Агенттік өкілдері Флоренс деп аталатын аспан денесінің Жерге ешқандай қауіп тудырмайтынын алға тартуда. Олар астероидтің ұшу бағытын көрсететін видеоролик әзірледі. Диаметрі шамамен 4,5 шақырымды құрайтын астероид Жерден 7 млн шақырым қашықтықта ұшып өтеді.
«Жерге бұдан да жақын қашықтықта ұшып өткен астероидтар болған, алайда, олардың көлемі бұдан кіші. Флоренс – NASA агенттігінің Жерге жақын аспан денелерін анықтау мен бақылау бағдарламасы іске қосылғалы бері анықталған ең ірі астероид саналып отыр», – дейді агенттік өкілі Пол Ходас.
Бұған дейін Флоренс астероиді Жерге 1890 жылы жақындапты. Ал биыл тамыздың соңы мен қыркүйектің басында оны телескоп арқылы көруге болады.