Қазақстан • 09 Тамыз, 2017

Жастар мал бағудан неге қашады?

602 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту – бүгінде ауыл шаруашылығы саласындағы басым бағыттың бірі. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да ет өндірісі мен өңдеуді дамыту, ет экспортын ұлғайту міндеттері қойылған. Ал атам қазақ «мал баққанға бітеді» дейді. Шындығында, бұл саланың жанданып, мал басының өсуіне осы шаруамен түбегейлі айналысатын, нағыз малшы-жұмысшы мамандардың көп болуының да әсері зор. Ал қазіргі таңда атакәсіпке мойын бұрған жастарымыз аз. Тіпті, ауыл тірлігінен ат-тонын ала қашатындарды көргенде, амал жоқ, ауыл шаруашылығының келешегіне алаңдайсың. Себебі, мұның бәрі айналып келгенде, мал шаруашылығы саласының өрісін кері тартып, бірқатар мәселе туындатып отыр. Төмендегі мақалада әңгіме осы жөнінде өрбиді.

Жастар мал бағудан неге қашады?

Ата кәсібіміз мал шаруашылығы ұлттық экономиканың маңызды салаларының бірі. Өркениетті заманға бет бұрдық деп ғасырлар бойы тіршілігінің тірегіне айналған мал өсіру кәсібінен жирену дұрыс емес деп ойлаймыз. Ер-азаматтар ауыр жұмыстан қашпай, ауылда болса мал бағып, қалада болса кәсіпорындарда жұмыс істегендері жөн. Әсіресе, қаймана қазақ үшін ауылды қалпына келтірмей, ештеңеге қол жеткізу мүмкін емес. Бұл, міне, өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен Әбдеш Имаханов ақсақалдың ұстанымы. 
– Тәуелсіздік алған жылдары нартәуекел деп «Әбдеш ата» қожалығын аштым, – дейді Әбдеш Имаханов ақсақал. – Содан бері қыздарымды еңбек етуге, ұлдарымды ауыр жұмыс істеуге үйреттім. Қасқабұлақтың жанында Шиліөзек деген жер бар, Абай ауданына қарайды. Семейге іргелес Бородулиха ауданынан алты бөлмелі жер үйді көшіріп әкеліп, Шиліөзектегі мал бағатын көмекшілеріме баспана етіп салып бердім. Өзім ол кезде 70-тен асқан шағым еді. Қартайдым деп қол қусырып отырамын ба? Шаруа қожалығын ашқан кезімде 100-ге жуық саулық болды. Қазір, міне, 600 қой-ешкі, 100-ден артық сиыр бар. Жылқы басы да өсіп келеді. Бір өкініштісі, дәл қазір шопан таяғын ұстайтын малшы жоқ. Жастар малға барғысы тұрмақ, қарағысы да келмейді. Не істейміз? Ол үшін баяғы кеңестік кезеңдегідей ауылда кәсіптік-техникалық училище ашу керек. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Мәселен, Абай ауданының орталығы Қарауылда училище бар. Онда тек механизаторларды дайындайды. Соның жанынан неге шопан, малшы, оның ішінде жылқышы, қойшы дегендерді оқытатын арнайы бөлімдер ашпасқа?! Біз мал өсіргеннен кейін, оның етін ғана сатпаймыз, жүні мен терісі де кәдеге жараса дейміз. Біраз бұрын, төрт-бес жыл шамасында Қарауылда «Бикар» деп аталатын жүн қабылдайтын цех ашылды. Бірақ, жүн сатып алатын ақшасы болмай, қазір тоқтаңқырап тұр.

Әбдеш ақсақал жоқшылықпен, кедейшілікпен бала кезінен арпалысып өскендіктен, еңбек етуге бұғанасы қатпай жатып ұмтылған екен. Абай ауданында туып-өскен ақсақалдың жасы бүгінде 90-ға келіп отыр. Ұлы Отан соғысына ауыл азаматтары аттанғанда, 55 жастағы әкесі Имахан Қарағандыға тыл жұмысына жіберіледі. Әбдеш бала да 1942 жылы әскерге шақырылғанымен, Семей қаласынан жасы жетпейді деген себеппен ауылына кері қайтады. Сол күннен-ақ бұл кісінің тылдағы еңбек күндері басталады. Байқап қарасаңыздар, мал шаруашылығының проблемасын бекерден-бекер айтып отырған жоқ. Өйткені, бәрін де басынан өткерген. Ауданның экономикасын көтеріп, Мұхтар Әуезов атындағы кеңшар деп аталатын Қасқабұлақ ауылының асыл тұқымды шаруашылық атануына бірден-бір үлес қосқан да осы кісі.

