– Осынау атаулы күннің қарсаңында «Сырым батырдың үзеңгісі табылды!» деген қуанышты хабар жетіп жатыр, – дейді оралдық белгілі өлкетанушы Қайыржан Хасанов ағамыз бізге хабарласып. Үзеңгі қазір Алматы қаласында тұратын Қайыпберген Дүйсеновтің үйінде сақтаулы екен.
Қайыпберген Дүйсенов Қарақалпақ топырағында туып-өскен. Кешегі Одақ тараған қиын кезеңде антиквар заттарды алып сатумен айналысыпты. Сол жылдары Хорезм облысы, Гүрлен ауданынан бір өзбек кемпір келіп, «Қайып атаның күміс үзеңгісі аталарынан бері сақтаулы екенін» айтқан. Қайып ата – Хорезм өңіріне белгілі зиярат, жергілікті жұрт әулие санайтын орын екен. Содан бері құнды жәдігер Қайыпбергеннің шаңырағында сақталып келген.
Осыдан бірнеше жыл бұрын профессор Мұрат Сыдықов бастаған батысқазақстандық ғалымдар кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп, архивтер мен тарихи орындарды сүзіп шыққан еді. Зерттеу мақсаты – Сырым Датұлының жерленген жерін анықтау болатын. Ғалымдар «Өзбекстан Республикасы, Хорезм ауданы, Гүрлен елді мекеніндегі жергілікті жұрт «Ғайып ата» деп атап кеткен әулиелік орын – Сырым Датұлынікі болуы керек» деген тұжырым жасады. «Ғайып ата» – аңыз бойынша бір түнде пайда болған зират, Сырым Датұлының аты-жөні аталмауы жат жерде қаскөйлер тарапынан қабірге қастандық жасалмауы үшін жасалған амал екен.
Міне, сонымен ел аузындағы аңыздар шындыққа сай келсе, әйгілі Сырым батырдың үзеңгісі табылып отыр. Батырдың ажалы «үзеңгісіне у жағылғаннан болған» деген сөз бар. Бұл дәл сол үзеңгі ме, оны бір Алла ғана біледі.
– Біз Қайыпберген Дүйсенов, оның қолындағы үзеңгі туралы хабардармыз. Биыл қыркүйекте Сырым батырдың туғанына 275 жыл толуына орай Жымпитыда өтетін мерекелік шараларға Қайыпберген ағамызды арнайы шақырып отырмыз. Бұйырса, бұл бұйым біздің музейдің ерекше қастерлі жәдігеріне айналады, – дейді Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы