Түкті кілем төсегендей, шалғыны белуардан келетін даланың сұлулығын бұрынғы ауылдастар сағынып-ақ жетіпті. Әр жерде түтіндеп жатқан қазан-ошақ, самаурын, сәнденген қыз-келіншектер табиғаттың бояуын қалыңдата түскендей, «өлген» Тастыөзек қайта тірілгендей әсер етті. «Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» 90-шы жылдардан бері тіршіліктің иірімінен шыға алмай, көріспеген ауылдастардың сағынышын көрсеңіз!.. Жасы сексеннен асқан Қапар Әлмағамбетов, Бозғали Боранбаев сияқты ақсақалдар денсаулығына да қарамастан «Тастыөзектің көгалына бір аунап қайтсам арманым жоқ» деп келіпті. Олар сияқты өзге де қалт-құлт еткен қарттарды балалары сүйемелдеп әкеліп, көгалға жайғастырып жатты. Құрманғазы оркестрінің дирижері де, директоры да болған Еркебұлан Мүсірепов ауылына 50 жылдан бергі сағынышын жасыра алмады. Ол үшін ауылының әр қайыңы судырлап, құс біткен ән салғандай болды. Мұндай көңіл-күйді кездесуге жиналған 600 адамның әрқайсысы басынан өткерді десе болады.
Тастыөзек – Қарабалық ауданындағы «Бөрлі» кеңшарының бөлімшесі болғанымен, үлкен ауыл еді. Кеңес Одағы жылдары Қостанай облысындағы саусақпен санарлық қазақ мектебінің бірі де осы Тастыөзекте орын тепті. Мұндағы қазақ орта мектеп-интернатынан Қарабалық қана емес, оған жақын аудандардағы ауыл балалары білім алды. Білім ұясы талай жақсыларды түлетіп ұшырды. Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің лауазымды қызметкерлері, профессорлар Нұржан Боқаев, Жангелді Айтқожин, Жанғабыл Жантілесов және қарағандылықтар Мейрам мен Қайрат Исмаиловтар осы аядай ауыл мектебінен түлеп ұшқан түлектер болатын. Дін аяқасты болып, тіліміз босағадан қарап қалған жылдары Тастыөзек сахараның шөліндегі оазис секілді, орысы ормандай Қарабалық ауданындағы халқымыздың дәстүрі мен салтының, әні мен жырының ұясындай болған еді.
– Мен Тастыөзек ауылында туып, ер жетіп, білім алып, маман болып қалыптасып, үбірлі-шүбірлі ана, әже болған адаммын. Мектепте бастауыш сыныптар ғана қалған кезде 2007 жылы жұрттың соңын ала аудан орталығында ашылған қазақ орта мектебіне тарих, география пәнінен сабақ беруге кеттім. Тастыөзек ауылында екі адамның жанжалдасқанын, көршілердің бірін-біріне қырын қарағанын, араз болғанын көрмеппін. Ауылдастарда ондай түсінік болмаған да шығар. Қазақтың дәстүр-салтының барлығы сақталды. ауылдастар құда-жекжат, апа-жезде, жеңге, қайын, қайнаға, күйеу, абысын-ажын, нағашылы-жиен болып араласатын. Ауылдың барлығы әзілкеш, бір-бірімен ойнамайтын, әзілін көтермейтін ешкім болмайтын. Тастыөзектіктер сөздің түбін түсіретін, ақсақалдарымыз бен әжелеріміз шетінен шежіре еді, жас балалардың шұрайлы тілі осындай ортада қалыптасты. Мектеп пен ауыл егіз ұғым секілді болатын. Мұғалімдер мен ата-аналардың арасы да, жұбы да жазылмайтын, қандай шара да бірге өтетін. Ондай ауылды қалай сағынбайсың?! Алды 30-40 жыл, соңы15-20 жыл көрмегендер жыласып-көрісіп, жыласып тарқастық, мауқымызды бастық,–деп ағынан жарылды Роза Иржанова.
Заманның өліарасындай 90-шы жылдардың зіл батпан қиындығы алдымен ауылдың иығына түскенін жұрт әлі ұмытқан жоқ. Егінін егіп, мыңғыртып мал өсіріп отырған шаруашылықтардың аяғы аспаннан келгенде, «Бөрлі» шаруашылығы мен оның бөлімшесі Тастыөзектің де басына күн туды.
– Мұнда 6 мың гектарға егін егілді, 5-6 мың ірі қара болды. Сүт өндірген едік. Ауылда қырман болды, дән тазалаймыз, элеваторға жібереміз.Ауылда жұмыс істемейтін, бос жүретін адам болмайтын, өмір қайнап жатар еді, – деп еске алады осында еңбек жолын агроном болып бастаған Серғали Әбілғаламов.
Шаруашылық ыдырады, мал кеткен соң сән де кетті, адамдар жұмыссыз қалды. Тастыөзектіктер ауылдан үдере көшкен жоқ, олар алғашқыда Тастыөзектей ауылдың жоқ боларына сенбеді. Шаруашылық әр басшының қолына көшті, ақырында шаруашылық емес, жерді әркім жалға алып алды да, сонымен өмір бірте-бірте қусырыла берді. Тастыөзекте туған, осы ауылда өсіп-өнген 99 шаңырақтан бүгінде 7 отбасы ғана қалды. Үйлердің орны үйіндіге айналды. Ел кеткен соң, мектепте бала қалмады, үлкен мектеп-интернат алдымен 9 жылдық, одан бастауыш болып, ақырында жабылып тынды.
