ЭКСПО-2017 • 31 Шілде, 2017

Әйгілі опера әншісі Пласидо Доминго ЭКСПО-ны аралады

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы әлемге әйгілі опера әншісі Пласидо Домингоны, сондай-ақ оның отбасы мүшелерін ЭКСПО көрмесінің аумағына әкелді.

Әйгілі опера әншісі Пласидо Доминго ЭКСПО-ны аралады

Ол көрме алаңын алдымен Қазақстан павильонынан бастады. Пласидо Доминго ең бірінші құрметті қонақтарға арналған кітапқа жылы лебіздерін жазып, қолтаңбасын қалдырды. Осыдан кейін "Нұр Әлем" ішіндегі "Қазақстанның қонақжайлылығы" тақтайшасына көз жүгіртті. Мұнда ол "қонақасы", "ауыз тию", "қонақкәде", "ат мінгізіп, шапан жабу", "сарқыт", "бел көтерер" секілді ұлтымыздың салт-дәстүрімен қысқаша танысып өтті. Қазақ xалқының осындай дарxан мінезіне, салт-дәстүріне деген таңданысын жасыра алмаған әнші еріксіз "fantastic" деумен ғана болды.

Ал ертегіде айтылатын Самұрық құстың жұмыртқасы орналасқан алып ағаштың макетіне келгенде "Бәйтерек" ғимаратының сырына іштей қанық болды.

«Астанаға осымен екінші рет келіп отырмын. Алғаш келгенімнен-ақ қазақ xалқының қонақжайлылығын сезіндім. "Нұр Әлем" павильонын аралағанымнан кейін қазақ ұлтының дарxан көңілді мінезінің, сырын ұққандай болдым. Ал ЭКСПО-дан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бейне бір өзге әлемге немесе болашаққа еніп кеткендей күйде қалып отырмын. Осыған дейін талай көрмеге қатыстым, концерттерімді өткіздім. Бірақ бұл ЭКСПО олардан ерекше», деді опера әншісі.

«Нұр Әлем» павильонынан шығар алдында ол фонтанға тиын лақтырып, іштей тілек тіледі. Ал өзімен бірге еріп келген немересі ең жоғарғы қабатта орналасқан шыны еденнің ұнағанын айтты. ЭКСПО аумағында тағы да Австрия, Германия, сондай-ақ туған елі Испанияның павильондарын аралап шықты.

«Бірер күн бұрын ғана елордамызда Пласидо Домингоның «Опералия» конкурсы өтті. Ол ЭКСПО-ның көркіне көрік бергендей болды. Бүгін отбасымен бірге кешен аумағына келіп отыр. Мұндай әлемге танымал тұлғалардың жылы лебізін білдіруі біз үшін үлкен қуаныш», деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхаммедиұлы.

Айта кетейік, Пласидо Доминго Астанаға бірер апта бұрын келген болатын. Бүгінге дейін оның дүние жүзіне белгілі «Опералия» байқауы ұйымдастырылды. Осыған орай елордадағы «Опера және балет» театры ғимаратында әншінің қатысуымен арнайы баспасөз-конференциясы ұйымдастырылған болатын. Ол ең бірінші Қазақстан астанасына тоғыз жыл бұрын келгенін, осы уақыт аралығында бас қаланың адам танымастай өзгеріп кеткенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, «Опералия» байқауы арқылы қатысушылардың өнері алға жылжып, әлемге таныла бастайды. Өз сөзінде ол «Опералияның ең алғашқы, яғни 1993 жылғы жеңімпазы швециялық Нина Штеменді мысалға келтірген болатын. Сонымен қатар, ол «Опералияға» қатысушылардың білімін шыңдау үшін әркез көмек беріп тұратынын айтқан. Ал Астанада өткен бәйгеге әлемнің 17 елінен 40 дарынды әнші қатысты.

Бұл сынға Қазақстан атынан «Астан Операның» солисі, бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы Мария Мудряк, сондай-ақ, Расул Жармағанбетов, Дамир Сәдуақасов, Станислав Ли қатысқан болатын. Ал ақтық бәсекеге Мария Мудряк жолдама алды. Қазылар алқасы мен көрермендердің дауыс беруі қорытындысы бойынша отандасымыз үшінші орынға ие болған еді.

Аян ӘБДУӘЛИ,
"Егемен Қазақстан"