Бокс • 04 Тамыз, 2017

Қанат Ислам Астанада қалай жаттығады?

292 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

9 қыркүйекте Астанада өтетін жекпе-жекке бұған дейін Алматыда дайындалған Қанат Ислам жаттығуын енді Астанада жалғастырмақ.

Қанат Ислам Астанада қалай жаттығады?

Бүгін Астанаға ат басын тіреген боксшыны елордалықтар әуежайда қарсы алды.

Боксшыны қарсы алуға журналистер мен қала тұрғындары барды. Кездесу барысында Қанат алдағы жекпе-жек жайындағы және өзге де сауалдарға жауап берді.

Естеріңізде болса, маусым айында Астанада өткен баспасөз мәслиxатында Қанат Ислам келесі жекпе-жегін америкалық боксшы Джеймс Кирклендке қарсы өткізуді жоспарлап отырғанын айтқан болатын. Кейін канадалық Брэндон Кукпен жұдырықтасатыны белгілі болды. Осыған орай қойылған сұраққа Қанат: «Біз оның барлық талаптарын орындайтынымызды айтсақ та Киркленд келісімін бермеді. Тіпті сол беті телефонын да көтермейді. Менеджері де, промоутері де хабарсыз кетті. Мүмкін, алдағы уақыттарда жұдырықтасармыз», - деді.

Алдағы айқасқа елордада дайындалуының бір себебі Астананың ауа райына бейімделу екенін де айта кеткен Қанат, «мұндағы жаттығуымызда тек қана спарингтер өткізетін боламыз» - деп дайындық қыр-сырымен де бөлісті.

Жанкүйерлер асыға күткен 9 қыркүйек бокс кешінде Жанқош Тұраров (21-0, 15КО), Жәнібек Әлімханұлы (1-0, 1КО), Мейірім Нұрсұлтанов (3-0, 2КО), Руслан Мырсатаев (3-0, 3КО), Әли Ахмедов (7-0,5КО), Айдос Ербосынұлы (6-0, 6КО), Димаш Ниязов (11-0-3, 5КО) және Нұрсұлтан Жаңабаев (2-0, 1КО) сынды жеңіліп көрмеген жұдырықшылар рингке шығатынын көзқарақты жұрт білсе керек.

Бүгін Қанат Исламмен бірге алдағы жекпе-жектің андеркардында жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Нұрсұлтан Жаңабаев та келді.

Былғары қолғап шеберлерін Нельсон Лопес бастап келді.