Қазақстан • 01 Тамыз, 2017

Доминго даралаған дүлдүлдер

117 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада өткен XXV «Опералия» байқауының жеңімпаздарын Пласидо Доминго жария етті. Опера өнерінің жас өкілдері Адела Захариа (сопрано, Румыния) мен Леви Секхапан (тенор, Оңтүстік Африка) халықаралық «Опера­лия» байқауының бас жүлдесін иеленіп, ең жоғарғы 30 мың доллар көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал екінші орынға, 20 мың долларлық жеңіске Кристина Мхи­тарян (сопрано, Ресей) мен Давиде Джусти (тенор, Италия) қол жет­кізді. Үшінші орын, 10 мың доллар жерлесіміз Мария Мудряк (сопрано) пен Леон Кимнің (баритон, Корея) еншісіне бұйырды.

Доминго даралаған дүлдүлдер

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «ЭКСПО-2017» бағдарла­масы аясында «Астана Опера» МОБТ-да өткен опера өнерінің ХХV халықаралық байқауы осы жылдың жарқын мәдени оқиғаларының бірі деуге толық негіз бар.

Жыл сайын «Опералияға» қатысу үшін жүздеген үміткерден өтінім түседі, олардың ішінен тек таңдаулы 40 әнші ғана халықаралық қазылар алқасы алдында өнер көрсету мүмкіндігін иеленеді. Бір ай­та кетерлігі, вокалдық жарыс әлемнің түр­лі қалаларында өткізіліп келеді. Осы жылы 17 елден қатысушы әртістер Ас­та­­на­ға ат басын бұрды. Пласидо Домин­го­­­ның дауыс беруге қатыспайтыны бел­­гілі, алайда, соған қарамастан опера май­тал­маны барлық байқау кезеңінде әнші­лер­ге қолдан келгенше көмегін аямай, олар­дың шығармашылығы мен өнеріне қа­тыс­ты ақыл-кеңесін беріп отыруда еш жалыққан жоқ.

Осы орайда айта кететін жайт, ең жас вокал­шының Пласидо Домингоның Лос-Анд­желес (АҚШ) пен Валенсияда (Испания) ашқан жастар бағдарламасына қатысуға мүм­кіндігі бар. Бірақ мұндай бақытқа кім ие бо­латынын Домингоның өзі емес,  бай­қау­дың ұйымдастыру коми­теті шешеді.

Дәстүр бойынша байқаудың ақ­тық ке­зе­ңінің ресми ашылуынан кейін П.До­минго «Астана Опера» симфониялық оркестрінің дирижерлік пультіне жайғасты. Егер алдыңғы кезеңдерде қатысушылардың қазылар алдында 2 туынды орындау мүм­кіндігі болса, шешуші сайыста 14 қаты­су­шы бір опера­лық ариядан әзірлеген еді.

Сарсуэланы үздік орындағаны үшін 5 қатысушы-үміткер опереттаға жақын болып келетін испан музыкалық-сахна­лық жанрынан бір ариядан орындады. Нәтижесінде Пласидо Домингоның ана­сы, Пепита Эмбил де Доминго сый­лы­ғы және 10 мың доллар Адела Заха­риа­ға (сопрано, Румыния) бұйырды, ал маэ­стро Домингоның әкесі, үлкен-Пла­сидо Доминго сыйлығы мен 10 мың дол­лар­ды Марко Чапони (тенор, Италия) алды.

Рихард Вагнер мен Рихард Штраус операларынан репертуарды үздік орындағаны үшін атақты швед әншісі Биргит Нильсон атындағы қосымша жүлде мен 15 мың доллар көлеміндегі ақшалай қаражат Оксана Секерина (сопрано, Ресей) мен Борис Приглге (бас-баритон, Чехия) бұйырды.

Опера ариялары мен сарсуэла шыр­қалғаннан кейін, барлық қатысу­шылар Пласи­до Доминго сүйемелдеуіндегі «Астана Опера» оркестрімен маэстроның ұлы, кіші-Пласидо Доминго жазған «Опера­лия­ның» ресми әнұранын орындады.

Финалдық кезең аяқталған соң, қазылар алқасы ғана емес, сондай-ақ, көрермендер де сүйікті қатысушысына дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Алдын ала берілген қызыл және көк түсті карточкаларды байқауға қатысу­шы­лардың суреттері бекітілген ар­найы қораптарға тастады. «Роликс» ком­паниясының өкілі роликс қол сағаты түрін­дегі «Көрермен көзайымы» жүлдесін Мария Мудряк (сопрано, Қазақстан)  пен Леон Кимге (баритон, Корея Респуб­ликасы) табыс етті.

Биыл Астанада өткен байқауда маэстро Пласидо Доминго ақтық сайысқа жет­кен, бірақ негізгі ақшалай қаражатқа қол жеткізе алмаған əрбір қатысушыны 5000 доллар көлеміндегі ынталандыру сыйлығымен марапаттау туралы шешім қабылдады. Ынталандыру сыйлығына Руперт Энтикнап (контртенор, Ұлыбри­тания), Су Ён Пак (сопрано, Корея), Влада Боровко (сопрано, Ресей), Эммет О’Хэнлон (баритон, АҚШ), Руслана Коваль (сопрано, Украина), Дамиана Мицци (сопрано, Италия) ие болды.  

– Көптеген әншілер биік белестерді бағындырып үлгерген болуы мүмкін,  бірақ «Опералия» болмағанда олар туралы біз осыншама мол мағлұматқа қанығар ма едік? Міне, бұл «Опералияның» негізгі міндеті – әлемге жаңа әртістерді таныту, олардың есімін барынша паш ету, – деп атап өтті маэстро Доминго.

«Опералияға» КСРО халық әртісі Бибі­гүл Төлегенова құрметті қонақ ретін­де шақырылды. Ол әнші, музыкант, ди­ри­жер Пласидо Домингоның әлемдік дең­гейдегі ерекше дарынды тұлға екенін атап өтті.

– «Опералия» байқауының Қазақ­стан­да, елордамызда өткені біз үшін үлкен құрмет әрі орасан зор мақтаныш, – деді өз сөзінде Б.Төлегенова.

Қаршыға КҮЛЕН