12 Қазан, 2011

Балалар марапатталды

313 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше «Ядросыз әлем үшін» атты халықаралық конференция шеңберінде ұйымдастырылған мектеп оқушылары мен бүлдіршіндердің осы тақырыпқа арнаған шығармалары мен суреттері конкурсының нәтижесі жарияланып, жеңімпаздар марапатталды. Сыйлық тапсыру рәсімін Сырт­қы істер министрінің орын­басары Қайрат Омаров жүргізді. Конкурсқа қатысқандар арасы­нан жеңімпаз деп танылған алты оқушы еліміздің әр түк­пі­рінен келген еді, олардың бәрі де демеушілер әперген айпад планшеттерін иеленді. Конкурс нәтижесі бойынша шығармалар арасынан бірінші орынды Шығыс Қазақстан об­лы­сы Зайсан ауданындағы Ай­на­бұлақ орта мектебінің 9-сы­нып оқушысы Ақмарал Манапова алды. Ақмарал шығар­ма­сын­да өз басынан өткен жайларды жазған екен. Ядролық сынақ ала­ңына жақын маңда туған оның анасының бойынан қатерлі ісік дерті табылып, оған ота жа­салады. Бастан кешкен қиын­дық­ты оқушы қыз шынайылықпен баяндайды. Ал шығармасының соңында ол: егер сендердің тұ­ра­тын жерлеріңде ядролық сы­нақ­тар жасалатын болса, үнсіз қал­май, бастарыңды көтеріп, қар­сы­лық білдіріңдер, деп өзінің құр­дас­тарын ашық күреске ша­қырады. Екінші орынға Алматы қа­ла­сындағы №32 мектептің 11-сы­нып оқушысы Дінислам Бек­қа­лиев­тің өлеңі лайық деп та­был­ды. Ал үшінші орын ядролық сы­нақты басынан өткерген өлкенің ұланы, Абай ауданындағы Қа­рау­ыл мектебінің 10-сынып оқу­шы­сы Жайнар Назымқызына берілді. Туған жерін шексіз сүйе­тін қыз өзінің шығармасында яд­ро­лық сынақтарға лағнет ай­тады. Суреттер номинациясы бой­ынша бірінші орынды Тараз қаласындағы №43 мек­теп­тің 2-сынып оқушысы Санжар Бегайдаров, екінші орынды Қостанай облысы Жітіқара қа­ласындағы гимназияның 7-сы­нып оқушысы Жанат Темірханов және үшінші орынды Қа­рағанды қаласындағы №101 мектеп-лицейдің 8-сынып оқу­шысы Мұхтар Серіков алды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне атом қырғынын арқа­сымен көтерген Нагасаки қа­ласының қазіргі мэрі Томихиса Тауэ қатысты. Ал марапаттар алуға «Қазатомөнеркәсіп» ҰК пен «Қазақстанның Азамат­тық альянсы» ұйымы қол­ұшын берген екен. Жақсыбай САМРАТ. Астана.