ЭКСПО-2017 • 17 Тамыз, 2017

Сакура елінің сәлемі

439 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО көрмесінің өтіп жатқанына да екі айдан асты. жұрт ендігі қай елдің павильоны ерекше екенін есте ұстап, ой түйген де болар. Қазақтың төрі – Астанада тігілген павильондардың ішінен Жапонияның павильоны жүрегімізге ерекше жылылық ұялатқаны рас. Неге дейсіз ғой? Жапондар көрмеге арналған күллі шарасын тек қазақ тілінде сөйлетіп, таныстырып отыр. Осы арқылы олар қазақ халқына деген шексіз құрметін сездіріп отырғаны анық.

Сакура елінің сәлемі

Жапония ЭКСПО көр­ме­сіне мықтап дайындалыпты. Павильонды таныстыра­тын 40 жасты конкурс арқылы таң­дап алған. Оларға қазақ тілін білу міндеттелген. Стендші ұл-қыздар тым болмаса, сәлем­де­су, қоштасу, алғыс білдіруді қа­зақша айтуы тиіс болған.

Жапон павильонында қазақ тіліне судай екі жапон қызы бар. Соның бірі – Мизуки Козаса. Ол Токио шет тілдері университетін бітірген. Қазір осында магистратурада оқиды. Қызығы сол, Мизуки осы оқу ордасының «қазақ халқының этнографиясы» факультетінде білім алыпты.

«Мені ислам діні, шаманизм ерекше қы­зық­­тырады. Осы жөнінде ақ­параттарды интернеттен қа­рап отырып, қазақтар туралы мәліметтерге кезіктім. Қазақ тілін үйренуге деген құштарлығым осыдан басталды. Тіл үйрену үшін сонау Жапониядан Алматыға арнайы келіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дайындық тобында бір жыл оқыдым. Тілді де осы кезде үйрендім. Қазір қазақ достарым да көп», дейді Мизуки.

Ол қазақ пен жапон дәстүрі­нде ұқсастықтар көп екенін айтады. Әсіресе, үлкенді құрмет­теу, кішіге ізет көрсету, барға – қанағат, жоққа сабыр ету секілді адамгершілік пайымдарды жапондар да жақсы сіңірген. Мизукидің айтуынша, жапон тілінде «моттайнай» және «ариготай» деген сөздер бар. Жапондықтардың түсі­нігінше, бұл кез келген нәрсені шүкіршілікпен қабылдап, қолда барды ұқсатып, жоққа тарылмау деген сөз. Бұл қағи­дат Жапонияның энергияны тұты­нуына да қатысты айтылады. Себебі, бұл елдің табиғи ре­су­рс­­тары аз. Сондықтан, Жапо­ния баламалы энергия саласына айрықша мән беріп, бұл са­ладағы технологияны тиімді дамытып келеді.
 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»

суреттерді түсірген

Орынбай Балмұрат,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар