Агенттік төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев кеңесті аша отырып, Қазақстан Doing Business-2017 халықаралық рейтингте 35-орынды иеленіп, іскерлік ортаны жақсарту бойынша көптеген шаралар қолға алынғанына тоқталды. Алайда, сауалнамалар нәтижелері көрсеткендей, көптеген компаниялар әлі күнге дейін әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері өздерінің жұмыстарына нұқсан келтіріп отыр деп есептейді.
.Шпекбаевтың айтуынша, бұл мәселе бірінші кезекте нұсқамаларда көрсетілген міндетті талаптардың және әкімшілік рәсімдердің көп болуымен байланысты туындауда. Олардың қатарына ветеринарлық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау салалары жатады.
Басқосуда айтылғандай, аталған салада тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны өсуде. Мәселен, 2016 жылы мұндай істердің жалпы саны 12 болса, ал 2017 жылдың тек бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 14 факті тіркелген.
Сонымен қатар, жиында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындататын өзге де жағдаяттар сөз болды. Нақтылай айтқанда, ветеринарлық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау салаларын реттейтін нормативтік құқықтық актілер арасында қарама-қайшылықтар мен олқылықтар, тексеріс қорытындылары бойынша нұсқамаларда көрсетілген бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдерінің болмауы секілді бірқатар мәселелер атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша 49 ұсыным әзірленді, оның 55 пайызы нормативтік құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді жоюға бағытталған болса, ал 45 пайызы ұйымдастырушылық-басқару қызметтеріне қатысты.
Соңында А.Шпекбаев атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, енгізілген ұсыныстардың орындалу барысы бақылауда болатынын жеткізді.
«Егемен-ақпарат»