Аймақтар • 01 Тамыз, 2017

Сағынай қажы талайдың сауабын алды

316 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Егеменнің» Ақтөбе облысындағы тілшілер қосынына жастары жетпісті еркін еңсерген ел ағалары келді. Өздерін Сәрсенғали Досмағамбетов және Жолдығали Қылышбаев деп таныстырды. Екеуі де зейнет жасына дейін педагогика саласында қызмет жасапты. Содан соң келген шаруаларын айтты. Олардың бас басылым өкіліне айтайын дегендері жеке бастарының қамы мен мүдделері емес, бүгінгі жеткіншектер тәрбиесіне қатысты мәселелер болып шықты. Қос ақсақалдың әңгімесінің түйіні төмендегідей.

Сағынай қажы талайдың сауабын алды

Облыс орталығы маңайында орналасқан Жаңа­қоныс ауылындағы орта мектеп үйі әбден тозығы жетіп, ескіріп қалған соң бүгінгі заманға сай сәні мен сәулеті келіскен 600 орындық сыңғырлаған жаңа мектеп ғимараты бой көтеріпті. Ал босап қалған бұ­рын­ғы мектеп үйі ескі әрі тар демесеңіз іргетасы мық­ты, күр­делі жөндеу жүргізсе әлі де біраз жыл пай­далануға тұрарлықтай екен. Осы мәселенің ше­шімін Новый ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағынай Құсайынов ұсыныпты. Ол тек ұсы­ныс жасап қана қоймай, ескі мектептің бүгінгі ұр­пақ мүддесіне қызмет жасауына тікелей бастамашы бола біліпті. Сөйтіп ел ішінде абырой беделі жоғары адамгершілігі мен кісілігі мол Сағынай қажының қолдауының нәтижесінде аталған нысан күрделі жөндеу жүргізілген соң 523 жеткіншекті қабылдай алатын балалар шығармашылық үйіне айналыпты. Егер Сәкең бұл іске белшеше кіріспегенде ескі мектеп талан-таражға түсіп, оның материалдары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен болар еді деді ақсақалдар. Қазіргі күні қайта жаңғыртылған ғимарат өзінің мүмкіндігін толық пайдаланып отырғаны да ақсақалдардың «Егеменге» келуіне түрткі болыпты.

Орталықта 28 үйірме жұмыс істейді екен. Шығар­машылық үйінде балалардың сабақтан тыс уақыттарын тиімді түрде өткізуіне, өнердің тілін тауып, спортпен шұғылдануына барлық жағдайлар жасалыпты. Бұл орталық ашылып іске кіріскеннен кейін де Сағынай қажы олармен байланысты үзбепті. Күрес кілемін және автобус алып беруге септігін тигізіпті. Бүгінде құрылғанына бір жыл толып отырғанын шығармашылық үйінің тәрбиеленушілері осы қысқа уақыт ішінде 28 республикалық және халықаралық жүлделерге ие болыпты.

Білім саласы ардагерлерінің айтуынша, Сағынай қажының ұрпақ тәрбиесіне тигізген шапағаты тек бір шығармашылық үйімен шектелмейді. Бұған дейінгі өтпелі жылдардың күрделі кезеңдерінде Нұрашасай мектебінің орта мектеп мәртебесіне иеленуіне де ықпал жасапты. Бұл үшін қажетті делінген барлық жөндеу жұмыстарын тікелей өзі басқарыпты. Осы арқылы 40 жұмыс орны ашылған. Әрі әрбір ұстаз бен тәрбиеші жеткіншектерді тәрбиелеу секілді сүйікті ісімен айналысуларына мүмкіндік алыпты.

«Сағынай Құсайынов адамдарға тек жақсылық жасау үшін жаратылған жан. Ол талай адамдардың сауабын алды. Қамыққанды жұбатты. «Жанам деген жүректерге от берді», «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дегендей біз «Егеменге» ел үшін еңбектенуден танбайтын Сәкеңнің, Сағынай қажының үлкен жүрегі туралы айту үшін келіп отырмыз. Біз осындай абзал да асыл азаматтың есімі «Егеменнің» бетінен көрініс тапқанын қалаймыз», деді олар аттанар сәтте.

Біз де ақсақалдардың тілегін газетімізге жолда­ғанды жөн көрдік.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы