23 Қаңтар, 2010

ҰЙЫМ ТАРИХЫНЫҢ ЖАҢА ТАРАУЫН АШАДЫ

1427 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Дипломатиялық миссия басшылары Елбасының ЕҚЫҰ саммитін шақыру бастамасын осылай бағалады Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев елімізде тіркелген шетелдік диплома­тия­лық корпуспен кездесті. ЕҚЫҰ төрағасы, сыртқы саясат ведомствосының басшысы кездесуде дипломаттарды еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы  барысында назар аударатын негізгі мәселелермен таныстырды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ. Қанат Саудабаевтың Ұйым төр­ағасы ретінде дипломатиялық кор­пус­пен кездесуінде сөйлеген сөзі негізінен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде жүзеге асыры­ла­тын нақты бағдарламалық мақ­сат­тар мен міндеттерге құрылды. Өйт­кені, Іс басындағы төраға – Қазақстан Ұйымға қатысушы ел­дер­дің басын біріктіру арқылы көптен бері қордаланып қалған проб­лемалардың оң шешілуіне ық­пал етуді мақсат етіп отыр. Екін­шіден, бүгінде Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның Ұйымға төрағалық ету қызметіне кірісуіне байланысты Үндеуі әлемдік қоғамдастықтың үлкен қызығушылығын туғызып, оған танымал саясаткерлер жоғары баға беруде. ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің тұрақты өкілдерінің бағалауынша, Қазақстан көшбасшысының ерек­ше күш-жігері мен мақсаткерлігі Ұйымның жаңаруына қуатты сер­пін берді, деді Қанат Саудабаев осы­ған байланысты. Ұйым кеңіс­тігінде жаңа дәуірді бастау үшін ұжымдық күш жауапкершілігінің перспективаларын жандандырды. Біздің әріптестеріміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕҚЫҰ саммитін шақыру туралы бастамасы аса өзек­ті және дер шағында көтерілген­ді­гін ерекше атап өтті. Саммит жаңа қауіп-қатерлерге дәлме-дәл жауап беріп, Ұйымды айқындылыққа бейімдейді. Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі атап өткендей, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Мемлекет бас­шылары мен Үкімет басшы­ла­ры­ның жоғары деңгейдегі кез­де­суі­не дайындық және оны өткізу Ұйым­ға төрағалық етуші мемле­кет­тің аса маңызды міндеті болып та­былады. Саммит жөніндегі нақ­ты ұсынымдар Афинада өткен Сыртқы істер министрлері кеңесі­нің құжат­тарына кіргізілген, ұсы­ныстар Ве­на­дан да қолдау тауып отыр. Енді саммиттің күн тәртібін толықтыра түсу үдерісін кешік­тірмей бастау қажет. Сонымен қатар, саммитті өткізудің мерзімін белгілеу керек. Ал Қазақстан төрағалығының басымдықтарына келетін болсақ, оны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республика­сы­ның ЕҚЫҰ-ның төрағалық қыз­метіне кірісуіне арнаған Үндеуінде атап көрсеткен болатын. Олар төрт “Т”-дан тұрады: “траст” (сенім) “традишн” (дәстүр), “транспарен­си” (ашықтық) және “толеранс” (тө­зімділік). Зер сала қарайтын бол­сақ, осы ұғымдарда ауқымды бастамалардың жатқанын байқар едік. Жалпылай алғанда, Қазақстан еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ванкуверден Влади­вос­токқа дейінгі кеңістікте әртүрлі идеялар бойынша талқылаулар жүр­гізуге дайын және оларға бай­ла­нысты үнқатысуларға белсене қа­тысатын болады. Қанат Саудабаев дипломатиялық миссиялар басшы­ларын, сондай-ақ Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің Еуропадағы қауіпсіздік туралы шартты дайын­дау бастамасына қатысты пікір­та­ластың әрі қарай жалғасатынынан да хабардар етті. Биылғы жылы “Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шарт” күшіне енуі мүмкін деген бол­жамдар айтылуда. Аталған құ­жат күшіне енетін болса, ол ұзаққа созылған жанжалдарды шешуге, заңсыз есірткі айналымымен, лаң­кестік және басқа жаңа қауіп-қа­тер­лермен күресуге айтарлықтай сер­пін берер еді. Қазақстан төраға­лық барысында осы мәселелерге де баса назар аударады. Қанат Сауда­баев Ауғанстан проблемасына да арнайы тоқталып өтті. Оның ай­туынша, Ауғанстан проблемасы бү­гінде аса өзекті болып отыр. Сон­дықтан Қазақстанның төраға­лы­ғында Ұйым күн тәртібіндегі бас­ты мәселенің бірі – Ауғанстан проблемасы болмақ. Сондай-ақ, адами өлшемдерге де баса назар аударылады. Биыл ЕҚЫҰ-ға қатысушы 15 мемлекетте президенттік және пар­ламенттік сайлаулар өтеді, деп жал­ғастырды сөзін сыртқы саясат ве­дом­ствосының басшысы. Украина­да президенттік сайлау өтіп жатыр. Біз Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро мен Парламенттік Ассам­блея­ны сайлаулардың талаптарға сай өтуіне байқаушы ретінде қатысуға шақырамыз және Ұйым оны үй­лес­тіруде барлық мүмкіндіктерді жа­сайтын болады. Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі  сөзінің соңында Елбасының “ЕҚЫҰ-ның жағымды тарихи ресурсының да өз лимиті бар” деген сөзін келтіре ке­ліп, жаңа қауіп-қатерлер бой көрсе­тіп тұрған заманда олармен күресу Ұйымға мүше мемлекеттердің ортақ міндеті екендігін, бұл Ұйым қыз­метін жандандыруға тікелей ықпал ететіндігін атады. Кездесуде дипломатиялық мис­сия­лардың басшылары да сөз алып, еліміздің беделді халықаралық Ұйымға төрағалық етуінің алғашқы қадамына баға берді және өзара ын­тымақтастықтың басымдық­тары­на тоқталды. Алғашқы болып сөз алған ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығының басшысы Александр Кельчевскидің пікірінше, Вена қаласында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызметіне кірісу салта­наты жоғары деңгейде өткен. Қа­зақ­станның жария етілген іс-қимыл бағдарламасы Ұйым қызметінің жыл бойғы жұмыстарын толықтай қамтып отыр. “Бұл біздің барлығы­мыздың кең тыныстауымызға та­ма­ша бастау болмақ”, – деді дип­ло­мат осы жайында. Миссия басшысы, сондай-ақ, Қазақстан бағдарламалары Ұйым қызметін жандандыруға өзіндік ықпал ететіндігіне тоқталды. Оның атап өтуінше, ЕҚЫҰ-ны жаңғырту оның қызметіне жаңаша серпін бе­ріп, Ұйым тарихының жаңа та­рауын ашады. Елдердің көзқарас­та­ры мен ұстанымдарын бір-біріне жақындастыра түседі. Сонымен қа­тар, көп жылдарға созылған жан­жалдарды шешуге де ықпал етеді. Орталық жетекшісі Алек­сандр Кельчевски Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың ЕҚЫҰ сам­ми­тін шақыру туралы бастамасын қолдайтындығын мәлімдеді. “Біз­дің барлығымыздың алдымызда осы бағытта байсалды жұмыс­тар­ды еңсеру міндеті тұр, – деді ол. – Сіз біздің қолдауымызды толық көлемде есепке алуыңызға болады”. Бұдан кейін Еуропалық Одақ елдері атынан сөйлеген Испания­ның елшісі Альберто Антон Кортес те Ұйымның жоғары деңгейдегі кездесуін өткізу жөніндегі Қазақ­стан Президентінің бастамасын қолдайтындығын білдірді. “Біз жоғары деңгейдегі саммит шақы­ру­ға ашықпыз, – деді елші. – Алда тұрған кездесу мазмұн­ды­лы­ғымен толыққанды болуы қажет. Бізге консенсустық негізде келі­сілген күн тәртібі керек. Осының барлығы табанды жұмысты, қар­қын­ды келіссөздерді және тұрақты саяси серпінділікті қажет етеді”. “Ресей бастапқы кезде-ақ Қа­зақстанның ЕҚЫҰ-ның мерекелік саммитін өткізу туралы бастама­сын белсенділікпен қуаттады, – деп жалғастырды тақырыпқа бай­ла­нысты сөзін Ресейдің Қазақ­стан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников. – Жоғары деңгейдегі кездесу біздер үшін өмірлік маңызы бар деп са­наймыз”. Ресей елшісінің атап өтуінше, он жылдан бері кейінге ысырылып келген саммит өтетін болса, ол Ұйымның беделін өсіріп, қатысушы мемлекеттер арасын­да­ғы ынтымақтастықты дамытуға және өзара сенімді нығайтуға сеп­тігін тигізеді. Сонымен қатар, Ұйым кеңістігінде қауіпсіздіктің өт­кір проблемаларын шешуге және ЕҚЫҰ-ның өзін нығайтуға нақты ықпал етер еді. Ал АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ри­чард Хоу­гланд 2010 жыл ЕҚЫҰ үшін жұ­мыс жоспары аса ауқым­ды жыл екен­дігін, осы жылы “Кор­фу про­цесі” бойынша жұ­мыс­тар әрі қарай жал­ғасатын­ды­ғын, Ауғанстан проб­ле­масына ерекше маңыз беріле­тін­ді­гін, ал жоғары деңгейдегі саммит өт­кізу туралы пікірталас болатын­ды­ғын атап өтті. АҚШ елшісінің мәлім етуінше, төраға ЕҚЫҰ-ның үш өл­шемінің әрқай­сысының балан­сын қамтамасыз ету бұлжымас­ты­ғы­на ерекше маңыз беріп отыр. АҚШ Қазақстанның Ұйымға бас­шылық ету кезінде оған тиімді және сапалы жетекшілік ететін­ді­гіне, Шығыс пен Батыс арасында мызғымас көпір құра­тындығына сенімді. Ал АҚШ Қазақстанның Еу­ропаның келе­шектегі қауіп­сіз­ді­гі үшін үйлесімді үнқатысуды жал­ғас­тыру жөніндегі шақыруына қосылады. “Грекияның төрағалығында басталған “Корфу процесі” сіздің төрағалықта да ілгері жылжи­ты­ны­на сенімдіміз, – деді Ричард Хоу­гланд сөзін аяқтай келіп. – Ре­сей­дің Еуропадағы қауіпсіздік архи­тектурасына қатысты ұсынысы – “Корфу процесін” талқылауға қо­сыл­ған үлес. Біз аталған контекс­тегі үнқатысудың жалғасын асыға күтетін боламыз”. Әзірбайжанның Қазақстан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Лятиф Гандилов өз сөзіне ЕҚЫҰ алдында тұрған өзекті мә­селелерді арқау етті. Оның ай­туынша, Қа­зақ­станның ұзаққа созылған жан­жал­дарды реттеу, лаңкестікпен кү­рес, ядролық қа­руды таратпау, Ауғанстанды тұ­рақтандыру жөнін­дегі ұсыныста­ры және оларды жүзеге асырудың жолдары ерекше маңызды. “Жал­пылай алғанда, – деп қоры­тындылады елші сөзін, – Қа­зақ­стан ЕҚЫҰ төрағалығына үлкен дайындықпен келіп отыр. Венада төрағалық ету тұсаукесер сал­танатын тамаша өткізді. Біз Қа­зақ­стан өзіне сеніп тапсырылған жауапты міндетті ойдағыдай орындайтындығына сенімдіміз”. ТӨРТ ТҰҒЫР: ДӘСТҮР – әлемдегі тепе-теңдік пен қауіпсіздік сақталуының алғышарты Камал БҰРХАНОВ, Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер,  қорғаныс және қауіпсіздік  комитетінің мүшесі, саяси  ғылымдар докторы, профессор. Президенттің ЕҚЫҰ-дағы Қа­зақстан төрағалығының басты ұс­танымдарының арасында ағыл­шын әліпбиіндегі “Т”-дан бас­та­ла­тын төрт сөздің арасында дәс­түрді (“традишн”) де атауы өте орынды деп білемін. Бұл ұғымның тереңіне бойлау үшін сәл шегініс жасауға тура келеді. Дәстүр дегеннің өзі өте күрделі, мағынасы терең тү­сінік. Әрбір елдің, ұжым­ның, қоғамның, ұйымның – бәрінің де өмірінде өте маңызды орын алатын дү­ниесі осы – дәстүр. Оны ұжымның, халықтың, қо­ғам­ның, тіпті жалпы әлем­нің өмірінде аса қажеттілік ретінде қалыптасқан жүйе деп атауға болады. Адам қо­ғамына қажетті барлық тәр­тіп, рұқсаттар мен әр­екет­тер заңмен ғана реттел­мей­ді, тіпті оның ауқымына сый­майды. Заңдарды қанша жерден том-том қылып жазып қойсаң да оның қа­растыра алмайтын, құша­ғына сыйдыра алмайтын дүниелері толып жатыр. Өйткені, бұл жалғанда бәрі де бір қалыппен тұрмайды. Ол үнемі өзгерісте, даму үстінде болады. Демек, заңға сыймайтын қаты­нас­тардың бәрі дәстүрмен рет­теледі. Сондықтан дәстүр дегенді кейде адамның сана-сезімінде заң­нан да жоғары тұратын ұғым деп тану керек. Әрине, мемлекеттік құрылымда емес, мәселенің осы жағын да ескерген жөн. Дәстүрі бар ел өзін жоғары ұстай біледі. Мәселен, біз де өзімізді ұлы ха­лық­пыз десек, сол дәстүрімізді берік ұстағандықтан ғана солай дей аламыз. Бізде қағаз жүзінде заңдар болмағанымен, берік дәс­түрлер болды. Барлық тәртіп дәстүрдің шеңберінде қарас­ты­рылатын. Мыңдаған жылдық дәстүріміз бар ел болғанымыздың арқасында ғана біз елдігімізді сақ­тап келдік. Бұл үдеріс қоғамы­мызды іріп-шіруден, азып-тозудан сақтап қалды. Сондықтан оны ұлы құндылығымыз десек, жарасады. Мәселен, біздің халықта “жеті ата” деген дәстүр бар. Осы дәстүр бойынша қазақ жеті атаның ішінде бір-бірінен қыз алыспайды. Мұн­дай дәстүрі жоқ көптеген елдерде жақынынан қыз алып, ұрпақ­тары­ның қандары бұзылып, олардың денсаулықтары, сана-сезімдері, ақыл-ойлары азап шегіп, тіпті азып жатады. Ал біз осы дәстүрдің ар­қасында өзіміздің таза қалпы­мызды сақтай алған халықпыз. Мұның дұрыстығын медицина да ғылым жүзінде дәлелдеп отыр­ға­нын білеміз. Сондай-ақ үлкенді сый­лау, оның сөзін жерге тастамау сияқты дәстүрлеріміздің де озық­тығын өмір тәжірибесі көрсетіп отыр. Біздің осындай өте пайдалы, ұрпақтың зиянсыз өсіп-өркен­деуіне игі әсерін тигізетін дәс­түр­ле­ріміз көп, біз соларды сақтау арқылы ұлттық болмысымыздан, табиғи қалпымыздан айрылмай келе жатырмыз. Ал енді ЕҚЫҰ-ның дәс­түріне келетін болсақ, ол осы­дан 35 жыл бұрын дүниеге кел­ген Ұйым екенін білесіз­дер. Осы уақыт­тарда да оның өзіндік дәс­түр­ле­рі, яғни қа­ғидаттары мен құндылықтары қалыптасты. Оның озық үлгілерін ұмытпау, алға қарай апару – бү­гінгі күн­нің негізгі міндеттерінің бірі. Ұйым құрылған 1975 жылды есімізге алып көрелікші. Бұл кезде әлем жаулық позицияда тұрған екі блокқа бөлінген еді. “Қырғи-қабақ соғыс” шегіне жетіп, жаппай қа­рулануда да, экономикада да, идео­логияда да өзара бәсекелестік түртіп қалса от шығатындай жағ­дайда тұрған болатын. Міне, осын­дай ширығып тұрған шие­леністі бәсеңдету үшін екі блоктың да озық ойлы адамдары таразы басын тең ұстап, өзара жақын­да­су­ға әсер ететін, екі жақ та мой­ын­дайтын ұйым құру қажеттігін түсінді. Содан Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық жө­нін­дегі кеңес өмірге келіп, оны екі жақ та өз мүмкіндіктерінше қол­дады. Сол кездегі кеңестің, бүгінгі Ұйымның негізгі мақсаты – Еуропадағы қауіпсіздікті сақтауға бағытталған болатын. Сонымен бірге, Ұйым шеңберінде адам құ­қын сақтаудың да мәселелері қарастырылатын болып шешілді. Алғашқы құрылған кезіндегі көтерілген мәселелерді қарайтын болсақ, ондағы басымдық көбіне-көп екіжақты қарусыздану, қару-жарақты шектеу және таратпау проблемаларын қарастырған-тын. Осындай үнқатысулардың арқа­сын­да Еуропада қауіпсіздік сақ­талды. Одан кейін көптеген өзгерістер болды, текетіресте АҚШ бастаған батыс блок жеңіп шықты. Олар өздеріне қарсы тұрған саяси-әлеу­меттік жүйені жоюды алдарына мақсат етіп қойып, енді сол мақ­сат­тарына жетті. Блоктың өзін жою­ды және оны басқарып отыр­ған мемлекетке мүм­кін­дігінше зиян кел­тіруді жос­пар­лаған еді, ол да орындалды. Блок та, оны бас­қар­ған мемлекет те ыды­рап, тарих қой­науына кетті. Осы кезеңде ЕҚЫҰ-ның сақ­та­лып қа­луы­ның өзі өте бір таңқала­тын­дай жағ­дай. Өйт­кені, ол тара­зы­ның екі басы тең тұрған ортада құрылған Ұйым болатын. Енді текетірес бәсең­деген тұста оның аман қалуының өзі оның бар­лық уақытта да қажеттілігін көрсетеді. Осы кезеңде бәріміз де сол Ұйымға мүше болып кірдік. Сол кезде біраз өзгерістер болды. Бұ­рын­ғыдай пікірлесу үстінде де бір-бірімен таласып, тартысып жүретін тепе-теңдіктегі екі жақ болмаған соң, таразының бір басы басып кетті. Енді бүкіл батыстың мен­та­литеті, солардың дүниетанымы, дүниеге деген көзқарасы үстемдік ала бастады. Бір сөзбен айтқанда, олардың өміріндегі ұстаным­дар­дың бәрі дерлік бізге келді. Бірақ бұл кезде Ұйымның негізгі қа­ғи­даты – қауіпсіздік мәселесі және оны сақтауда қалыптаса бастаған дәстүрлер ұмытыла бастады. Еуро­палық стандарттарға сәйкес келе­тін адам құқын сақтау мәселелері алға шықты. Басқа халықтардың, елдердің қалыптасқан менталитеті, дәстүрлері ескерілмей, тек еуро­па­лық стандарттың дұрыстығы ғана мойындалып, одан сәл ауытқу болса, үлкен сындарға ұшырап отырды. Осы бағытта ЕҚЫҰ-ның беделді институттарының бірі – Демократиялық институттар мен адам құқы жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) әрекеттері, олардың сайлау қорытындыларына берген бағалары Ұйымның шығыстық әріптестерін қанағаттандырмайтын болды. Міне, осындай жағдайда Қа­зақ­­станның төрағалыққа сай­ла­нуы­ның өзіне таразы басының қайта теңеле бастауының кө­рінісі деп қарау керек. Әрбір мемлекеттің, халық­тың өз менталитеті, қалып­тасқан дәстүрі, өз фило­со­фиясы мен идеологиясы, тарихы бар. Тілі, діні де өзге­ше. Міне, соның бәріне Ұйым өз жұмысында құр­мет­пен қарау керек. Қа­зақ­стан төрағалығындағы ұс­та­нымда айтылған дәстүрді сақтау, міне, осы мәселені көздейді. Сонымен бірге, бұл ұстаным Ұйымның өзі­нің қалыптасқан құндылық­тары мен қағидаттарын ес­тен шығаруға болмай­тын­ды­ғын назарға салады. Қа­лыптасқан дәстүр бойынша Ұйым­ның негізгі міндеті қауіп­сіз­дікті сақтау ғой. Бірақ қазір қара­саңыз ЕҚЫҰ шеңберіндегі елдерде ол толығымен сақталмай, қайта көп­теген жаңа шиеліністерге жол беріліп отыр. Мәселен, бұрын Молдованың, Таулы Қарабақтың проблемалары шешілмей тұрған болса, енді оған Грузия мен Ресей арасындағы, қала берді Балқан елдеріндегі жаңа проблемалар да қосылды. Осының бәрі Еуропа қауіпсіздігіне кері әсерін тигізетін жағдайлар емес пе? Сондықтан ЕҚЫҰ өзінің ежелгі дәстүрін қолға алып, қауіпсіздік мәселесіне бірінші кезекте көңіл бөлуі керек. Оның ішінде Ауғанстан мәселесін реттеу де бар. Сонымен қатар, Ұйым шең­беріндегі елдерде экономикалық текетірестерге де жол беріліп отыр. Мәселен, Ресей мен Украи­на арасындағы газ проблемалары – Ұйымның араласуын қажет­сінетін проблемалардың бірі. Өйткені, бұлар да түптің түбінде қауіпсіз­дік­ке кереғар мәселелер туындатуы мүмкін. Қорыта айт­қанда, ЕҚЫҰ-ның өмірге кел­гендегі филосо­фия­сы, оның идеологиясы, мақсат­та­ры дәстүр ретінде қалуы және ол алға қарай ілгерілетілуі керек. Оның ең бас­тылары – әлемдегі қауіпсіздікті сақтау, ол үшін бар­лық мемлекет­тің тепе-теңдігін қа­лып­тастыру керек, астамшылықты болдырма­ған жөн. Барлық мә­се­ленің кон­сенсуспен шешілетіндігі де сол дәстүрдің нәтижесі екенін ұмытпау керек. Мен Елбасының осы­­ған назар аударғанын өте орын­­ды санаймын. Бұл тұжы­рым­ның келешекке де оң ықпал ете­тіні күмәнсіз. Мирослав ГЕРМАШЕВСКИ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӨРАҒАЛЫҚҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗГЕНІНЕ ҚУАНЫШТЫМЫН Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына  төрағалық етуіне орай Польша Республикасының алғашқы ұшқыш-космонавы, генерал Мирослав Гермашевски былай дейді: “Мен Қазақстан халқын және басшылығын Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйы­мындағы төрағалықтың баста­луы­мен шын жүректен құттық­таймын. Қазақстанмен мені аса жылы естеліктер мен баяғыдан келе жатқан достық қатынастар байланыстырады. Мен 30 жыл бұрын қазақ же­рінен ғарышқа аттанған алғашқы по­ляк космонавы ретінде Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәр­те­бесіне және  осындай құр­мет­ті миссияға қол жет­кіз­геніне өте қуаныштымын. Мұны мен ха­лық­аралық қауымдас­тық­тың Пре­зидент Нұр­сұлтан На­зарбаевтың басшылығымен жү­зеге асырылып отырған  Қазақ­станның жасампаз­дық пен ілге­рілету саясатына се­нім білдіруі­нің белгісі деп білемін. Қазақ­стан соңғы жылдары демо­кратия мен экономикалық ре­фор­ма­лар­ды дамыту жолында сенімді түрде адымдап келеді, ал сіз­дер­дің ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету­ле­ріңіз  тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы жетіс­тік­терінің шыңына айналды. Президент Назарбаевтың телеүндеуіндегі сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік атты төрт қағидат Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының мазмұнын дәл сипаттайды, әрі ЕҚЫҰ-дағы төрағалықтың ұраны ретінде еліңіз үшін олардың ерекше басымдыққа ие болатындығын байқатады. Қазақстандағы демокра­тия­лық даму үрдісін және еліңіздің әлемдік қаржы дағдарысына нәтижелі түрде төтеп беруін Поль­шадағы достарыңыз қызы­ғушылықпен бақылауда. ЕҚЫҰ-ның төрағасы лауазымында Ұйымның барлық мүше мем­лекеттерінің игілігіне қызмет етуде Қазақстанға толайым табыс тілеймін”.