Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың және Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың қатысуымен Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Ядросыз әлем халықаралық форумы басталады. Осыған орай кеше еліміз Сыртқы істер министрі бірқатар шетелдік делегация өкілдерімен кездесті.
Жалпы, аталған форумға 200-ге тарта қонақ шақырылса, олардың ішінде Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус, қарусыздану және таратпау саласындағы халықаралық және отандық ҮЕҰ, сарапшылық қауымдастығы, академиялық топ, әлем елдері парламенттері мен үкіметтерінің халықаралық саясаттағы белді ардагерлері, негізгі ядролық қарусыздану саласында өзін танытып келе жатқан елдердің саяси тұлғалары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.
Солардың бірі Оңтүстік Африка Республикасының бұрынғы президенті, Нобель сыйлығының лауреаты Фредерик де Клерк еліміз сыртқы саясат ведомствосының басшысымен жарты сағаттан астам сөйлесті. Ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген брифингте ОАР-дың Қазақстан сияқты ядролық қарудан бас тартқан ел екендігін айта келіп, бұл оның президент болып тұрған кезінде жүзеге асырылғандығын көлденең тартты. Қазақстанда өтетін форум маңызды болып саналады, сондықтан алқалы отырыс соңынан арнайы құжат қабылдануы тиіс, деді Нобель лауреаты. Жапониядағы Фукусима-1 атом электр стансасындағы жарылысқа қатысты ойын білдірген Фредерик де Клерк оның ядролық қаруға қарсыларға үлкен күш бергендігін жеткізді. Жаһандық ауа райының жылынуы жағдайында ядролық қаруды пайдалануды дұрыс санамайтындығын ортаға салған ол ядролық отынды бейбіт мақсатқа пайдалануға қарсы емес екендігін атады.
Сондай-ақ кеше Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Турбьорн Ягландпен кездесуі болды. Қазақстан – заңдардың үстемдігі мен адам құқының демократиялық стандарттар мен принциптеріне негізделген, тиімді басқаруды жылжытуға қатысты жартылай келісімдер мен бірқатар құқықтық құжаттарға қатыса отырып, Еуропа Кеңесімен байланыстарды тереңдетуге мүдделілік танытып келе жатқан ел. Сондықтан да қазақстандық министр Т.Ягландқа еліміздің Венеция комиссиясына толыққанды мүшелігіне тапсырысты табыстады. Осы ретте Демократияға құқық арқылы еуропалық комиссиясы немесе қала атымен аталып кеткен Венеция комиссиясы Еуропа Кеңесіне 18 мүше мемлекеттің жартылай келісімі бойынша 1990 жылы құрылғандығын айта кету керек. Ал 2002 жылдың ақпанында комиссия кеңейтілген келісімге айналып, оған еуропалық емес мемлекеттер де кіре бастады. Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов пен Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Турбьорн Ягланд бірлескен мәлімдеме жасады.
Сыртқы істер министрі мен Бас хатшы Қазақстанның конвенцияларға қосылуын қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықты жандандыруға дайын екендерін білдірді. Парламенттік ынтымақтастық маңызды сала болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, балалар құқықтарын қорғау, мәдени ынтымақтастыққа, этносаралық және мәдениетаралық үнқатысуға ерекше көңіл бөлінген. Сондай-ақ, тараптар Қазақстанның Еуропа Кеңесінің тиісті жекелеген келісімдеріне қосылуының тиімділігіне ерекше ден қойды. Қазақстанның білім, мәдениет, жастар және спорт салаларындағы еуропалық мәдени конвенцияға қатысуына негізделген ынтымақтастық үшін әлеуетті зерделеуге келісім берілді. Бұл бағыттағы ынтымақтастық сәтті бастамаға ие және екі тарап та оның ілгерілеуіне үміт артады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.