Көк байрағымыздың ашық аспан астында ұлы даланың еркін самалымен асқақ желбірегеніне 20 жыл толды. Тәуелсіздік атты тәтті сөздің санамызға сіңіп, көкірегімізді кернегеніне де осынша уақыт болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2011 жыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп жарияланды. «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» – біздің мерейтойымыздың ұраны осы деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Осы бүкілхалықтық ұлы мерекеге орай Жалпыұлттық жоспар бекітілгені де белгілі. Осы жоспар шеңберінде еліміздің бас қаласында барлық облыстардың мәдени күндерін өткізу жоспарланған болатын. Бұғанға дейін Астана қаласында Атырау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының күндері өткендігін газетімізде молынан паш еткен едік. Бүгін міне, елордамызда Қарағанды, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облысының күндері бастау алды.
ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРАҒАНДЫНЫҢ ТАРТУЫ
Қарағанды! Отандық индустрияның қарашаңырағы аталатын өндірісті өңірдің биылғы жылы 8 айдың қорытындысы бойынша, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 870 миллиард теңгеден асқан. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жыл басынан бері облыста жалпы құны 4 миллиард теңгеге жуық 9 жоба іске қосылып, жүздеген жаңа жұмыс орны ашылды, жыл аяғына дейін тағы да жалпы құны 42 миллиард теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Ағымдағы жылдың 8 айында негізгі қорға 129,2 миллиард теңге инвестиция құйылған.
Өндірісті өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Өткен 8 айдың ішінде облыс бойынша барлық меншік түріндегі шаруашылықтар 66,8 мың тонна ет, 250 миллион дана жұмыртқа және басқа өнімдер өндірді. 8 айдың қорытындысы бойынша облыста тамақ өнеркәсібінің нақты көлемі индексі 105,1 пайызды құрады.
Қарағанды облысының ауыл шаруашылығында қол жеткізген жетістіктері Астана қаласындағы облыс күндері аясында өткізіліп жатқан жәрмеңкеде де кеңінен көрініс тапқан. Облыс әкімі Серік Ахметовтың айтуынша, қарағандылықтар бас қаламызда өтіп жатқан жәрмеңкеге 1 мың тоннадан астам әртүрлі азық-түлік тауарларын әкеліпті. Астана қаласы әкімдігінің алдындағы кең алаңды Арқаның асқақ әні мен күйіне бөлеген облыстың ауылшаруашылық тауар өндірушілері арнайы тігілген 99 шатырдағы сауда сөрелеріне өздері әкелген өнімдерін жайып салыпты. Әкімнің мәлімдеуінше қарағандылықтар саудалап жатқан азық-түлік тауарларының бағасы Астанадағы базарлар бағасынан 20-30 пайыз төмен. Мәселен, жоғарғы сортты ұнның 1 килосы 65-70 теңге, жұмыртқа 10 данасы – 120 теңге, сүт – 60, сары май – 850, сиыр еті – 900, қой еті – 850, қырыққабат – 25, сәбіз – 45 теңгеден сатылуда.
* * *
АҚТОҒАЙЛЫҚТАР АСУЫ
Сонау бір 90-шы жылдардың өтпелі кезеңінде ауданымызда мал басы селдіреп, өнім өндіру көлемі тұралап қалғаны да жасырын емес. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сара басшылығының арқасында Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аталып өтетін қазіргі кезеңде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы адам танымастай өзгерді десем, артық айтқандық емес.
Бүгінде ауданымызда 16 мың жылқы, 40 мыңнан астам ірі қара, 200 мыңнан астам қой өсіріледі. Біз соңғы жылдары ауданымызда түйе шаруашылығын дамытуға бетбұрыс жасадық. Аудандағы «Бектай», «Оңбай» және басқа шаруа қожалықтарында 600-ден астам ойсылқара тұқымы өсірілуде. Ақтоғай ауданы шекарасының 116 шақырым аумағын Балқаш көлі шайып жатыр. Осыған байланысты біз балық шаруашылығын дамытуды да назардан тыс қалдырғанымыз жоқ. Шашубай кентінде қоныс кепкен «Балқаш балық» АҚ кең көлемдегі балық өнімдерін өндірумен айналысады.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойы қарсаңында Астанада өткізіліп жатқан облысымыздың жәрмеңкесіне ақтоғайлықтар өздерінің қомақты үлесін қосты. Ауданымыздың ауыл шаруашылық еңбеккерлері бұл жәрмеңкеге 3 тонна сиыр етін, 3 тонна қой етін, 2 тонна жылқы етін, 3 тонна балық және басқа азық-түлік тауарларын әкелді. Мәселен, «Балқаш балық» АҚ өздеріне бөлінген сауда сөрелерінде бұқтырылған, тұздалған, кептірілген, филе сияқты 20 түрлі балық өнімдерін саудалауда. Сонымен бірге ақтоғайлықтар 1,5 тонна сүт өнімдерін, 400 литр қымыз және 400 литр шұбат әкелді.
Жәрмеңке аясында біз қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды да ұмытқанымыз жоқ. Арнайы ұйымдастырылған бригада жәрмеңке өтіп жатқан кезде жоғары сортты ұннан бауырсақ пісіріп, оны арнайы қапшықтарға салып, аз қамтамасыз етілген азаматтарға тарту етуде. Осы шара аясында біз 5 тонна ұннан пісірілген бауырсақты жұртшылыққа таратуды мақсат етіп отырмыз.
Ғабдрахман ОМАРОВ, Ақтоғай ауданының әкімі.