Кеше кешкісін кәрі құрлықтың көкмайса алаңдарында 2012 жылы футболдан Польша мен Украина елдерінде өтетін Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінің ең соңғы ойындары өтті.
Осы күні Қазақстан ұлттық құрамасы «Астана – Арена» стадионында іріктеу турнирінің соңғы матчын Австрия командасымен өткізді. Бұл елмен біздің құрамамыз УЕФА құрамына кірген кезден бері екінші рет кездесті. Осы кездесуде ұлттық құрамамыз Австриямен болған бірінші ойында жіберген есесін қайтарғысы келсе де, діттеген мақсатына жете алмады. Десек те, еліміздің бас командасының кешегі ойынын жеңіске бергісіз деуге болады. Бұл матчта біздің жігіттер намысқа тырысып, өнер көрсетті. Кездесудің соңында 94 минөт бойы алаң иелерінің шабуылдарына тойтарыс берген австриялықтар эстон төрешісінің ащы ысқырығынан кейін уһ дегендей болды.
Осы матчты елімізге бас бапкер болып Беранек мырза келгелі бері ұлттық құрамамыздың ең жақсы ойындарының қатарына жатқызуға болады. Кездесудің бірінші жартысы екі елдің алма-кезек шабуылдарымен өтті. Австрия құрамасының Германия сияқты қай елде, қай жерде болса да қарсыластарымен сауатты ойнайтынын білеміз. Екі елдің ойын өрнегі бір-біріне ұқсас, кей жерде екеуі бір-бірін толықтырып отырады. Ең бастысы Австрия өзінің көршілесі секілді қорғаныста қамалып, күтпеген жағдайда шабуыл жасай алатын команда екенін айту керек. Кешегі ойында олар осы тәсілді біздің жігіттерге қолдануға тырысты. Дегенмен, біздің құрама да қарап қалмады. Ойынның бірінші таймында австриялық Марк Жанко, Стефан Куловиц, Пауль Шарнердің шабуылдарына қарсы Сергей Гридин, Генрих Шмидтгаль, Мұхтар Мұхтаров, Азат Нұрғалиев алыстан, жақын жерден бір-біріне пас беріп, қарсыластардың қақпасына қауіпті жағдайлар жасап жатты. Бірақ, біздің соққылардың ешқайсысы нысанаға дәл тимеді. Жалпы, бірінші таймды екі жақтың бір-бірін зерттеуімен өтті десе болады.
Біздің ел Австрия құрамасы үшін оңай шағылатын жаңғақ емес. Олар мұны жақсы біледі. Былтыр Венада өткен ойында Австрия Қазақстан құрамасын 2:0 есебімен жеңгенімен, екі голды да 90-шы минөттен кейін салған болатын. Сондықтан Вундертим командасы баяғыдан бері есе қайтару үшін екі алақанын уқалап отырған біздің елге жеңіс үшін емес, жеңілмей, тең ойнау үшін де келген бе дейсіз. Кешегі ойынның бірінші жартысы осындай әсер қалдырады. Ал екінші таймда тараптар шабуылдарын үдетіп, бірінші болып гол соғу үшін ойнағанын айту керек. Бұл жерде біздің құраманың жігіттері қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасады. Бізге әсіресе Сергей Гридиннің, Мұхтар Мұхтаровтың, Генрих Шмидтгальдың, қақпашы Андрей Сидельниковтың, Қайрат Нұрдәулетовтың ойын өрнегі ұнады. Құрама сапында жарақатына байланысты бірнеше ойын жіберіп алған «Ақтөбе» клубының қақпашысы қарсыластардың қауіпті соққыларын қайтарып, жанкүйерлердің ілтипатына бөленді. Ал Бельгиямен ойынға қарағанда, сауатты ойнаған жігіттеріміз Сидельниковтың қақпасын тас қамалдай қорғап отырды. Гридин туралы әңгіме бөлек. Бұл ойында оның үш рет доп соғуға мүмкіндігі болды. Соның екеуінде асығыстық жасап, қақпаға тигізе алмаса, үшіншісі 100 пайыз гол болатын мүмкіндік еді. Ойынның аяқталуына шамамен 15 минөт қалғанда оң қапталдан әуелетіп берілген допты ол қақпаның маңдайшасына тигізді. Осы сәтте жанкүйерлердің бәрі жарты минөттей ішін тартты. Содан кейін біздің шабуылдар қайта жалғасып, қарсыластарымыз енді есін жия алмай қорғануға көшті. Матчтың соңғы 10 минөті біздің басымдылықпен өтті. Ал кездесудің соңғы секөнттерінде жігіттердің тағы бір қауіпті жағдай жасауға мүмкіндігі болды. Бұйырмаған гол тағы болмады. Амал не, бізге осы күні жеңіс қырын қарады. Тек жеңілмегеніміз үшін өзімізді жұбатуға тура келеді.
Әрине, алда әлі талай жарыстар бар. Сол сындарда ұлттық құрамамыз азулы командаларға лайықты қарсылас болатынына сенеміз. Биылғы Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы соңғы орында қалса да кәрі құрлықтың тіс қаққан елдеріне қалпағын басынан ұрып түсіретін командалардың қатарынан емес екенін дәлелдеді. Бұл жерде бас бапкер Мирослав Беранектің ұлттық құраманың ойнына жаңа көзқарас, екінші дем бергенін айтуға тиіспіз. Осы маманның команда тізгінін ұстағалы бері өткізген бес матчта Қазақстан құрамасы беделі биік командалар санасатын жаңа деңгейге шықты.
Келесі жылы Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты іріктеу турниріне тағы қатысады. Бұл жолы біздің құрама Австрия және Германиямен тағы кездеседі. Ирландия, Фарер аралдары мен Швеция құрамалары да бізбен бір топта ойнайтын командалар болады.
Дастан КЕНЖАЛИН.