![«Искорканың» үміті қайта тұтанды](/article_photo/1501736336_article_b.jpeg)
Көптен бері пайдаланылмай келе жатқан сауықтыру орталығының іргетасы 1975 жылы қаланыпты. Бір кездері балалар улап-шулап жататын лагерьдің қазіргі көрінісі ұсқынсыздау, әбден тозғаны көрініп тұр. Бірақ күзетші қойылғандықтан бұндағы ғимараттар бұзылмаған, сол қалпында. Өзен жағасында тұрған екі қабатты негізгі ғимараттың сырты жұлым-жұлымы шыққанымен, қабырғаларына ешқандай зақым келмепті. Бұл корпустың жалпы аумағы 496 шаршы метр болса, ол автономды жылу жүйесімен жылытылады. Енді осы негізгі корпус, техникалық паспорттары жоқ 8 қосалқы ғимарат және күннен қақпалайтын орындар мен шешінетін жерлері бар орталық күрделі жөндеуден өтеді. Аталған нысанға техникалық паспорт бар және абаттандыруды қоса алғанда сметалық құжат пен мемлекеттік сараптама әзірлеу үшін 11,2 млн теңге де бөлініп отыр.
Орталық күрделі жөндеу көрген соң 70 баланы емін-еркін қабылдай алады. Сонымен қатар қосымша ғимараттарда тағы 30-40 баланы демалдыруға болады екен. Аталған демалыс орнын жылдың барлық мезгілінде жұмыс істейтіндей жағдайда ұстауға мүмкіндік бар дейді осы іске жауапты адамдар. Тіпті орталық аумағында жаңа ғимараттар салуға да жер жететін көрінеді. Зеренді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жангел Уаисов балалардың барынша жақсы демалулары үшін жаяу жүру және өзенде жүзу жағдайларының барлығы жасалатынын алға тартты. Әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына тегін демалатындай жеңілдіктер де қарастырылуы мүмкін көрінеді. Сонымен бірге мемлекет қарауында болатын аталған орталықта демалу бағасы жеке лагерьде демалудан артық болмайтындығына сендірген шенеунік ауданда осындай сауықтыру орны жоқтығын алға тартты.
Жалпы, ауданда «Сұңқар», Мәлік Ғабдуллин атындағы және «Парус» деп аталатын жеке меншіктегі үш лагерь жұмыс істейді. Қазіргі кезде сол Мәлік Ғабдуллин атындағы лагерьде 100-ге тарта бала өз жазғы демалыстарын өткізіпті. Егер «Искорка» жаңа атауымен және өзгеше қызмет көрсету сапасымен қатарға қосылатын болса, онда айналасындағы өзге де лагерьлер өз қызмет сапаларын барынша жақсартуға ұмтылатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан да жаңа демалыс орнының қатарға қосылуы оңды өзгерістер әкеледі деген үміт те жоқ емес.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы