Аймақтар • 20 Тамыз, 2017

Рудный қаласының 60 жылдығы аталып өтті (фото)

596 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Рудный қаласына 60 жыл толды. Қаланың бар тарихы, жетістіктері театрландырылған көріністер арқылы рудныйлықтар мен қала қонақтарына ұсынылды.

Рудный қаласының 60 жылдығы аталып өтті (фото)

Осыдан 60 жылдан аса уақыт бұрын осы жерден темір кені табылып, соған орай Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігі алғашқы кенді қаза бастағанда, қаланың да іргесі қаланған болатын. Алғашқы кезде комсомолдық жолдамамен алып құрылысқа келген жастар, шатырларда тұрды. Қала аға ұрпақ өкілдерінің көз алдында өсті, гүлденді. Қазір қаланың 130 мың тұрғыны бар. Бір кен алыбы кәсіпорнында ғана 18 мың адам жұмыс істейді.

Қаланың мерейтойлық мерекесіне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысып, рудныйлықтарды мерекемен құттықтады. «Қала құраушы Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің ырғақты жұмысының арқасында оны қазір тек еліміз ғана емес, одан тысқары жерлер де жақсы біледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кен кәсіпорнына, ондағы еңбек адамдарының өміріне ылғи назар салып отырады, жақсылықтарына, табысына қуанады. Қазір кәсіпорын елімізді инновациялық дамыту бағдарламасына қатысып отыр, миллиондаған тонна кен өндіруде. Қалада түрлі экономикалық, әлеуметтік жобалар жүзеге асып жатыр, жолдар салынып, үйлер тұрғызылды. Осының барлығы да кеншілер қаласының еліміздің гүлденуіне қосып отырған үлесі деп білеміз», – деді Архимед Бегежанұлы.

Бұдан кейін облыс әкімі Рудный қаласының өсуіне, гүлденуіне үлес қосып келе жатқан майталмандарға «Рудный қаласының 60 жылдығы» медалін табыс етті. Қала мерекесі концертке, рудныйлықтар мен қонақтардың жаппай қыдыруына, демалысына ұласты.

Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Рудный