![«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаевпен сұқбат](/article_photo/1501735117_article_b.jpeg)
– Қанат Қалиұлы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Көлік қызметкерлері күнін қандай нәтижелермен және жоспарлармен қарсы алуда?
– Биыл Қазақстанның сауда әріптестері болып табылатын елдермен тауар айналымының өсуі, сондай-ақ, экономикалық өсімді ынталандыру бойынша ел Үкіметі қолға алған экономикалық ынталандыру шараларының нәтижесінде тасымалдау көлемі төмендеуінің теріс тренді шұғыл өзгерді.
2017 жылғы 1 жартыжылдық қорытындылары бойынша жүк айналымы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 11%-ға өсті. Барлық қатынас түрлерінде көмір, темір кенін, құрылыс материалдарын, мұнай өнімдерін және тыңайтқыштарды тасымалдау көлемі артты. Осы дәстүрлі жүктердің физикалық көлемінің өсуі ел экономикасының жақсарғанын көрсетеді.
Сонымен бірге «ҚТЖ» ҰК» АҚ өсу болашағын жаппай тасымалданатын жүктердің дәстүрлі тасымалдарымен емес, тасымалдардың жаһандық нарығына көлік-логистика өнімдерін ілгерілету стратегиясымен байланыстырады. Бұл өнімдер тізімінің және клиенттер базасының аудандастырылуын қамтамасыз етеді және экономиканы аудандастыру және Қазақстанның шикізаттық емес экспорты үлесін арттыру жөніндегі Үкіметтің экономикалық саясатының стратегиялық векторына толық сәйкес келеді. Бұл жаппай тасымалданатын дәстүрлі жүктер тасымалы кірісінің төмен болуынан, сондай-ақ, жасыл экономика үлесінің кеңеюіне байланысты көмірді тұтыну көлемі азаюының ұзақ мерзімді трендінен туындайды.
Ел деңгейінде Мемлекет басшысы Қазақстанды іскерлік және логистикалық хабқа айналдыру және Жібек жолын жаңғырту бастамаларын көтеріп, сондай-ақ, барлық көлік түрлерінің инфрақұрылымын дамыта отырып, «ҚТЖ» ҰК» АҚ негізінде халықаралық деңгейдегі көлік-логистикалық компанияны қалыптастыру туралы шешім қабылдады.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы шеңберінде ашылатын «мүмкіндіктер терезесін» және еуразиялық құрлықтағы ірі экономика полюстері арасындағы тасымалдау нарығында позициясын бекітіп алуға деген басқа елдердің ұмтылыстарын ескере отырып, Қазақстанның көлік-логистикалық кешенін үдемелі дамытуға қаражат бөлінді.
Қытай-Еуропа-Қытай қатынасындағы транзиттік контейнерлік тасымалдардың жыл сайын екі есе өсуі қабылданған шешімдердің дұрыстығын растап отыр. Биылғы жылы транзиттік тасымал көлемі 200 мыңнан астам контейнерге жеткізілді.
Жаһандық нарыққа қазақстандық көлік-логистикалық қызметтер экспортының болашағын ескере отырып, Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында транзиттік тасымалдар көлемін 2020 жылға қарай 7 есеге өсіріп, 2 миллион контейнерге жеткізу міндеті қойылды.
– Алға қойылған мақсаттарға қалай қол жеткізбексіздер?
– Ол үшін компания нарықтың жаһандық және жергілікті қатысушыларымен бірлесіп альянс құрып, халықаралық көлік-логистикалық бағдарларды дамытуда. Олар: Қытайдан Еуропаға Қазақстан, Ресей және Белоруссия аумағы арқылы (Солтүстік Трансазиялық маршрут), Қытайдан Еуропаға Каспий, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы (Транскаспий халықаралық көлік бағдары), Қытайдан Орталық Азияға және Парсы шығанағы елдеріне, «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі.
Қытайдың 17 провинциясында, Вьетнамда, Кореяда, Еуропа және Парсы шығанағы елдерінде жұмыс істей отырып, компания контейнерлік жүрдек пойыздар қызметін белсенді ілгерілетуде.
Еуропа-Азия қатынастарында ойдағыдай жұмыс істеп жүрген тұрақты контейнерлік пойыздарға қосымша Қазақстан арқылы Қытай, Иран, Ұлыбритания мен Түркия аралығындағы қатынастарда жаңа бағдарлар игерілуде.
Тапсырыс берушілерге жөнелту бекетінен барып жететін бекетке дейін тұтас біріктірілген қызмет керек. Бұл транзиттік бағдарлар бойындағы барлық нарыққа қатысушылардың: магистральдық және терминалдық инфрақұрылымдар иелерінің, көліктің әр түрімен тасымалдаушылардың және логистикалық операторлардың кооперациялануын талап етеді.
Сондықтан, Қазақстандағы барлық көлік түрлерінің инфрақұрылымын біріктіріп отырған «ҚТЖ» ҰК» АҚ халықаралық бизнес-альянстарды және трансқұрлықтық мультимодальдық дәліздердегі барлық мүдделі тараптардың ықпалдасқан бірлестіктерін қалыптастырудың бастамашысы болуда.
Қазақстан, Ресей және Беларусь аумағы арқылы өтетін Солтүстік Трансазиялық бағдарды дамыту үшін үш темір жол компаниясының бизнес-альянсы – Бірлескен көлік-логистикалық компания (БКЛК) қалыптастырылды.
2014 жылдан бері БКЛК «бір терезе» қағидатына, бірыңғай технологияларға, сапа стандарттарына және баға саясатына негізделген ықпалдастырылған қызметтің көрсетілуін қамтамасыз етуде. Бұл өз кезегінде басқа көлік дәліздерімен тиімді бәсекелесуге мүмкіндік береді.
«БКЛК» АҚ мақсаты – тасымалдау көлемінің 2020 жылға қарай жылына 800 мың контейнерге дейін өсуін қамтамасыз ете отырып, Азия-Еуропа дәлізіндегі контейнерлік жүк ағындарын шетелдік теңіз тасымалдаушыларынан ЕАЭО инфрақұрылымына қайта бағыттау.
Өзара тиімді коммерциялық және технологиялық ынтымақтастық «БКЛК» АҚ-қа тасымалдау көлемі өсімінің рекордтық динамикасын көрсетуге және Қазақстанның транзиттік әлеуетінің іске асырылуына мүмкіндік туғызуға жол ашады. Бұл стратегиялық альянс еуразиялық экономикалық ықпалдастық пен Жібек жолы экономикалық белдеуінің тоғысуы үдерісінің шешуші элементі болып табылады.
Қазақстанның бастамасы бойынша 2014 жылы Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Шығыс Еуропа елдері мен Украина нарықтарының қатысушыларын біріктіретін Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (ТХКБ) дамыту жөніндегі үйлестіру комитеті құрылды. ТХКБ Үйлестіру комитеті қызметінің негізгі бағыттары ықпалдастырылған логистикалық қызметті және контейнерлік пойыздарды, мультимодальдық тасымалдарды ұйымдастырудың бірыңғай технологиясын дамыту, бүкіл бағыт бойына бәсекеге қабілетті тарифтерді қолдану болып табылады.
Жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отырған Түркия мен Грузия шекарасындағы Карс – Ахалкалаки жаңа темір жол телімі осы бағдар бойынша транзиттік тасымалдарды ұлғайтудың жаңа болашағын ашады.
Бұдан басқа, «бір терезе» сервисі мен қызметтерін көрсету үшін тартылған елдердің логистикалық провайдерлерінің консорциумы құрылды. Қытайдан Түркияға «Nomad Express» контейнерлік сервисі қалыптастырылды. Жаңа қатысушыларды тарту және дәлізді ұзарту жұмысы жүргізіліп, оған Украина көлік жүйесі енгізілді және тұтас көлік сервисі қалыптастырылды.
Қазақстан, Беларусь және Ресей аумағы арқылы өтетін «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізімен транзиттік тасымалдарды ұлғайту бойынша осындай үйлестіру жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстан аумағы арқылы өтетін трансұлттық дәліздердің ойдағыдай жұмыс істеуі көлік-логистика инфрақұрылымының дамуы және барлық көлік түрлері инфрақұрылымының «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқаруына берілуі арқасында мүмкін болды.
Қытаймен аралықтағы жаңа шекара өткелі мен Жетіген-Алтынкөл темір жол желісінен бастап «Шығыс-Батыс» дәліздері шеңберінде Қазақстан инфрақұрылымының дамуы, құрғақ порты бар «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы, Алматы-Шу транзиттік учаскесінің өткізу қабілетін арттыру, Жезқазған - Бейнеу жаңа темір жол желісін, жаңа Құрық портының инфрақұрылымын және Боржақты-Ерсай желісін салу, Ақтау портын кеңейту, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралінің қазақстандық учаскесін аяқтау ішкі және экспорттық жүк ағындарының логистикасын оңтайландыруға және трансқұрлықтық тасымалдардағы қазақстандық бағдарлардың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берді.
Қазақстан, Түрікменстан және Иран аумағы арқылы өтетін Өзен-Болашақ-Берекет-Горган жаңа темір жол желісінің іске қосылуы Әзербайжан аумағы арқылы Каспий теңізінің батыс жағалауы бойынша өтетін «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің балама жобасын басып озып, Баренц және Балтық теңіздерінен Парсы шығанағы мен Үнді мұхитына дейінгі жаңа «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін ашты.
Инфрақұрылымның шешуші сегменттеріне құйылған инвестициялар көлік дәліздерінің қолданыстағы инфрақұрылымына сұранысты арттырады. Мәселен, жаңа Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл темір жол желілері пайдаланылған толық емес 3 жылда жоспар ТЭН-ге сәйкес пайдаланудың 5-ші жылы 12 млн тонна деп есептелгенде, іс жүзінде күткендегіден еселей артып, 30,1 млн тонна жүк өткізілді. Құрық порты теміржолдық паром кешенінің бірінші кезегі іске қосылған соң, небәрі жарты жыл ішінде 543 мың тонна жүк өткізілді.
Ішкі және трансқұрлықтық қатынастардағы қазақстандық көлік инфрақұрылымына көлік ағындарын тарту үшін Қазақстанның және Еуразия құрлығы елдерінің аумағындағы жүк ағындары туындайтын, шоғырландырылатын және таратылатын бекеттерде көлік-логистика орталықтарының тірек желісі дамуда.
Көлік-логистика орталықтарының сыртқы тірек желісін қалыптастыру шеңберінде бірінші жартыжылдықта ирандық әріптестермен бірлесіп Бандер - Аббас портында (Иран) терминал салу үшін бірлескен кәсіпорын құрылды. Жыл соңына дейін ірі ресейлік «COALCO» девелоперлік компаниясымен бірлесіп, Мәскеу облысында Құрғақ порт салу үшін бірлескен кәсіпорын құрылады.
Ағымдағы жылдың алты айында «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА аумағындағы құрғақ портта 81,7 мың контейнер өңделді. Бұл өткен жылдың осындай кезеңіндегіден 3,5 есе жоғары көрсеткіш.
Ірі «COSCO» теңіз шипинг компаниясы Құрғақ портының және Ляньюньган портының акционерлік капиталына кіруі жаһандық логистикалық тізбектерге кірігіп, қосымша контейнерлер ағынын тартуға зор мүмкіндік береді.
Қазақстанның ірі қалаларында ішкі және халықаралық көлік ағындарына қызмет көрсету үшін көлік логистикалық орталықтар жасақталуда. Экономиканың сапалы көлік-логистикалық қызметтерге деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету инфрақұрылымды ғана емес, жылжымалы құрамды да дамытуды талап етеді. Сондықтан «ҚТЖ» ҰК» АҚ локомотивтер, жүк және жолаушы вагондар паркін жаңартуға айтарлықтай қаражат құйды.
Төрт теңіз құрғақ жүк кемесін сатып алып, әзербайжандық әріптестермен бірлескен кәсіпорын құрған соң, жаңа құзырет игеріліп, ТХКБ көлік дәлізінің теңіз сегментінде темір жол көлігімен жүк тасымалдау қызметі мен Құрық, Ақтау порттарында қайта тиеумен ықпалдастырылған тасымалдар ұйымдастырылды.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде біз жолаушылар логистикасы инфрақұрылымын дамытуды жалғастырып жатырмыз.
ЭКСПО-2017 қарсаңында астаналық әуежайда жалпы көлемі 47 мың шаршы метр, халықаралық жолаушылар және VIP терминалдары кіретін жаңа терминал іске қосылды. ТМД елдерінде бұрын-соңды болмаған және әлемде соңғы жылдары салынған темір жол вокзалдарының ішінде ең заманауи болып табылатын жаңа «Нұрлы жол» вокзал кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысандар ең заманауи технология-лар бойынша салынып, жабдықталды. Қауіпсіздігі, экологиялығы және жолаушылар үшін қолайлылығы бойынша ең жоғары стандарттарға сай келеді. Қазақстанның көлік-логистикалық кешені Logistics Perfomance Index индексіне көтерілді.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ тасымалдаудың жеделдігі мен қарапайымдығы бойынша «Халықаралық сауда» индикаторын «Doing Business» халықаралық рейтингіне жеткізу үшін, технологиялық үдерістерді оңтайландырып, «бір терезе» қағидатымен ықпалдасқан қызметті ұйымдастыру жүзеге асырылуда. Ол арқылы контейнерлік тасымал мерзімі экспорттық бағытта жөнелту мерзімі 28 сағаттан 16-18 сағатқа дейін, яғни 35 пайызға қысқарды.
– Қанат Қалиұлы, инфрақұрылымды дамыту транзиттік әлеуеттің дамуы үшін қажетті алғышарт болып табылатындығы түсінікті. Алайда, сіздер транзит үшін басқа бағдарлармен және көлік түрлерімен бәсекеге түсесіздер. Қазақстан арқылы өтетін көлік дәліздерінің тартымдылығын арттыру үшін қандай шаралар қолданылып жатыр?
– Жаһандық нарықтағы бәсекелестіктің күшеюі транзиттік қатынастағы ғана емес, ішкі және экспорттық-импорттық қатынастар тасымалдарындағы логистикалық сервистердің сапасы мен тиімділігін арттыруға алып келуде. Өйткені, қазақстандық клиенттер де нарыққа басқа қатысушылармен бәсекеге түседі.
Сондықтан «ақылды» экономиканың қазіргі заманғы талаптарын ескере отырып, технологияларды дамытумен және басқарудың корпоративтік үдерістерін, тасымалдарды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың, өндірістік активтерді күтіп-ұстау мен оларға қызмет көрсетудің бизнес-үдерістеріне жаңашылдықты енгізумен айналысудамыз.
Бүгінгі таңда біз жаңа технологиялық платформаларды: «MULTIRAIL» жүйесін, «Шарттық және коммерциялық жұмыс» және «Энергодиспетчерлік тартым» автоматтандырылған басқару жүйелерін енгіздік.
«MULTIRAIL» жүйесі жүк тасымалдарын жоспарлау мен нормалау үдерістерін автоматтандыру есебінен пойыздардың бұзылмайтын кестелермен жөнелтілуін қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде жүк вагондарының жылдамдығы, жұмыс өнімділігі көрсеткіштерін өсіруге, ал, айналым мен тұрып қалу көрсеткіштерін азайтуға мүмкіндік береді.
