Футбол • 04 Тамыз, 2017

Бөрікті аспанға атуға әлі ерте

113 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу турнирінде бақ сынап жүрген «Астана» футбол клубы өзінің асқаралы мақсатына бір табан жақындай түсті. Бұрнағы күні елорда командасы Варшава қаласында жергілікті «Легиямен» қарымта ойын өткізіп, 0:1 есебімен жеңілгеніне қарамастан, екі матч қорытындысы бойынша жарыстың келесі кезеңіне жолдама алды. Еске салар болсақ, қазақстандық клуб аталған қарсыласын 26 шілде күні Астанада өткен 3-ші електік раундтағы алғашқы ойында 3:1 есебімен тізе бүктірген болатын.

Бөрікті аспанға атуға әлі ерте

«Стадион Войска Польского» аре­на­сында өткен «Легия» мен «Ас­тана» арасындағы матч Польша­ның мем­лекеттік мерекесі – Варшава көтері­лісінің ұлттық күнін бір минут үн­­сіз­­­дікпен еске алу рәсімімен бас­талды.  

Жалпы, кездесудің бірінші тай­мы «Астана» футболшысы Иван Маев­скийдің қарсыласпен тартыс­та майып бола жаздаған сәтімен есте қалды. Әйтпесе, екі команда тара­пынан қор­­ғау­шылардың екі ая­ғын бір етік­ке тық­қан  адуынды шаб­уылдар, қақ­па­шылардың зәре-құтын алған жойқын соққылар бай­қала қоймады. Содан да болар, ойын­ның бұл бөлігінде қақпа құлпы бұзылмай, командалар үзіліске тең нәтижемен тарқасты.
Кездесудің екінші таймы біз күт­кендегідей алаң иелерінің шабуы­лымен басталды. Обалы нешік, жер­лес­теріміз қорғаныста аса сақ ойнап, қар­сыластың «жаман» ойын жүзеге асыр­мау­дың барлық амал-әрекетін жасап бақ­ты. Дегенмен, «Аңдыған жау ал­май қоймайды» деген бар, матч­тың 76-минутында біздің Мокин қор­ға­­ған қақпа торында ала доп тулап жат­ты. Себастьян Шиманьскидің бұрыш­та­мадан әуелете берген добын Якуб Червинь­ски деген жартылай қорғаушы баспен ұрып, қақпаның бос бұрышына дәл бағыттады. 

Сөйтіп, «Астана» футболшылары Еуропада әйгілі клубтардың өзіне азу көрсетіп жүрген «Легия» сынды командадан екі ойын қорытын­дысында 3:2 есебімен айласын асы­рып, Чем­пиондар лигасының плей-офф кезеңіне шықты.

Қазақстандық барша жанкүйер­ге қуаныш сыйлаған бұл ойында «Астана» мына құрамда өнер көрсетті: Мо­кин, Шитов, Аничич (Постников 63), Кляйнхайслер, Мужиков (Граховац 84), Маевский, Твумаси, Логвиненко, Кабананга, Мұртазаев (Бейсебеков 57), Шомко. Осы ретте, көтеріңкі көңіл-күйге кірбің түсірер бір жайтты айт­пай кетуге тағы болмайды. Кәрі құрлықтың төрінде Қазақ футболының жақсы атын шығарып жүрген ұжым­ның құрамында бұл ойында екі ғана қаракөз өнер көрсетті. Оның өзінде, біреуі 84-минутта ойынды тәмамдаса, екіншісі 57-минутта ойыншы алмас­тырып, алаңға шықты...

Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне сайдың тасындай іріктелген кіл мықтылар жолдама алды. Демек, тартыстың көкесі алда. «Астанаға» бөрікті аспанға атуға әлі ерте. 

Қайрат ӘБІЛДИН,
«Егемен Қазақстан»