Экология • 26 Сәуір, 2024

Каспий жағалауында итбалық өлекселері табылды

152 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында Каспий теңізінен итбалық өлекселері табылды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Каспий жағалауында итбалық өлекселері табылды

Фото: ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті

25 сәуірде Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалауын тексеру барысында Түпқараған ауданында 12 итбалық өлексесін тапты.

Инспекция мен жергілікті атқарушы органдардың, Гидробиология және экология институтының өкілдерінен тұратын жұмыс тобы зерттеу жұмыстарын бастады.

«Итбалық өлекселері шіріп кеткен, бұл олардың өлімі шамамен қыс мезгілінде болғанын білдіреді. Олар 23 сәуірде басталып, бүгінгі күнге дейін батыстан соғып тұрған дауылдың салдарынан жағаға шығып кеткен.

Бұл ретте, Гидробиология және экология институтының қызметкерлері тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін ішкі ағзалардың тіндерін, сондай-ақ азу тістерін ішінара іріктеп алды», делінген хабарламада.

23-24 сәуір аралығында инспекция Гидробиология және экология институтының қызметкерлерімен бірлесіп, Каспий теңізінің жағалауын тексеру кезінде 67 итбалық өлексесін анықтады, олар да шіріген күйде табылды.

2024 жылдың 29 наурызы мен 25 сәуірі аралығында барлығы 182 итбалық өлексесі табылды.