![Жалған қоңыраудың әлегі](/article_photo/1501736566_article_b.jpeg)
Алматы – Талғар жолында ілбіп келеміз. Кептеліс. Қарсы бағыт бос. Ара-тұра бір көлік өтеді. Бұл – алда бір жағдай болды деген сөз. Екі бағыт та – біз бергі, олар арғы жақта – бір шырғалаңның салдарынан тоқтап тұрғанымыз анық. Артқы жақта қалған жүргізушілердің шыдамсыздаулары енді қарсы бағытты толтыра бастады. Оң жақ қапталымыз сіресіп тұр. Сөйтіп, екі жолақты жолдың қос бағытында төрт, кей жерлерде бес қатар тізбек пайда болды. Көп өтпей жаяу жүргіншілер қаптады. Оларға жеңіл, түседі де жүре береді. Ал, көлік жүргізушілері олай ете алмайды. Қанша уақыт болса да осылай кідіруге мәжбүр. Кенет әлдекім көлігін жол шетіне шығарып, есігін құлыптады да, жүгіре жөнелді...
Әдетте қалың кептелістің өзінде асса бір сағат жүретін 20 шақырымдық жолды 3 сағаттан аса жүріп, үйге жеттік-ау. Жол-жөнекей көзіміздің жеткені, Қызыл қайрат ауылында, үлкен жолдың бойында орналасқан балабақшаның айналасындағы шұбырған халық, қаптаған көлік – өрт сөндірушілер, жедел жәрдем қызметі, полиция... Балабақшаның аумағын лентамен тартып тастапты. Тұсымызда ұялы телефонымен бар жағдайды түсіріп тұрған 15-16-дағы оқушыдан не болғанын сұрадық. Жауабы сүйінші сұрағандай сергек естілді:
– Мына жерге бомба қойылған!
Бір қызықтың боларын күткен немесе дегбірі қашқан адамның даусы осылай шығатын.
Алматыдағы бір өзі бірнеше адамды жайратып салған қылмыскер жайлы әйгілі оқиғаның дүмпуі әлі басыла қоймаған, тіксініп қалдық. «Бомба қойылған» деген сөз – төбеңнен жай түскендей әсер етері түсінікті, бірақ бізді тіксіндірген ол емес болатын. Ә дегенде әлемнің әр түкпірінде күн құрғатпай болып жататын террорлық жарылыстар бізге де жеткен бе дегенге ұқсас бір кеп санаға ұялайды екен. Оның үстіне, басқа емес, балабақша. Әдетте балалардың жып-жылы ұясындай, ең алаңсыз, ең қауіпсіз сезілетін үйді жау шапқандай, әне-міне күлі көкке ұшардай, қорқынышты леп еседі. Балабақша соншалық қорғансыз, соншама аянышты күйге түсіпті. «Бомба қойылған» деген сұп-суық сөзден кейін базары тарқап, құты қашқан кейіпте, үрпиіп қалыпты.
Кейін білдік, бұл шырғалаң түсте басталыпты. Әлдекім Талғар ауданы, Қызыл қайрат ауылындағы балабақшаға бомба қойылғаны туралы қоңырау шалған. Ауылда үш балабақша бар, қайсысы екенін де нақты айтпаған. Жедел әрекет ету тобы мен құтқарушыларға бір сәтте үш түрлі бағытта жұмыс істеуге тура келген. Арада төрт сағат өткенде барып, қоңыраудың жалған екені белгілі болған. Үреймен, күдікпен, сапырылыспен өткен төрт сағат – сырттай қарағанда қысқа ғана уақыт болғанмен, соның тікелей куәгерлері мен басы-қасында жүргендер үшін ұстараның жүзінде өткен бітіп болмас азап қой. Мұндайда уақыт тоқтап қалғандай болады. Бұрынырақта сұхбаттас болған өрт сөндіруші өмірі қыл үстінде жүретін әріптестерінің әйелдеріне арналған бір сөз бар деп еді: «Сен оны жұмысына барынша құрметтеп шығарып сал. Соңғы рет көріп тұруың мүмкін». Өрт сөндірушінің өзі мұндай болғанда, жарылғыш затты анықтайтын саперлердің тағдырын ойлау мүлде қорқынышты. Төрт сағат ішінде олар не ойлады екен... Біз әдетте «осынша адам эвакуацияланды, қауіпсіз жерге көшірілді» деп ақпарат ретінде оңай айта саламыз.
Біз сайтымызға рейтинг жинау үшін жанталаса жазып жатқанда, іштегілердің қанша шашы ағарды екен...
Жол ортаға көлігін тастай жүгірген әлгі жігіттің қандай шаруасы болды екен...
Бүкіл елді дүрліктірген бұл оқиғаның себебі – болмашы бас араздығы көрінеді. Алғашында түк болмағандай, балаларды қауіпсіз жерге көшіруге көмектесіп жүрген Гесімді әйел, тіпті, телеарналардың біріне сұхбат беріпті. Балабақшамен жапсарлас тұратын көрші ғимараттың иесімен әлденеге келіспей қалған, содан кек алуға бекінген келіншек арада екі сағат өтер-өтпесте қылмысының әшкере болатынын ойлады деймісіз. Сөйтсе, қазір техника әбден дамыған, жалған қоңырау шалушыны анықтау анау айтқандай қиын шаруа емес екен. Осы уақытқа дейін болған жағдайларды жалпылама шолып шыққанда көзіміздің жеткені – соның бірде-бірі ашылмай қалмапты. Тіпті бұл тарапта аса қиындық та тумайтын секілді. Қоңырау шалушының иесін анықтауға кеткен ең ұзақ уақыт – бір жұмыс ауысымынан аспапты. Ана бір жылы Қызылордада жатып алып, Алматының метросын «бомбалаған» әзілқой да қоңырауынан кейін көп өтпей үйіне қызыл жағалылардың кіріп келетінін болжап та үлгермеген. Сірә, қылмыскерді Алматыдан іздейді деп ойлаған болса керек.
Осыдан біраз бұрын әлдебір қылмысқа қатысы болып (кейін кінәсіздігі анықталып, ақталып шықты), тергеуге түскенде, тәртіп сақшылары ұялы телефонындағы соңғы әңгімелердің жазбаша нұсқасын алдына тартқанын айтып, «бұларға біздің әр басқан қадамымызды анықтау түк емес екен ғой», деп түңіліп шығып еді. Оған дейін естіп жүрсек те, аса мән бермеген кеп екен, әлгінің әңгімесінен кейін ғана, шындап ойлана бастадық. Қазақ «керегеде де құлақ бар» деуші ме еді? Ал, біз, спутник дәуірінде, қаптаған техниканың ортасында отырып, із кесушілерден қулық асырғымыз келеді. Алдыңдағы компьютер экранының, үйіңдегі телевизордың да көзі бар дейді деректер. Ал, біз сол көз бен құлақтың негізгі құралы саналатын ұялы телефонды ұстап отырып, қылмыс жасаймыз.
Күштіні жығатын басқа күштінің әйтеуір бір шығатыны секілді, техникадан асатын өзге бір техниканың ойлап табылғаны жайлы күн сайын айтылып жатады. Біздің соны білмейтіндігіміз, білсек те онша сеніңкіремейтініміз ғой, қоңырау шалғанда телефондағы гаджеттік бағдарламалар арқылы дау-сымызды өзгертіп, «қулық асыратынымыз». Жатақханада ерігіп жатып, әлдебір «шытырманға» аңсары ауып, «ер адамның» даусымен вахтаға қоңырау шалған қыз жайлы естіген боларсыз? Гаджеттік бағдарлама дегеніңіз құрбы-құрдасыңмен әзілдескенге, өзің сияқты «аңқау» біреулерді алдауға, ойын үшін ойлап табылған жеңіл-желпі нәрсе емес пе?! Ал, біз соның көмегімен із жасыр-ғымыз келеді.
Мұның бәрі техникалық мүмкіндік жайлы түсініктің таяздығынан. Рас, заңнан, оның жазасынан қорқамыз, бірақ, қылмыс жасау туралы ойымыз тым шектеулі. Біздің қылмыс жайлы ұғымымыз көбіне кісі өлтіру мен ұрлық жасаудың төңірегінен ұзамайтын болса керек. Рас, кісі өлтірудің жанында жалған қоңырау анау айтқандай қатыгездік болмауы мүмкін, бірақ, сапырылысқан, сабылысқан, қым-қуыттың ішінде біреу сүрініп кетіп, енді біреу сасқалақтап жүріп қадамын шалыс басып, мерт болуы мүмкін ғой. Олай болмаған күнде де, «ұрлықтың үлкені – өзгенің уақытын ұрлау» деген бар, қаншама адамды шаруасынан қалдырдыңыз. Төтенше жағдайлар мен жедел жәрдем мақұл, міндеттерін қалай да атқарады. Іс-қимылға кеткен шығын да ештеңе емес, орнына келеді. Бұл тарапта төтенше жағдайлар қызметі жиі айтатын, болуы мүмкін жағдай мынау: сіздің өтірігіңізбен әуреге түсіп жүргенде, өзге жақта қатер үстіндегі шын мұқтаж біреулерге көмек кешігіп жетуі мүмкін. Бұдан өзге де түбін қазсаң бір-бірімен байланысып кете беретін қаншама «мүмкін жағдайды» індете беруге болады. Мәселен, әлгі жол үстінде қаншама тағдыр, қаншама проблема кетіп бара жатты екен...
Көлігін тастай жүгірген жігіт көз алдымнан кетпейді...
Деректерге сүйенсек, жалған қоңырау шалушылардың дені бұл қадамға ерігіп, ойнап баратын көрінеді. Жұмыс күнін қысқарту үшін өзі қызмет істейтін ғимаратқа бомба қойылғаны жайлы ақпар беріп, үйіне тайып тұруды ойлаған жас жігіт туралы естігенде, шын таңдандық. Бала күнімізде, бастауыш мектепте мұғаліміміз ауырып қалса, сабақ болмайды деп қуанушы едік, кейін ес кіре бастағанда-ақ әпенделігімізге күле отырып әңгіме қылатынбыз. Ал, бұл сойталдай жігіт. Үйіне ерте қайтқысы келеді!
Мұның бәрі еркеліктен туатын, іші пысқандардың, ішіп алғандардың, ақылы кемшіндеулердің, тіпті, «осы рас па өзі?» деп тексеріп көргісі келгендердің әрекеті көрінеді. Бұл тізімде кім жоқ дейсіз: мектепке кешігіп бара жатып, жедел жәрдем шақырған оқушы, махаббатта жолы болмаған жігіт, мысығы ауырып қалған, баласы сабақ оқымай қойғанда, ине салдырам деп қорқыту үшін ақ халаттыларды әуреге салған... Осылай кете береді. Бір қызығы, жедел жәрдем мен құтқару қызметіне шалынған қоңырау иелеріне ешқандай жаза жоқ. Бұл қызметтегілер елдің еркелігін үнсіз көтеруге мәжбүр. Тіпті, болғанға да, болмағанға да жедел жәрдемді шақыра беретін, дәрігерлердің «жақын танысына» айналған адамдар бар. Күн сайын бір ауру ойлап табады, әлдебір проблемасын айтып шағынады. Мұндайлар көбіне, жалғыз бас-ты, қараусыз қалған қарттар тарапынан болатын жағдай. Жеке адамдарға деген реніші мен өкпе-ызасы қоғамға, бүкіл елге деген жеккөрінішке ұласқан. Психологтардың жұмысы керек-ақ.
Мұндай қоңыраулардан, бәлкім, енді қолға алынып жатқан медициналық сақтандыру полисі жолға қойылғасын құтылатын шығармыз дейді мамандар. Өйткені, көп елдерде жедел жәрдем ақылы қызмет көрсетеді. Сірә, аса қымбат болмаса да, ақылы болғаны жөн шығар. Өйткені, ақша төлейсің десе азар да безер болатын көп ағайынды телефонын қолына аларда денсаулығы туралы тағы бір ойланып алуға мәжбүрлер...
