Облыстық ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полковник Амангелді Мұхаметқалиев пофилактикалық жұмыстарда қызметкерлерді тұрғындарға ұрылар құрбаны болмауын түсіндіруге, оның тәсілдерін үйретуге бағыттап отырады.
Полковниктің айтуынша, жыл басынан бері Қостанай облысында 1579 пәтер ұрлығы тіркелген. Жаз айларында ұрылар үйлерге терезеден, балконнан кіріп отырады. Пәтер ұрлығына негізінен үй иесінің салғырттығы да себеп болып жатады.
«Ұрлыққа жол бермеу үшін терезе, есікті мықтау керек, сапалы құлыпты, сигнализацияны пайдаланған дұрыс. Үйден аз уақытқа кеткеннің өзінде есік, терезені мықтап жабуды әдетке айналырған дұрыс. Қауіпсіздік үшін жұмсаған қаржы ұрланған заттан әрқашан арзан. Халқымыз, «өзіңе өзің мықты бол, көршіңді ұры тұтпа» деп ескерткен, осы қағида әр кез есте болуы тиіс», – дейді А.Мұхаметқалиев.
Қазір облыста 1400-ден астам үй, пәтерлер күзет фирмаларының қызметін пайдаланады.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