«Маңғыстау тарих пен табиғаттың бірге толғаған тамаша дастаны, бірге салған таңғажайып суреті, бірге шерткен тағылымды шежіресі», деп Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев айтқандай, бұл өңірдің тарихы мен тағылымын таңды таңға ұрып айтуға болады.
Енді шежірелі Маңғыстау түбегі ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы ішінде шын мәніндегі гүлдену дәуірін бастан кешіруде. Қара алтыннан қаржы айырған Маңғыстау облысы осы 20 жыл ішінде ел экономикасының ғарышты дамуына қомақты үлес қосты. Бүгінде бұл өңір өнеркәсіп өндірісінің жалпы республикалық өсімінің 16,5 пайызын қамтамасыз етеді. Егемендіктің ерен экономикалық даму жылдарындағы жетістіктің бұл республика бойынша екінші көрсеткіші. Басқасын былай қойғанда, ағымдағы жылдың 8 ай ішінде Маңғыстау облысы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 378,3 миллиард теңгені құрап отыр.
Мемлекет басшысы еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының Тәуелсіздік жылдар ішінде жеткен жетістікпен пара-пар екендігін атап айтқаны белгілі. Ендеше индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде ел экономикасының дамуындағы бұл облыстың үлесі қомақты. Маңғыстау облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Халила Хабижанқызы Нұрғалиеваның айтуынша, индустрияландыру картасы бойынша облыста республикалық маңыздағы 8 ірі жоба, өңірлік маңыздағы 16 жоба жүзеге асырылмақ. Үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында жалпы құны 11,5 миллиард теңге болатын индустриялық жоба пайдалануға берілсе, жыл аяғына дейін жалпы құны 73,5 миллиард теңге болатын 9 ірі жоба жүзеге асырылмақ. Осы индустриялық жобалар шеңберінде облыста 2 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2010 жылы облыста жалпы құны 37,7 миллиард теңге тұратын 9 ірі жоба іске қосылған болатын. Маңғыстау облысында шағын және орта бизнес субъектілерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазір олардың саны 35,2 мың құрылымды құрайды. Шағын және орта бизнес субъектілерінің өнім өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,6 есе өсіп, 223,8 миллиард теңгенің өнімін өндірді.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өңір тұрғындарының әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Тек ағымдағы жылдың 8 айында облыста 309,5 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді. Облыс еңбеккерлерінің орташа айлық жалақысы ағымдағы жылы 14 пайызға өсіп, орташа есеппен 142 279 теңгеге жетті. «Жол картасы» бағдарламасы аясында жыл басынан бері облыста 20 117 жаңа жұмыс орны ашылды. Биылғы жылы облыстың білім беру саласына 29,4 миллиард теңге, денсаулық сақтау саласына 11,7 миллиард теңге қаржы бөлінген. Жалпы алғанда облыстың әлеуметтік саласына биылғы жылы бюджеттен 44,3 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл облыс бюджеті жалпы көлемінің 42 пайызын құрайды.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Астана қаласында өткізіліп жатқан Маңғыстау облысының күндеріне мұнайшылар өңірі ірі әлеуметтік және экономикалық жетістіктерімен келіп отыр. Облыс күндері аясында Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында облыстың Тәуелсіздік жылдарындағы даму жетістіктерін айқындайтын көрме ұйымдастырылды.
* * *
ШЫМЫРЛАР ШЫҢДАЛҒАН ТҮБЕК
Биыл еліміз үшін ерекше елеулі жыл. Маңғыстау түбегінен сәлем жолдаған жұртшылықтың осы үлкен мерекеге деген ниеті шексіз. Біз бас қаламызда өтіп жатқан Маңғыстау облысының мәдени күндері шеңберіндегі шараларға облысымыздың әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін барынша паш етуге тырыстық.
Бейбітшілік және келісім сарайындағы облыстың экономикалық-әлеуметтік даму жетістіктерінің көрмесінде біз өңіріміздің 20 жыл ішіндегі қол жеткізген жетістіктерін кеңінен көрсетуге тырыстық. Ежелден қол өнер шеберлері мен тарихи танымдарға толы рухани жетістіктеріміз көрмеге келуші астаналықтар мен қала қонақтарының қызығушылығын туғызуда. Әсіресе, облысымыздың туризм және спорт саласында қол жеткізген жетістіктері көрмеге келушілерді бейжай қалдырмайды.
2006 жылы Маңғыстау облысының спортшылары «Turkish Open» халықаралық турнирінде бірінші орынды жеңіп алды. Бұл турнир халықаралық каратэ жарысы бойынша өткізілген. Каратэ-до бойынша облысымыздың құрама командасы еліміздің бірегей командаларының бірінен саналады.
Маңғыстау өңірі экономикалық табыстарымен қоса жас жеткіншектерді дене тәрбиесіне баулуда да үлкен жетістіктерге де жетіп келеді. Оған үстіміздегі жылы Шымкент қаласында өткізілген Қазақстан Республикасы ІІІ жазғы спартакиадасында облыс спортшылары жеңіл атлетикадан алтын алқаны жеңіп алғаны дәлел. Ұлттық спорт түрлерінен де маңғыстаулықтардың жеткен жетістіктері қомақты. Үстіміздегі жылы қазақ күресі бойынша өткізілген Республика чемпионатында облысымыздың спортшысы Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Иә, облысымызда әлеуметтік-экономикалық даму үрдісімен қатар өскелең ұрпақты дене тәрбиесі мен спортқа баулу мәселесі де ауқымды жүргізілуде.
Гүлсім ЖАРИЕВА, Маңғыстау облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы.