Сурет: ru.sputniknews.kz
Оның ажырамас бір бөлігі – Монмартр. Небір өнердің тоғысқан өлкесіне айналған ғажайып ауданға әлемнің түкпір-түкпірінен талантты суретшілер, ақындар мен музыканттар ағылып жатады. Монмартрдың осындай әдемі лебі Астанаға да жетті.
ЭКСПО көрмесіндегі ең үлкен павильондардың бірі – Франция елінікі. Кеше осы алып аумақта француздардың өнер күні аталып өтті. Соның аясында француз суретшілері мен қазақстандық қылқалам шеберлері жиналып, Францияның ең көрікті орындарының бейнесін салды. «Өнер күнінде Астана мен Париждің әдемілігін әлемге таныстырмақшы болдық. Біз Франциядан ешқандай суретшіні арнайы шақырған жоқпыз. Бірақ Астанаға арнайы екі Париж суретшісі келді. Олардың шабытына себеп болған – қазақтың шалқар даласы», деді Француз павильонының бас комиссары Паскаль Лоро.
Парижден арнайы келген суретшілердің бірі – Сильви Тузери. Ол Қазақстанға алғаш рет келіп отыр екен. Қазақстан туралы, онда өтіп жатқан ЭКСПО көрмесі туралы өз елінде естіген ол осында келуге асығыпты. «Қазақ елі мені ерекше ынтықтырып, шабытымды оятты. Қазір өзіме ұнаған дүниелердің бәрін қағазға түсіріп жүрмін. Дәл қазір Қазақстанның «Нұр Әлем» павильонының бейнесін салып жатырмын. Арасында Бурабайға, Шарын шатқалына да барып келдім. Алған әсерім керемет. Кейін Қазақстан туралы, оның тамаша табиғаты жайында жеке суреттер сериясын шығару жоспарымда бар», дейді суретші.
Францияның өнер күніне қатысушы қазақстандық суретшілердің ішінде Құсманбек Омарұлы да бар. Оның есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Алматы көркемөнер училищесін бітірген ол университеттен кейін «Қазақфильм» киностудиясына жолдама алған. Ол қазақтың анимациялық фильмдерін түсіруге көп үлес қосып жүр. Құсманбек өнер күнінде Париждің көркем көріністерін бейнелейтін бірнеше
туындыны дүниеге әкелді.
Бұдан өзге, суретші әрі карикатурашылар Әділғали Баяндин, Әлия Айтжанова, Айтолқын Жантемірова, Мүсілім Сарин сынды таланттар әртүрлі портреттерді жасап шығарды. Ал келуші қонақтар өздеріне ұнаған суреттерді таңдауға мүмкіндік алды.
Бұл күні Франция павильонын көруге келген көпшілік құр қайтқан жоқ. Павильон туралы сұрақтарға дұрыс жауап бергендерге ұйымдастырушылар сый-сыяпат көрсетіп, кәдесыйлар таратты.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»
суреттерді түсірген
Орынбай Балмұрат,
«Егемен Қазақстан»