«ЭКСПО бізге қатты ұнады, жақсы әсер алдық. Көрменің мазмұны өте ауқымды және ондағы таныстырылымдар тамаша. Бұл қазақстандықтарға және әлемнің түкпір-түкпірінен келгендерге, оның ішінде Орталық Азия елінің азаматтарына халықаралық деңгейдегі іс-шараны өз көзімен көруге мүмкіндік беретін айырықша шара. Біздіңше, Қазақстан павильоны ең әдемісі. Халықаралық көрме Қазақстанның жетістіктері мен табыстарын көрсетеді», - дейді Джулия.
Қаулан Қытайдан келген қазақ болса, зайыбы Джулия Маклейн америкалық студент. Бұл туралы халықаралық көрменің сайты арнайы видео жариялады.
«Мен қазақ тілін Америкада бір жыл оқыдым. Екі мұғалімім бар, бірі - Шучинскіден, екіншісі - Шымкенттен», деген Джулия қазақ тілін еркін меңгергенін байқатты. Ал Қаулан Қытай павильонында өтетін іс-шараларға белсене ат салысып жүр. Екеуінің Калифорниядан Астанаға келгеніне тұп-тұра бір айдан асқан.