консультативтік қолдау» тақырыбында ашық есік күні өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

70-тен астам елордалық кәсіпкер балабақша ашуға ниет білдіруде

Қалалық Білім басқармасы Қазақстандық мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырған іс-шарада әлеуметтік маңызы мол жобамен айналысуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге тегін консультация берілді.

Оқушылар сарайында орын алған шара мүдделі тұлғалардың барлығын бір жерде жинады. Олар  мектепке дейінгі мекемені ашуға ниет білдірген кәсіпкерлер, жекеменшік балабақшаны ашудың сәтті тәжірибесі бар білікті мекеме басшылары және  осындай мекемені ашудың тәртібі, оған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру туралы қажетті ақпарат ұсынуға дайын болған мемлекеттік құрылым өкілдері.

Қазір астаналық балабақшаға 47 мыңға жуық бала барады. Олардың 27 193-і мемлекеттік, 14 854-і жеке бақшаға барады. Шамамен 5 мың бүлдіршін шағын орталыққа және мектепке дейінгі мекемелерге (мектепке даярлық орталықтары) барады. Күн сайын жеке бақшаға жолдама алатын бүлдіршіндердің саны артуда.

Елордалық бүлдіршіндерді мектепке дейінгі дайындықпен 100% қамтамасыз ету мақсатында,  жекеменшік сектормен тығыз жұмыс жүргізілуде. 2016 жылы мемлекеттік тапсырысы бар 4 000 орында қамтитын 44 жеке балабақша ашылып, бүгінгі таңда қызмет жасауда. Осы жылы Білім басқармасына кәсіпкерлер тарапынан 5 мыңнан астам орынды қамтамасыз ететін жекеменшік балабақшаларға тапсырыс берілген. Бұл санды көбейту көзделіп отыр.

2017 жылы 480 орындық 2 мемлекеттік балабақша және ұлттық компаниялар қол қойған меморандум аясында 720 орындық үш балабақшаны тапсыру жоспарланған, сондай-ақ балабақшалар құрылысы бойынша жекеменшік серіктестерді анықтау конкурсы өткізілді. Қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 2019 жылы 1 680 орынды қамтитын 6 балабақшаның жобасы жүзеге асырылуда.