ЭКСПО-2017 • 20 Тамыз, 2017

Корея павильоны балаларға велосипед үлестірді

453 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ізгілік иірімдері

Корея павильоны балаларға велосипед үлестірді

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында Оңтүстік Корея павильоны ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға велосипед үлестірді. Қайырымдылық акциясы шеңберінде табысталған велосипедтерді тарту етуде көрме қонақтарының да үлесі зор.

Аталған шара Корея павильоны корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы аясында жүргізілді. Аз уақыт бұрын Корея павильонының үшінші қабатында көрме қонақтарына велосипед құрастыру бойынша қайырымдылық акциясына қатысу туралы ұсыныс жасалған болатын. Яғни, павильон қонақтары генератордан «энергетикалық дән» өндіретін арнайы ойынға қатысты. Энергетикалық дән генератордың панелін басқан сайын өндіріледі. Әрбір жиналған 5 мың дән үшін бір велосипед беріледі.

энергетикалық дән

Нәтижесінде жиналған 32 велосипедті тарту ету үшін павильон өкілдері «SOS Қазақстандағы балалар ауылына» арнайы ат басын бұрды. Шараға қатысқан Корей агенттігі сауда және инвестициялар бойынша клиенттерді қолдау қызметінің басшысы Сон Сок Ги қайырымдылық шарасына белсене қатысқан қонақтарға алғысын білдірді.

«Балалар, сіздер осы қайырымды қала тұрғындарымен бірге мықты адам болып өсетіндеріңізге сенемін. Болашақтың нағыз энергиясы – өздеріңіз. Корея туралы әрдайым жақсы әсер қалдырғымыз келеді», деді Сон Сок Ги.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, игі іс «ЭКСПО-2017» көрмесі аяқталғанға дейін жалғаспақ. Әрі көрме қонақтарымен бірге өндірілетін велосипедтердің санын 50-ге жеткізуді межелеп отыр. 

Корпоративтік балалар ауылының директоры міндетін атқарушы Дана Егешбаева Қазақстандағы SOS балалар ауылында бүгінде 300-ге жуық бала тәрбиеленіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік ұйым мұқтаж балалар мен отбасыларға қолдау көрсету мақсатында түрлі жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асырып келеді.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»