Қазір Тастыөзектен көшкендердің жұпыны жұрты көңіл құлазытады, мұнда кімдердің өткенін бейіт айтып беретіндей...Бірақ осы ауылда туып, ер жеткендердің оны ұмытуы да қиын еді. Осыдан 3-4 жыл бұрын көп жыл аудан әкімдігінде, мәслихатында қызмет еткен марқұм Асылбек Өтешов өзі түлеп ұшқан Тастыөзек ауылының бұрынғы тұрғындарының басын қосып, аруақтарға құран бағыштап, бейітті мал баспайтын етіп, қоршау жұмыстарын жүргізу керектігі туралы бастама айтқан екен. Өзі өмірден ертерек өтіп кетсе де, ауыл патриоты болған азаматтың сөзі жерде қалмай, бұрынғы тұрғындар белсенділік танытып, кездесу ұйымдастырды.
Көлінен безіп ұшқан құстай жан-жаққа тарап кеткен ауылдастар Алматыдан, Қарағандыдан, Астанадан, Ресейден, Қостанай облысының әр шалғайынан келді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей, осы кездесудің алдын ала ауылдағы бейітке күту жұмыстары жүргізілді, мал кірмейтіндей етіп, қоршалды. Ауылдастар аудандық «Ғашура ана» мешітінде ас беріп, аруақтарға құран бағыштатты. 600 кісіні күту оңай ма? Белсенді топтың мал сою, дастарқан мәзірін жасау, киіз үй тігу жұмыстарын тап-тұйнақтай атқарған жұмысынан бұрынғы түтіні қисық ұшпаған тату-тәтті Тастыөзек ауылының соқпағы айқын көрініп тұрды. Сонан кейін ауылдастар Тастыөзек ауылының орнын аралап көрді, қайың көмкерген табиғат аясында ерекше кездесу өтті. Сағынышын арқалап, көп жылдардан кейін алыстан жеткен ағайын жүрек жарды сөздерін айтты. Қостанай облысындағы Қашар кентінен келген бұрынғы тастыөзектік Елжан Сәлімов ақсақал, тастыөзектіктердің мақтанышы, Алматыдан отбасымен келген Еркебұлан Мүсірепов көптен ойда болған сауапты істің сәтімен орындалғанын тебірене жеткізді, ұйымдастырушы азаматтарға шексіз алғысын айтты. Тастыөзекке сағынышы мейіздей қатқан ауылдастар естеліктер тиегін ағытты. Уақыттың жүйрігі-ай, өздері барда бесікте жатқан сәби балалы-шағалы болған, бұрынғы бозбалалар ел ағасы жасына жетіпті, бұрынғы қырықтағы қырма сақалдар таяққа сүйеніп келді. Кешегі тастыөзектіктердің бірін-бірі алғашында танымай қалып, қайта құшақтар айқасқан сәттерді айтсайшы!
– Елімізде киелі мекендер жеткілікті, ал мен үшін қасиетті мекен – ауылым Тастыөзек еді! Бойыма өнер, санама жақсы қасиеттің бәрін дарытқан Тастыөзегім! Бұл ғұмырда есімнен шығара алмаймын! Қартайған шағымда ауаңды бір жұтып, көгалыңа бір аунап, құстарыңның дауысын бір естіп кетуге келдім,–деп тебіренді елімізге белгілі өнер иесі Еркебұлан Мүсірепов ақсақал. Осы кезде ауылдың өнерлі азаматы Марат Айтқожиннің ертеде жазылған, Тастыөзектің әнұранындай болып кеткен «Тастыөзегім» деген әнін алдымен автордың өзі домбыраға қосылып бастап, оны ауданның өнерлі жастары эстрада жанрында жалғастырып айтқанда сағыныш жасы жанарын жумаған жан қалмады десе болғандай.
Тастыөзек ауылы бұрынғы ауылдастар үшін тарих қойнауына кетіп бара жатқандай еді. Жастар жағы «ауылды қайта түлетуге күш салуға да болады» деген патриоттық пікірлер де айтты. Бірақ сол Тастыөзек қайтап орала ма? Бұл кездесу ауылдастар сағынышын басқандай да, ауылмен қоштастырғандай да әсерлі сезім қалдырды. Олар Тастыөзек әркімнің жүрек төрінде жүретінін айтты. Сонымен қатар көпшілік алдағы уақытта мұндай кездесуді дәстүрлі өткізіп тұруға да пәтуаласты. Ауылды түлету сонда айтылар, сондай ұрпақ келер деген де үміт оты жылт етті.
Тастөзектіктер жиналған жарнадан артылған қаржының 335 мың теңгесін аудандық «Ғашура ана» мешітіне, 50 мың теңгесін аудандағы «Қайырымдылық пен үміт сәулесі» қайырымдылық қорына тапсырып, сауап істі де атқарып тарады. Мұндай сауапты іс, асар, «ағайынның аты озғанша, ауылдың тайы озсын» деп, ауылдың намысын жабыла қорғайтын Тастыөзек ауылының қанына сіңген қасиет емес пе еді-ау, шіркін...
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Қарабалық ауданы