![Институттық реформаның іске асырылу барысы қаралды](/article_photo/1501730500_article_b.jpeg)
Жиынға Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов, Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев, Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев, Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев қатысты.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Р.Дәленов министрліктің «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бағыты бойынша төрт қадамды іске асыруға жауапты екенін атап өтті. Оның үшеуі салық пен кеден саясатына және біреуі монополияға қарсы жұмыспен байланысты. Ұлт жоспары аясында аталған бағыт бойынша қолданыстағы салық режімдерін оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, Салық және Кеден кодекстерінің жаңа жобалары әзірленді. Салық тұрғысынан мемлекет тарапынан бизнесті әкімшіліктендіруді жеңілдету, несиелеуді ынталандыру, сондай-ақ, геологиялық барлау жұмыстарына инвестициялар салу көзделген. Сонымен қатар, салық консультанттары институтын, дистанциялық аудит және салық несиелерін енгізу жоспарда бар.
«Кедендік бақылау туралы айтсақ, мұнда декларациялау кезінде электронды технологияларды енгізуге, кедендік операцияларды орындау кезінде автоматты ақпараттық жүйелерді қолдануға және бақылаудан өту барысында «бір терезе» тетіктерін белсенді пайдалануға басымдық беріледі», деді Р.Дәленов.
Вице-министр сонымен қатар қазір елімізде шағын бизнес салық төлеудің бірнеше әдісін таңдай алатынын атап өтті. Сондай-ақ, шағын бизнеске тиянақталған шегерістің жаңа режімі ұсынылатынын, ол айналымы көп, бірақ пайдасы аздар үшін тиімді екенін жеткізді.
Ал Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі А.Айдарбаев өз кезегінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында құрылыс саласында жүргізілген реформалардың арқасында рейтингіміз жақсарғанын атап өтті. Ұлт жоспарын іске асыру аясында «бір терезе» қағидаты мен құрылыстың рұқсат құжаттарын алудың үш сатылы қағидаты енгізілген. Құжаттарды алу мен эскиздік жобаларды бекіту мерзімдері 40-60 күннен 17-6 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Құрылыс салуға рұқсат беру электронды түрде хабарлама беруге алмастырылды. «2020 жылға қарай жобалау-сметалық құжаттардың 90 пайызға дейін сараптамасын жеке нарық жүргізетін болады. Бүгінде бұл көрсеткіш 60 пайызды құрайды. Бұдан өзге, Еурокодтарға арналған жаңа нормативтік база енгізілген, 2019 жылдың соңына дейін осы жүйеге толықтай ауысу жұмыстары жүргізілмек.
«Құрылыс саласындағы реформалардың нәтижесінде Қазақстан Doing Business есебі бойынша 2015 жылдан бастап өз орнын 130 сатыға жақсартты, яғни, 152-ден 22-орынға көтерілді», деді А.Айдарбаев.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыра отырып еліміздің көлік-логистикалық әлеуеті де кеңейген. Бұл ретте, вице-министр Ұлт жоспарын іске асыру аясында Алматы маңынан халықаралық авиациялық хаб құру үшін Мемлекет басшысы жоба операторын – «МГ Холдинг» компаниясын анықтағанын хабарлады. Компания жобаны іске асыруға Сингапурдан инвестициялар тартумен айналысады. Бұдан өзге, «Эйр Астана» әуе компаниясы белсенді дамып жатыр, оның паркі 31 ұшақтан тұрады, олардың орташа жасы 6-8 жыл. «2020 жылдың соңына дейін Airbus А320neo тобының 10 әуе көлігін, 2019 жылы – екі Боинг 787 ұшағын жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ «ҚТЖ» компаниясы «Эйр Астанамен» бірлесіп жүк әуе компаниясын құру жұмыстарын жүргізіп жатыр», деді А.Айдарбаев.
Сонымен қатар, «Астана» халықаралық қаржы орталығына көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Астанадан Франкфуртке, Лондонға, Дубайға, Сеулге, Бейжіңге және Парижге тікелей әуе қатынастары іске қосылғанын хабарлады. 2017 жылы тоғыз жаңа халықаралық әуе бағыты, олардың ішінде – Астанадан Делиге, Варшаваға, Хельсинкиге, Будапештке, Бейжіңге, Ереванға, Киевке, Батумиге және Минеральные Воды қаласына әуе қатынастары ашылған. 2019 жылы Токио мен Сингапурға, 2020 жылы Шанхай мен Нью-Йоркке әуе қатынасы бағыттарын ашу көзделіп отыр. Жалпы, Инвестициялар және даму министрлігі Ұлт жоспарының 17 қадамы бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда.
Қаржы вице-министрі Р.Бекетаев 8 қадам бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың жайын баяндады. Қаржы министрлігіне бекітілген 8 қадамның 3-еуі әлдеқашан орындалған. Бұл ретте, кедендік және салықтық әкімшіліктендіру, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға жағдай жасау бойынша жүргізіліп жатқан шаралар жайын баяндады. Осылайша, жаңа Кеден кодексінде декларациялауды цифрландыруға көшіру жүзеге асырылады және экспорттық-импорттық операциялар бойынша «Бір терезе» қағидаты енгізіледі. «Егер қазір құжаттарды ресімдеу орта есеппен 2 сағатты алса, «Астана-1» жүйесін енгізгеннен кейін кедендік декларациялау жасыл дәліз арқылы автоматты түрде шығарылады», деді Р.Бекетаев.
Вице-министр экспорттық-импорттық операциялар бойынша «Бір терезе» қағидатын 2019 жылдың басынан бастап енгізу жоспарланғанын атап өтті. СЭҚ қатысушысы кедендік тазарту кезінде қолжетімділіктің бірыңғай нүктесі арқылы мемлекеттік органдардың барлық қажетті рұқсаттарын ала алады. Сөйтіп, енді кеденге қағаз түрінде құжаттар ұсыну қажет болмайды.
Сондай-ақ, вице-министр «Индустрияландыру және экономикалық өсім» үшінші бағыты бойынша мүлік пен қаржыны заңдастыру ісі жүзеге асырылғанын айтты. «2016 жылы мүлікті және ақшалай қаражатты заңдастыру рәсімін табысты аяқтадық. Заңдастыруды 140 мыңнан астам азамат пайдалана алды, ал экономикалық айналымға 5,7 трлн теңге, олардың ішінде ақшалай қаражат түрінде 4,1 трлн теңге және мүлік түрінде 1,6 трлн теңге қосылды», деді Р.Бекетаев. Айтуынша, 151 мың заңдастырылған жылжымайтын мүлік нысанының 9,5 мың нысаны коммерциялық жылжымайтын мүлік ретінде тіркелген. Бұл мүлікке салық түсімін шамамен жылына 800 млн теңгеге ұлғайтады.
Бұдан әрі Энергетика вице-министрі Б.Жақсалиев энергетика саласында көзделіп отырған межелі міндеттер мен қол жеткізілген өзгерістер туралы баяндады. Осыған орай Ұлт жоспарын іске асыру барысында электр энергетикасы мәселелері бойынша бірқатар жаңашылдықтар қарастырылған заңнамаға түзетулер енгізілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар, салаға инвестициялар тартуды ынтыландыратын жаңа тарифтік саясат іске қосылады. Сондай-ақ, өңірлік желілік компанияларды ірілендіруге мүмкіндіктер ашылады. Бұл электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға, өңірлерде электр энергиясын жеткізу шығындарын қысқартуға және соңғы тұтынушылар үшін оның бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.
«Бізде еліміздің энергетикалық кешенді ырықтандыру мен жекешелендірудің арқасында көптеген электр қуатын таратушы ұйымдар пайда болғаны анық. Бүгінгі таңда олардың саны шамамен − 160, ал шын мәнісінде, барлығының атқаратын міндеті бір – электр энергиясын тарату», деді Б.Жақсалиев.
Ірілендірілген ұйымдарға арнайы талаптар қойылатын болады. Мәселен, диспетчерлік технологиялық басқарудың, оқытылған және аттестатталған мамандары бар қызметтердің болуы, жүйелік қызметтер көрсетуге жүйелік операторлармен келісімшарттардың, коммерциялық есептің автоматтандырылған жүйелерінің болуы сияқты талаптар ескеріледі.
«Бұл энергия таратушы ұйымдардың санын 2022 жылға қарай 30 пайызға, 160-тан 110-ға дейін қысқартуға және энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыруға, иесіз электр желілерінің мәселесін шешуге мүмкіндік береді», деді Б.Жақсалиев. Негізінен Энергетика министрлігі бойынша 3 қадам жүзеге асырылуда. Біріншісі – «Электр энергетикасы саласын қайтадан құру. «Бірыңғай сатып алушы» моделін енгізу». Бұл 50-қадам өңірлер арасындағы электр энергиясының әртүрлі тарифтерін реттеуге мүмкіндік береді. Одан кейінгісі – 51-52-қадамдар. Өңірлік энергетикалық компанияларды (ӨЭК) ірілендіру мен Электр энергетикасы секторында салаға инвестиция тартуды ынталандыратын жаңа тариф саясатын енгізу. Вице-министрдің мәлімдеуінше, бұл қадамдарды іске асыру ұзақ мерзімді сипатқа ие.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»