Ал, «бомба қоюға» болмайды. Оның заңы қатал. Әлем террористерден зәрезап болып отырған уақыт, жаза бұрынғыдан да күшейген. Жалған қоңырау шалушылардың қылмысы тексерілгенде қасақана жасады ма, әлде қателесті ме деген мәселе арнайы тексеріледі. Қасақанасы түсінікті, ал, қателік – буды өртпен шатастыру, әлдебір жайтты күдікті деп тану сияқты жағдайлардан туындайды. Әрине, мұндайда ақтығы дәлелденсе, кешірім жасалады. Сол себепті әлгіндей жағдайлар болмауы үшін заң қызметкерлері ел ішіне жиі шығып, БАҚ арқылы, интернет арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұруы керек. Алматы облыстық прокуратурасының хабарлауынша, мамандардың тақырыптық дәрістері, шағын деректі фильмдер мен роликтерді тұрақты түрде елге ұсынып отыру маңызды нәрсе. Өйткені, қасақана жасалмаса да, қателесудің де зардабы аз болмайды. Сол себепті, құтқарушыларды мазаламас бұрын, анық-қанығына көз жеткізіп алмақ ләзім.
Нақты мәліметтерге сүйенсек, Алматы облысында биылғы жартыжылдықтың есебі бойынша террорлық акт туралы жалған ақпарат беруге қатысты 4 іс тіркеліп, сотқа жіберілген. Соның бірі Ұйғыр ауданында болған жайт. С есімді азамат Алматы қаласындағы №7 ауруханаға бомба қойдым деп қоңырау шалған. 600 науқас, оның (ішінде жансақтау бөлімінде жатқан ауыр науқастар да бар, 1100 аурухана қызметкері қауіпсіз жерге шығарылған. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің 11 автотехникасы мен 35 қызметкері, қалалық төтенше жағдайлар департаментінің 4 автотехникасы мен 23 қызметкері жұмылдырылған оқиғаның соңы – С мас күйінде қоңырау шалған деген актімен бітеді. Сот үкімімен мас күйде болғаны ескерілсе керек, 2 жылға бас бостандығы шектеліп, шыққан шығын түгелдей өндірілген. Ескерілсе дегеніміз, 2015 жылғы өзгеріс бойынша бұл тараптағы қылмысқа санкция күшейтілді. Бұрын 6 жыл мерзіммен бірге баламалы жазалар да қарастырылса, соңғы заң бойынша баламалы жазалар алынып тасталған. Яғни, сізді ешқандай ақша да, «ауру» да құтқара алмайды.
Алматы облысы бойынша биылғы жарты жылдықтың дерегі бұл тараптағы қылмыстың өсіп келе жатқанын көрсетеді. Мәселен, 2016 жылы 2 қылмыс тіркелген. Ал, жарты жылда 4 қылмыс. Алаңдауға тұрарлық жағдай. Биылғы 6 ай ішінде 13 жалған қоңырау шалу фактісі тіркелген, оның 9-ы қасақана. Қасақана қылмыстың 4-еуі террорлық әрекетке байланысты болғандықтан сотқа жіберілген. Қалған 5-еуі де жазасыз қалды деуге болмайды, жоғарыда айтқанымыздай өртке, зорлық-зомбылық сияқты жайттарға қатысты жалған қоңыраудың иелеріне әкімшілік жаза қолданылады.
Баламызға дейін қылжаққа айналдырардай (Сарыөзек ауылынан Алматыдағы метроға бомба қойылғаны туралы ақпарат беріп, бүкіл елді дүрліктірген 9 жасар бала оқиғасы есіңізде болар) терроризм соншалық ойыншық болмаса керек еді. Баланы қойшы, кінәні заманға, әке-шешесіне жауып, ақтап алуға болады. Соғыс ойынын зіңгіттей азаматтардың ермек қылатыны қиын. Біз, сірә, өз басымыздан өтпеген жағдайды толық сезіне алмайтын шығармыз. Өмірден, бір-бірімізден алыстап бара жатқанымыз ғой, әлдебір кинодан көргенімізді шынайы жағдайда байқап көруге көңіліміз ауып тұратыны.
Біздің де бала кездегі бір ермегіміз соғыс болыпты. Кішкене бұтақты қару орнына кезеніп, атысып ойнайтынбыз. Соның өзі үлкендерге жақпай қалатын... «Жамандық шақырма!» деуші еді сонда...
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы
Коллажды жасаған
Амангелді ҚИЯС,
«Егемен Қазақстан»