Үкімет • 14 Тамыз, 2017

Ынтымақтастыққа ықылас зор

230 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев елімізге жұмыс сапарымен келген Беларусь Республикасының Премьер-министрі Андрей Кобяковпен кездесті.

Ынтымақтастыққа ықылас зор

Басқосуда екіжақты ын­ты­мақ­тастықтың өзекті мәселе­лері, соның ішінде сауда-эко­но­микалық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту бойынша 2017-2018 жылдарға арналған бірлес­кен шаралардың жоспарын іске асыру барысы талқыланды.

Жиында алдымен Бақытжан Са­ғынтаев сөз сөйлеп, Қа­зақ­­стан-Бела­русь қарым-қаты­насы жыл санап ілге­рі­леп, дамып жат­қанын атап өтті. «Екі ел ара­сын­дағы түрлі сала­дағы байланыс­тар достық пен ынтымақтастық рухын­да қар­қынды түрде өркендеп келеді. Осы орайда біздің елдер­дің көшбас­шы­ларының рөлі ай­рықша. Қазіргі кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мин­скіге сапарына қызу дайын­дық үстіндеміз. Мемлекет бас­шысының сапары Қазақстан-Бе­ларусь қатынастарын бұрын­ғы­дан да ілгерілете түсуге елеулі серпін береді деп болжап отырмыз», деді Б.Сағынтаев.

Өз кезегінде Андрей Кобя­ков Қазақ­стан тарапының қонақ­жай­лығы үшін алғысын білдірді. «Биыл – елдеріміз үшін мерей­тойлы жыл. Біз 25 жыл бұрын дипломатиялық қатынас­тарды ор­нат­тық. Осы уақыт аралығында ынты­мақ­тас­ты­­ғымыз стратегиялық мәнге ие болды. Қазақстан – біз­дің маңызды әрі сауда ай­на­­лымы көлемі бойынша се­німді серіктесіміз, сіздермен екіжақты, сондай-ақ, интегра­­циялық тұрғыда әрі халық­аралық ұйымдар аясында жоға­ры деңгейдегі өзара іс-қимыл­дарды қолдап келеміз», деді Беларусь үкіметінің басшысы.  

Басқосуда екі тарап Сауда-эко­но­микалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Беларусь үкіметаралық комис­сиясы қызметіне қатысты мәселе­лерді қарады және биыл қыркүйек айын­да Қазақстанда өтетін комиссияның кезекті 13-отырысын талқылады. Содан кейін мамыр айында Қазан қаласында ТМД елдерінің Үкімет басшылары кеңесінің отырысында қол қойылған, «Қазақстандық Токамак» базасындағы тәжі­рибелік кешенді бірлесіп пайдалану туралы келісімнің іске асырылу жағдайын сөз етті.

Тараптар Еуразиялық эко­но­микалық одақ аясында өзара іс-қимыл жасасу мәселелеріне назар аударды. Өнер­кәсіптік са­лада, көлік және коммуника­циялар, сондай-ақ, ғарыш саласында ынтымақтастықты кеңей­­ту мәселелері қаралды. Шара соңын­да Б.Сағынтаев пен А.Кобяков ЭКС­ПО-2017 көр­месі мен Астанада құ­ры­ла­тын Стартап-хаб аясында бір­лес­кен жобаларды іске асыру келеше­г­ін тал­қылады.

Екі елдің Премьер-министр­лері Ба­қытжан Сағын­таев пен Андрей Кобя­ков­тың кездесуі бірқатар екіжақты келі­сімдерге қол қою рәсімімен жалғас­ты. Қазақстан Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атам­құлов пен Беларусь Ұлт­тық ғылым акаде­миясының төралқа төрағасы Влади­мир Гуса­ков ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынты­­мақтастық туралы үкімет­аралық келісімге қол қойды.

«Хабар» агенттігі» АҚ бас­қарма төр­айымы Ал­ма­гүл Ахмет­жанова мен Белте­ле­ра­диоком­пания төрағасы Ген­на­дий Да­выдько ынтымақтастық тура­­лы келісімді бекітті. Соны­мен қатар Қазақстан Сыртқы сау­да палата­сының басқар­ма төрағасы Аян Еренов пен Бе­ларусь Сауда-өнер­кәсіп палата­сының төраға­сы Владимир Улахович ынты­мақ­тастық туралы келісімге қол қойды.

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»