Аймақтар • 03 Тамыз, 2017

Ескі заман зеңбірегі табылды

394 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгіндері аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың тапсырмасы бо­йынша орталық мәдениет және демалыс саябағында күр­делі жөндеу жұмыстары қызу жүр­гізілуде.

Ескі заман зеңбірегі табылды

Осыған орай бей-бере­кетсіз салынған нысан­дар­ды басқа жаққа көшіруге шешім қабылданған. Тізімге «Даниял» дәмханасы да ілігіп, оны бұзу кезінде құрылысшылар патша зеңбірегін кезіктірген. Өлке­танушылардың айту­ларынша, зеңбірек бұрын осы жердегі дөң үстіне орнатылып, балалар қызықтайтын орынға айналған. Тарихы әріден басталатын көне артефакт қилы-қилы кезеңді бастан өткерген тәрізді. Өйткені, 2000 жылдары үшті-күйлі жоға­лып кетіп, тұрғындар оны «қолды болдыға» жорып жүрген. 

– Кейін дөң үстіне дәмхана тұр­ғызылып, астында қала берсе керек. Нысан заңсыз бой көтерді ме, әлде иелері басқа жаққа ауыс­тыруды қиынсынды ма − айту қиын. Жобалауымызша Петро­павл қамалы салынған 1752 жыл­дары әкелінгенге ұқсайды. Біз өз тарапымыздан оны мұражайға ың­ғайлы орналастыру жолдарын ойлас­тырудамыз, – деді телефон арқы­лы хабарласқанымызда мәде­ниет және құжаттамалар басқар­масы басшысының мінде­тін атқарушы Зәуре Нұрмұқанова. 

Петропавлдықтар көзден бұл-бұл ұшқан ескіліктің көне жәді­герімен қайта табысқан­дары­на қуанулы. Қазір жергілікті мұра­жайда екі зеңбірек тұр. Бұл үшін­ші экспонат ретінде қосылады. 

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан» 
 

Солтүстік Қазақстан облысы