Үкімет • 04 Тамыз, 2017

Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды

171 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған Бақытжан Сағынтаев бірінші кезекте «Есіл Агро» ЖШС сүт-тауар фермасы мен егіс алқаптарына аралады, деп хабарлайды primeminister.kz.

Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды, онда Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асыру барысымен танысады.

Өңірге барған Бақытжан Сағынтаев бірінші кезекте «Есіл Агро» ЖШС сүт-тауар фермасы мен егіс алқаптарын аралады, онда ауыл шаруашылығы өндірісінің технологиялық ерекшеліктерімен және кәсіпорынды одан әрі дамыту келешегімен танысты.  

Бақытжан Сағынтаев сүт фермасын аралау кезінде кәсіпорынның өндірістік үдерістерімен және дайын өнімдер көрмесімен танысты. ҚР Премьер-Министріне мұнда өндірістік қуаттылықты 2 есеге дейін ұлғайту және сауын табынын 2 400 басқа дейін жеткізу көзделіп отырғаны туралы ақпарат берілді. 

Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев «Есіл Агро» ЖШС егістігінде болды, онда Ақмола облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпанның егін жағдайы туралы баяндамасын тыңдады. 

Айта кету керек, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауына сәйкес осындай кәсіпорындарды ашу елімізде экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптасыру кезінде маңызды бағыттардың біріне айналуы тиіс. Осыған орай, бүгінгі күні АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында отандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне кешендік қолдау көрсетіліп жатыр. Онда жеңілдікпен несиелендіру мен қолдау көрсетудің өзге де тетіктері қарастырылған. 

Сондай-ақ, бүгін ҚР Премьер-Министрі өндірістік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, спорт және туристік инфрақұрылым нысандарының жұмысымен танысады, олардың ішінде «Есіл-Агро» ЖШС, «Тыныс» АҚ, Щучинск қаласының шаңғы спортының республикалық базасы, сондай-ақ Бурабай ауылының туристік нысандары бар.   

Бақытжан Сағынтаев Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту мәселелері жөнінде кеңес, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшелерімен ШОБ-ті дамыту мәселелері бойынша кездесу, сондай-ақ Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы мен «Cерпін» әлеуметтік жобасын іске асыру туралы кеңес өткізеді деп күтілуде.

Бұдан өзге, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Көкшетау қаласының Жұмыспен қамту орталығының жұмысымен және «Щучинск – Бурабай» автожолын жөндеу сапасымен танысады.

Анықтама:

Өңірде «Қазақстан жауһары» аталып кеткен Бурабай ұлттық саябағы бар, онда 14 ірі көл, оның ішінде Бурабай, Шортанды, Қотыркөл және көптеген ұсақ көлдер орналасқан. Бурабай фаунасында омыртқалылардың 300-ге жуық түрі, флорасында – орман, дала, сортаң өсімдіктерінің 800-ге жуық түрі бар. Мұнда сондай-ақ көптеген шипажайлар мен балшықпен емдейтін орындар орналасқан.     

Ақмола облысының ірі және жүйе құраушы кәсіпорындары «Altyntau Kokshetau» АҚ, «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ, «ЕПК-Степногорск» АҚ, «Қазақалтын» ТМК» АҚ және «СГХК» ЖШС болып табылады. Индустрияландыру картасы аясында облыста 623,3 млрд теңге инвестиция көлемімен 17 жобаны іске асыру жалғасуда. 2017 жылы ИИДМБ аясында олардың құны 95,4 млрд теңге болатын 1 119 жұмыс орнын құрумен 7 жобасын енгізу жоспарланған.  

«Есіл Агро» ЖШС кәсіпорны 2009 жылы ашылған және қазіргі таңда мұнда сүт беру бағытында - 1 609 ірі қара мал мен ет беру бағытында – 387 мал басы бар. Бұдан өзге, мұнда 87 000 га а/ш алқабы бар, соның ішінде егістік жер – 41 366 га және табиғи жайылым жері – 45 634 га. Олардың орташа өнімділігі бір гектардан 15 центнерді құрайды, олардың қатарында  дәнді-бұршақты дақылдар 22 500 тонна, майлы дақылдар – 2 500 тонна.