Бизнес • 18 Тамыз, 2017

Биыл Қарағанды облысында астық түсімі айтарлықтай болмайды

434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Қарағанды облысында аст­ы­­­­қ түсімі 2016 жылмен салыс­ты­р­-ғанда, анағұрлым төмен болуы мүм­кін. Оның себе­бін Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы бас­қар­ма­сы­ның бас­шысы Юр­жан Бекқожин ыл­ғал­дың же­тіс­­пеу­ші­лігі салдарынан деп есеп­тей­ді. 

Биыл Қарағанды облысында астық түсімі айтарлықтай болмайды

Айталық, былтыр бір гектардан 14 центнер астық жиналған. Ал биыл астық өнімділігі әр гектарынан 7-8 центнерді құрайды. Аталған көрсеткіш орташа жылдық норманың шегінде болып отыр. Мол жаңбырдың болмауы ас­тық­т­ың өсіміне кері әсерін тигізген. 

Сондай-ақ, биыл аймақта картоп ба­ғасы шарықтап кеткен болатын. Нан­нан кейінгі маңызды ас саналатын ол өнімнің де құнын қадағалап отыру аса маңызды. Осы мақсатта Қарағанды облысы биылғы жылы картоп өндіруші шаруашылықтар жинаған өнімдерінің бір бөлігін резервке сақтамақ. 
Сонымен қатар, аймақ басшысы Ерлан Қошановтың тапсырмасы бойын­ша ауыл шаруашылығы басқармасы кәсіпорындармен меморандум құруды көздейді. Басты мақсат – көкөніс өнім­де­рінің бағасын тұрақты сақтап қалу. Нұра ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Шахтерское» ЖШС-нің көкөніс қоймасын қарап шықты. Ерлан Қошанов мемлекет тарапынан қол­дау алып отырған ауылшаруашылық өнім­де­рін өндірушілерге жауапкершілік туралы ес­кертті. Кәсіпорын жетекшісі Георгий Прокоп олардың тарапынан қажетті мін­де­ттемелер орындалатынын жеткізді. 
– Кейбір кәсіпорындар жинаған өнім­дерін сыртқа толықтай сатып жібе­ре­­ді. Біз өз аймағымыздың мүд­де­сін, об­лыс тұрғындарының жағ­дай­ын ойлау­ымыз қажет, – деп атап өтті Ерлан Қошанов. 

Биылғы жылы облыста 14 мың га жер­ге картоп егілген. Аймақта бұл кө­көніс түрін ауылшаруашылық өнімін өн­діруші 38 кәсіпорын өсіреді. 
– Біз ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілермен өнімдерінің 5%-ын қорға сақтап қою туралы келісім жасадық. Сонан соң дүкендерде ол өнім тұрақты бағамен сатылатын болады. Екі нұсқа бар – тікелей және тұрақ­тан­дыру қоры арқылы. Қазіргі таңда шаруашылықтардың 60 пайызымен меморандум қабылданды. Және ол жұмыстар жалғасуда, – деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожин.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы, 

Нұра ауданы