«Шарттық және коммерциялық жұмыс» автоматтандырылған басқару жүйесін пайдалануға беру шарттық және коммерциялық жұмысты оңтайландыруға мүмкіндік берді. Автоматтандырылған басқару жүйесі интернет арқылы «бір электронды терезе» қағидаты бойынша клиенттер үшін әлемнің кез келген жерінен жүйеге қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, өтінімдерді өңдеу мерзімі үш күннен үш минутқа дейін қысқарды.
Дизель отыны мен электр қуатын жұмсауды есептеу жөніндегі «Энергодиспетчерлік тартым» автоматтандырылған басқару жүйесі энергия ресурстарының жұмсалуын бақылауды және технологиялық тәртіпті, мәліметтерді жинақтауды және отын балансын талдауды қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауына сәйкес біз жедел технологиялық жаңғыру тұрғысында «Сандық темір жол» бағдарламасын іске асырып жатырмыз. Интернеттің, ақпараттық-коммуникациялық және бұлттық технологиялардың, цифрлы платформалардың жылдам дамуынан туындаған нарықтағы бәсекеге қабілеттіліктің жаңа параметрлеріне сәйкестікті қамтамасыз ету үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Индустриялар 4.0» технологияларын барлық шешуші сегменттер: жүк және жолаушы тасымалдарына, инфрақұрылымға және көлік логистикасына енгізе отырып, компанияның бизнес-моделін сандық жүйеге көшіруге кірісті. Нәтижесінде, қазіргі заманғы технологиялық платформалар негізінде өндірістік үдерістер тиімділігі көрсеткіштерінің түбегейлі өсуі күтілуде.
Темір жол көлігімен жүк тасымалдау саласында жүк тасымалдарын жоспарлау мен басқарудың зияткерлік жүйелері енгізіледі. Сондай-ақ, пойыздар қозғалысын басқарудың біртұтас орталығы құрылады.
Бұл жобалардың іске асырылуы пайдалану шығыстарының азайтылуын, техникалық стансада тұрып қалудың және сұрыптау жұмысы көлемінің қысқартылуын, сондай-ақ, маршруттық жылдамдықтың арттырылуын қамтамасыз етеді.
Жолаушылар тасымалын жетілдіру шеңберінде жолаушы пойыздарында спутниктік интернет енгізу және вокзалдарды цифрлық жүйедегі қызметтермен жарақтау қажет. Бұл билеттердің 100-пайыздық электронды сатылымына және жолаушыларға қызмет көрсетудің жаңа деңгейіне көшуді қамтамасыз етеді.
Ол үшін:
– клиенттермен өзара қарым-қатынасты басқару жүйесі (CRM) (клиенттердің ортақ базалық қоры, операциялық шығындарды азайту, келісімдерді ретімен орындау);
– мультимодальдық тасымалдауды басқару (SCM) (барлық жеткізілімдердің толық циклы, жүк ерекшеліктеріне байланыс-
ты оңтайлы көлік түрін таңдау, дәл уақыт кезеңінде тасымалдау үдерісін қадағалау);
– интермодальдық терминалды басқару жүйесі (TOS) (терминалдың өткізу мүмкіндігі мен вагонның пайдаланылу коэффициентін көтеру, дәл уақыт кезеңінде контейнердің қозғалысын қадағалау, контейнерлік парктің бос тұрып қалуын қысқарту);
– пойыздардың қозғалыс кестесін болжамды атқару, жүзеге асырылуын автоматтандыру жүйесін енгізу (РП ГДП) (бағдарлық жылдамдықты 0,3 пайызға көтеру, жаспарлау уақытын дәлдеу, қозғалыс кестесінің орындалуы, ұзақ мерзімдік (20 тәуліктен 30 тәулікке дейін);
– пойыздардың қозғалысын басқару орталығы (елдің барлық темір жол желісін орталықтандырылған басқару жүйесі (739 станса) және пойыздардың дәл белгіленген мерзімдегі қозғалысын Астанадан және аймақтағы үш бекеттен (басты − Ақтөбе, оңтүстік-шығыс – Алматы, солтүстік − Астана) қадағалау;
– инфрақұрылымды пайдалану және оған қызмет көрсету үдерістеріне енгізілген жаңа «Магистраль» автоматтандырылған басқару жүйесі негізінде жоғары технологиялық диагностика жүйесін енгізу;
– цифрлық вокзал (жолаушыларды келіп кеткен пойыздар туралы аудио және бейнелік ақпараттандыру технологиясымен қамтамасыз ету, жолаушылардың анықтамалық ақпарат алуы);
– жолаушылар пойыздарындағы Интернет желісі (жолаушыларға қызмет көрсету сапасын көтеру, қызмет аясын ұлғайту, Интернетке шығу және ғарыштық ТД жүйесіне шығу мүмкіндігін жасау);
– темір жол бойында «LTE-R» стандарты негізіндегі сымсыз жүйені құру (Қазақстан темір жолының өн бойына жоғары жылдамдықты сымсыз мәлімет беру желісін енгізу) көзделеді.
Бүкіл Қазақстан темір жолдары бойында деректерді берудің жоғары жылдамдықты сымсыз ортасын құру Интернет құралдарын енгізу, роботтандыру және ұтқыр қосымшаларды енгізу үшін жағдайларды қамтамасыз етеді.
− ҚТЖ «Тұлпар-Тальго» вагондарынан құралған жүрдек жолаушы пойыздары географиясын кеңейтуде. Жолаушылар тасымалын әрі қарай дамыту жоспарларыңыз қандай? Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін қандай шаралар қолданылуда?
– Небәрі бес жыл ішінде біз Қазақстанның барлық ірі қалаларын жүрдек жолаушылар бағдарлары желісімен байланыстырдық. Барлық бағдарларда «Тальго» зауыттарында өндірілген заманауи әрі жайлы жолаушы вагондары қатынайды.
Жүрдек пойыздардың негізгі артықшылығы жолаушылардың жол жүру уақытының айтарлықтай қысқаруы болып табылады. Ол 1,2-1,5 есе қысқарды.
Өткен жылдың соңынан бері қолданыстағы құрамдардағы вагондарды қорабы үлкен жаңа вагондармен ауыстыру жұмысы жүргізілуде. 2022 жылға дейін 6 бағдар бойынша шанағы кең «Тұлпар-Тальго» вагондарынан тұратын жаңа құрамдарды енгізу жоспарлануда. Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін ұсынылатын сервистік қызметтер аясын кеңейту жұмысы жүргізілуде.
Мәселен, қазір «Тұлпар-Тальго» жолаушы пойыздарында тамақтандырудың жаңа бірыңғай стандарттары әзірленуде. Пойыз бригадалары үшін бірыңғай стандарт әзірленіп жатыр. Ол жолсеріктің сыртқы келбетіне, киім киісіне, жолаушылармен сәлемдесуге, салонды әзірлеуге, жарақтауға, жолаушыларды отырғызып, түсіруге, жолаушыларды хабардар етуге және т.б. қойылатын талаптарды қамтиды.
Компанияда Вокзалдарды дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Ол бойынша ғимараттардың іші және сыртқы келбеттері бірыңғай талапқа сәйкестендіріледі. Вокзалдар аумағындағы коммерциялық қызметтерді тәртіпке келтіру жұмыстары жүргізілуде.
– Қанат Қалиұлы, мереке қарсаңында көлік саласы қызметкерлеріне не айтар едіңіз?
– Көлік қызметкерлері күні кәсібіне жан-тәнімен берілгендігі, патриотизмі, алға қойылған міндеттерді орындаудағы табандылығы үшін барлық әріптестеріме зор алғысымды білдіргім келеді.
Өздерінің әр күнгі еңбегімен, қайрат-жігерімен, кәсібилігімен олар саланың ғана емес, бүкіл Қазақстан экономикасының дамуына лайықты үлесін қосуда. Барша теміржолшыларға еңбекте табыс, жаңа кәсіби жетістіктер және зор денсаулық тілеймін!
Әңгімелескен
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»