Президент • Бүгін, 15:05

Мемлекет басшысы Үкіметке елдегі мұнай өңдеу зауыттарын жедел жаңғыртуды тапсырды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы мұнай саласындағы күрделі ахуалға тоқталмай кетуге болмайтынын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы Үкіметке елдегі мұнай өңдеу зауыттарын жедел жаңғыртуды тапсырды

Фото: Ашық дереккөз

Президенттің айтуынша, Қазақстанда жылына шамамен 100 млн тонна мұнай өндіріледі, бірақ елімізде соның тек 18 млн тоннасы ғана қайта өңделеді. Соның салдарынан біз мұнай өндіруші ел болсақ та, жыл өткен сайын дизель отыны бойынша тапшылық пайда болып жатыр, авиациялық керосин бойынша да импортқа тәуелді болып отырмыз.

«Сондықтан отынға деген сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, елімізде жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту керек. Бұл жұмысты жедел орындау қажет. Аталған қадам бір жылда өңделетін мұнай көлемін 9 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді (18,4 миллион тоннадан 27,4 млн тоннаға дейін). Бұл – министрліктің мәліметі», деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, Үкімет жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты байыпты шешім қабылдауы қажет. Ең алдымен, мұнай өңдеу зауытына шикізат қайдан жеткізілетінін, қандай өнімді және қанша көлемде өндіретінін дұрыс есептеу керек.

«Бұл жобаны іске асыруға (егер жүзеге асса) жеке инвестор тарту керек болады. Бүгінде мұндай ірі жобаны тек мемлекет қаржысына салу өте тиімсіз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сақтандыру және қор нарығын дамытудың бағдарламасы әзірленеді

Мемлекет басшысы өз сөзінде, қажетті жағдай болса да, осы кезге дейін елімізде мұнай-газ химиясы өз алдына жеке сала болып қалыптаспағанын айтты.

«Менің тапсырмаммен полиэтилен, бутадиен, карбамид және басқа да өнімдер шығарып, осы саланы жаңа деңгейге көтеретін бірқатар жобалар іске қосылды. Үкімет бұл жобаларды уақтылы аяқтауға тиіс.

Осындай мұнай-газ химиясы саласындағы ірі жобаларды іске асыру арқылы еліміздің негізгі химия өнімдеріне (полиэтилен, полипропилен) деген сұранысын өтейміз», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өзімізде шығарылатын полимерді барынша өңдеу ісі жолға қойылмаған. Бұл материалдан автобөлшектер, тамшылап суаруға қажетті құралдар, медициналық жабдықтар, ыдыс-аяқ және басқа да көптеген өнім шығаруға болады.

«Бұл орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсету керек. Соның ішінде лизингпен құрал-жабдық, жеңілдікпен несие беру қажет. Бұл қадам азық-түліктен өзге өнімдердің бағасын төмендетуге зор мүмкіндік береді», деді Президент.

Президент мемлекет пен жеке серіктестікті белсенді пайдалануды тапсырды

Президент атап өткендей, мұнай-газ химиясы және басқа да негізгі салалардағы өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін ресурстар қорын толықтыру өте маңызды.

«Қазір Үкімет тікелей мемлекеттік инвестицияға үміт артып отыр. Алдағы үш жылда бюджеттен геологиялық барлау жұмыстарына 500 миллион долларға жуық қаржы бөлу жоспарланған. Бұл өткен отыз жылда жұмсалған қаражатпен тең. Бұл, әрине, дұрыс, бірақ бәрібір жеткіліксіз.

Геология саласын дамытуға жеке капитал тарту Үкіметтің аса маңызды міндеті болып қала береді. Онсыз геологиялық барлау жұмыстары әрдайым қазынадан бөлінетін қаржыға тәуелді бюджеттік жоба болып қалуы мүмкін», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Алатау қаласы жаңа инвестициялық кезеңнің негізгі жобасы болуға тиіс

Соңғы жаңалықтар