12 Қазан, 2011

Үндестік

365 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бүгінде ел газеті «Еге­мен­нің» тұрақты акциясына ай­нал­ған «Ұлылыққа тағзым» атты жаяу жорық экспеди­ция­сы сапарға алғаш рет хакім Абайдың 150 жылдығына орай шық­қан еді. Соның соңғы тоғызыншы сапары Елбасы­мыз­дың алғашқы Жарлық­та­ры­ның бірімен Семей атом полигонын жа­буы­ның 20 жыл­дығына орай биылғы жыл­дың мамыр айында ядролық сынақ аймағының нақ эпицен­трін­дегі Саржал – Қайнар – Курчатов бағыты бойынша ұйым­дастырылған болатын. Ал Норвегияның «Бейбітшілік үшін саяхат» қоғамдық ұйымы 1978 жылы велосипедпен алғашқы сапарын Солтүстік Ирландияға жасаған екен. Содан беріде аталған ұйым әлемнің жүзден астам еліне бейбітшілік пен достық саяхаттарын ұйымдастырыпты. Олар­дың да  Семей атом полигонының жабы­луы­ның 20 жылдығына арналған сапары  29 та­мызда өз мәресіне жеткен болатын. Ал мұны кез­дейсоқтық деп емес, өзара үндестік деп ұғынған ләзім. Төменде екі сапар жетекшілеріне сөз беріліп отыр. Мамадияр ЖАҚЫП, «Еге­мен Қазақстан» газеті­нің ардагері, «Ұлылыққа тағ­зым» жаяу жорық экс­пе­дициясының жетекшісі: – Иә, біздің алғашқы сапарымыз 1995 жылы хакім ақынның 150 жылдық ме­рей­тойына орай ұйым­дас­ты­рыл­ған болатын. Сонда біз Семейден Жидебайға дейін 160 шақырым жерді бес күн ішінде жүріп өткен едік. Кейінде бас басылымның тұрақты акция­сы­на айналған мұндай жаяу жо­рықтар ұлы Жамбылдың – 150, ғұлама жазушы, ғалымдар Әуе­зовтің, Сәтбаевтың, Мүсіре­пов­тің 100 жылдықтары  мен өршіл ақын Махамбеттің 200 жыл­ды­ғы, сондай-ақ әулиелі Түркістан қаласының 1500 жылдығы тұ­сында өз жалғасын тапты. Сол тұста алдымыздың жасы жетпіске тақап қалған­дық­тан, осы жеті сапармен шек­телгенді жөн көргенбіз. Со­ған орай «Жеті сапар» деп аталатын кітабымыз да жарық көрген еді. Алайда, ойлана келгенде тірісінде жазықсыз оққа байланып, ал өлісінде бай мұ­ра­сына пәлен жыл тыйым салын­ған Шәкәрім қажының 150 жыл­дығында үнсіз қалғанды жөн көрмегенбіз. Сөйтіп, 2008 жылдың жазында Жидебай – Бақанас бағытымен жолға шыққан болатынбыз. Ал биылғы жылдың мамыр айында ядролық сынақ аймағы­ның нақ эпицентріндегі Саржал – Қайнар – Курчатов бағытымен жолға шықтық. Әдеттегідей, бұл жолғы сапарда да ел бізді жылы жүзбен, зор құрметпен қарсы алды. Оны біз кешегі сынақ аймағындағы халықтың тұңғыш Президентімізге, оның ішкі және сыртқы саясаттағы сарабдал қызметіне құрмет ретінде қабылдадық. Осы өткен жиырма жылда ел іші өзгеріс, жаңалықтардан кенде емес екен. Әсіресе, кешегі атом по­ли­гонының астанасы – Курчатов қаласының болмысы бүтін­дей өзгеріп кетіпті. Оның бола­шағы тіптен де кісі қызы­ғар­лықтай. Біз соған қуандық. Ал жекелеген кемшіліктерді барды ұқсата алмай отырған кейбір басшылардың кінәсі ме дедік. Енді, міне, норвегиялық әріптестер тарапынан қолға алынған бір игілікті шаруа өз мәресіне жеткенін естіп, біліп отырмыз. Біздің кешегі игі талпынысымыз құрылғанына отыз жылдан асқан Еуропа тө­ріндегі бір қоғамдық ұйымның тарапынан басқаша мазмұнда өз жалғасын тауып отыр­ға­нына, әрине, біз өте қуаныш­тымыз. Бұл өзі өзара келіс­кендей-ақ бір оңды шаруа болды деп білемін. Торе НАЕРЛАНД, Норве­гия­дағы «Бейбітшілік үшін саяхат» қоғамдық қорының жетекшісі: – Біздің қоғамдық қорымыз­дың құрылғанына биыл – 33 жыл. Мақтанды демеңіздер, біреуміздің көру, екіншіміздің есту қабілетіміз төмен болғаны­мен, веложорықта тәжірибеден кенде емеспіз. Осы вело­жорық­тар арқылы әлемде бейбітшілік ісін насихаттау басты па­ры­зымыз болғандықтан, Қазақ­стан­ның ел тәуелсіздігінің 20 жылдығымен  бірге кеңінен ата­лып өтіліп жатқан Семей атом полигонының жабыл­ғанына да 20 жыл толуына арналған бір игілікті шараны өткізуді өзіміздің басты бо­рышымыз деп есептедік. Сонша уақыттан бері бейбітшілік насихатшысы болып келе жатқандықтан, сіздердің басшыларыңыздың – Нұр­сұлтан Назарбаевтың әлемде бейбітшілікті ор­нық­тыру жө­ніндегі әркездегі тың бас­та­маларынан толықтай хабар­дармыз. Солардың бірі 12-13 қазан күндері өтетін «Яд­росыз әлем» форумы бол­мақ. Енді, міне, «Семей – Алматы – Астана» бағы­ты­мен екі мыңнан астам шақы­рым жол жүріп өткенде оның қазіргі заманның қайраткер басшысы екендігіне көзіміз әбден жетті. Яғни, есту бір басқа да, көру тіптен де бас­қаша екен. Мұндағы халық­тар достығы мен ынты­мақ­тастығы, экономикалық өр­леу, бейбітшілік ісіндегі тың бастамалар қолдауға, басқаға үлгі етуге әбден лайық деп білеміз. Сондықтан Нұрсұл­тан Назарбаевтың канди­да­ту­ра­сын Нобель сыйлығына ұсы­нып, соның бірден-бір на­сихатшысы болсақ деген ойдамыз. 1945 жылдың 6 тамы­зын­да АҚШ тарапынан Жапо­нияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына алғашқы атом бомбалары тасталған бо­ла­тын. Енді 29 тамызға келетін болсақ, 1949 жыл­дың дәл осы күні Семей өңірінде алғашқы сынақ жасалса, ал 1991 жылдың дәл осы күні ол сіздердің бас­шы­ларыңыздың батыл қа­да­мымен мәңгілікке жабылды. Нұрсұлтан Назар­баев­тың ұсы­нысымен БҰҰ-ның 29 тамызды Ядролық сы­нақ­тарға қарсы халық­ара­лық іс-қимыл күні деп жа­рия­лағанына да биыл, міне, екі жыл болды. Ядролық сынақ аймағына жаяу жорық ұйымдас­ты­рыл­ғанын бізге Семей қала­сы­ның әкімі Айбек Кәрімов айт­қан еді. Иә, бәріміздің мақ­сатымыз бір. Кешегі атом полигоны енді достық поли­гонына айналсын деп тілейік!