Тіпті, қазір елдің бәрі заңгер, мұғалім болып кеткендіктен, шопан деген өз алдына, зоотехник, мал дәрігері деген мамандар да көзден бұл-бұл ұшты дейді қария. Босқа айтып отырған жоқ, бұл ретте де Әбдеш ағаның тәжірибесі мол. Өзі қай ауыл­да болсын, сол ауылдың жастарының білімді болуына ықпал етуге тырысты. Ал бүгінгі таңда жастардың ауыр еңбектен, мал бағудан қашатындығы оны қатты қынжылтады. 

– Елдің бәрі заңгер бола ма сонда? Қазақтың адал асы ет пен сүт қайдан келеді? Мәселен, мен жем-шөпті сатып аламын. Дайындап алу үшін техника жоқ. Механизатор маман тапшы. Балаларымның мал бағудан қолы босамайды. Көпжылдық шөп еккім келеді-ақ, 200 гектарға дейін, бірақ, оны күтіп-бағуға келетін жастар қайсы? Сонау бір 1970-1980 жылдары Арқатта жүргенде жоңышқа ектім, қызығын бүкіл ауыл болып көрдік. Міне, осындай тәжірибелермен неге бөліспеске? Тың көтерілді. Мәскеуге, Орталыққа дейін қой етімен қамтамасыз еттік. Соның бәрі қайда қазір? Неге ескерілмейді? Тіпті, кеңестік кезеңнен бұрын Құнанбай атамыздың заманын алып қарайықшы. Оразбай деген бай болған. Сол атамыз Шұнай тауының сайына жылқысын толтырады екен. Сай толса, жылқы түгел. Сол кезде ел ауызында «Шұнай, Шұнайды маған берген құдай»  деген Оразбай байдың сөзі сақталып қалады. Оразбайдың үш мың жылқысы болыпты. Мал бағу ата кәсіп, ендеше, неге жастарымызды осыған бағыттамасқа?! Ол кезде тері, жүн деген далада қал­майтын. Кеңестік кезеңде Семейде жүн қабылдайтын, жүнді алғашқы өңдеу кәсіпорны жұмыс істеді. Үш ауысымда жұмыс істегендіктен халық жұмыспен қамтылып, қаланың жеңіл өнеркәсібі керемет дамыды. Текемет те шықты, пима да басты. Ал қазір жүнді қайда өткізерімді білмей, дал болып отырмын. Жүн алатын жер жоқ. Теріге келсек, тіпті қиын. Семейдің тері-мех зауыты әлі толық істемей тұр, еріксіз сиыр терісін килосын 200 теңгеден өткізсек, қой терісі су тегін. Қойдың терісін тастай саламыз, не тегін бере саламыз. Басқа амал жоқ, – дейді Әбдеш ақсақал. 

Сойған малды Семейдегі «Северный» солтүстік логистикалық орталығына өткізіп, сонда өздері отбасы болып саудалайды екен. Сататын малы да жас тоқты, қозы, семіздігі өз алдына, еті өте дәмді, тіл үйіреді. Сиыр етін 1200 теңгеден берсе, жылқы 1500 теңгеге өтеді. Етті қала халқы арзандығына қызығып, талап алып кетеді екен. Себебі Семейде де ет қымбат. Кәрі қойдың етінің ең арзаны 2000 теңгенің үстінде. Және тағы бір проблема – Шиліөзекте орналасқан шаруа қожалығында жарық жоқ. Аудан әкімдігі 2020 жылға дейін электр желісін тартып береміз деп уәде қылса керек. Енді тек соны күту ғана қалды, дейді ақсақал. Жастарды ауылға тарту үшін ауылға лайықты кәсіптерге басымдық беру керек. Оларға ағылшын тілі қажет емес. Малдың жайын оқытса болғаны.  
 Әбдеш Имахановтың соғыс уақытын­дағы еңбегі мен шаруашылықты басқару кезіндегі атқарған жұмыстары үкімет тарапынан жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. Жұбайы Төлеуғайша апамен бірге 10 бала, 37 немере, 24 шөбере өсіріп-жеткізген қасиетті шаңырақ иесі. Төлеуғайша әже «Батыр ана», «Алтын алқа» медальдерінің иегері. 

Ең бастысы, еліміз тыныш, бірлігіміз берекелі болсын. Дастарқанымыз ортаймасын. Ол үшін жастар ата кәсіптің қыр-сырын меңгерсін. Бұл енді мемлекет тарапынан жеке қолдау, бағдарлама ретінде қолға алынғаны жөн, дейді бүкіл өмірін адал еңбекке арнаған ақсақал. 

Раушан НҰҒМАНБЕК
СЕМЕЙ